Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Енді жанар-жағармайдан таршылық көрмейміз

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі

E-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Жыл сайын көктемгі егіс пен күздегі жиын-терін науқанын «биыл жанар-жағар май жағы қалай болар екен?» деп, күмәнді көңілмен тағатсыздана тосатын диқан қауымның күдігі сейілер сәт те алыс емес. Еліміздің мұнай өңдеу зауыттарын замана талабына сай қайта құрып, жаңғырту нәтижесінде әлемдік өлшемдерге сай келетін өнім шығарумен қатар экономика талаптарына сай оның молшылығын жасау міндеті мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сай жүзеге асырылып келеді.
Көмірсутекті шикізатты өзімізде өңдеп, сапалы мұнай-химия өнімдерін шет өлкелерге жіберу үшін үкіметтің 2006 жылғы «Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мұнай-химия кешенін құру және алғашқы қазақстандық мұнай-химия кешенін құру туралы» қаулысына сәйкес батыс өңірдегі Атырау, оңтүстіктегі Шымкент және солтүстіктегі Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын бір мезгілде техникалық қайта жарақтандыру қолға алынды. Осы орайда бұл зауыттар әр жылдары салынғанын, мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауыты 2015 жылы 70 жылдығын атап өткенін, бұлардың ең жасы Шымкенттің «ПетроКазахстанОйл Продактс» зауыты жуырда отыз жылдық мерейтойын өткізгенін назарда ұстауымыз керек. Соғыс жылдары салынған Атырау зауыты жылына Ембінің 800 мың тонна мұнайын өңдеп келсе, Павлодар мұнай өңдеу зауыты Батыс Сібір мұнайын, Шымкент зауыты Құмкөл мұнайын кәдеге асырды. Жаңа талаптарға сай зауыттардағы техникалық жаңғырту бағдарламасы шикізат сапасына қарамастан, өңдеу тереңдігін арттыру мен ашық түсті мұнай өнімдері шығымын ұлғайтуды көздейді. Бұл өз кезегінде мол инвестицияны ғана емес, сонымен қатар ұзақ дайындықты да қажет ететін үдеріс болып табылатындықтан, әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялардың тәжірибелерін енгізу, жобаның смета­лық нобайын жасау үшін халықаралық талаптарды қолданатын беделді компаниялар тартылды. Сонымен қатар әр зауыттың тиісті құжаттарын әзірлеу барысында жобалық шешімдерді отандық нормалар мен тәртіптерге сәйкестендіру көзделді. Бұған қоса табиғат қиындықтарын жеңуге тура келді. Мәселен, жазғы мезгілде Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде ауаның температурасы Цельсий бағанымен 45 градус ыстық болса, солтүстік-шығысында қараша айынан бастап ауа температурасы төмендейді, кейде Цельсий бағанасымен 45-47 градус суықты көрсетеді. Мұндай жағдайда толыққанды құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Мұның өзі бастапқы жоспарды уақтылы орындауға едәуір кедергі келтірді.
Осындай қиындықтарға қарамастан жуырда Атырау мұнай өңдеу зауытында техникалық жаңғыртудың үкі­меттік бағдарламасына енгізілген ауқымды жоба мә­реге жетті. Кәсіпорынның, сондай-ақ мердігерлік ұй­ым­дардың және жөндеу қызметтерінің жедел жұмы­сының нәтижесінде күрделі жөндеу жүргізу кезеңіне жос­парланған барлық жұмыстар кестеден жеті тәулік бұрын аяқталды. Зауытты толықтай тоқтатып, күрделі жөндеуден өткізу 2017 жылдың 18 тамызынан бастап 29 кыркүйек аралығында өткізілуі тиіс еді. Ағымдағы жылғы күрделі жөндеу жұмысының бір ерекшелігі жөндеу зауыттың барлық қондырғыларында ұзартылған жөндеуаралық жұмыс кезеңіне көшуіне байланысты болды. Күрделі жөндеуге қондырғыларды дайындау белгіленген жұмыс үрдістеріне сәйкес және өнеркәсіп пен экологиялық қауіпсіздіктің қолданыстағы нормалары мен ережелері қатаң қадағалана отырып орындалды. Бензинді және дизель отынын сутекпен тазарту, изомерлеу, сутекті шығару және тазарту, күкірт шығару технологиялық қондырғыларын күрделі жөндеу кезінде катализаторлар мен адсорбенттер ауыстырылды. Сондай-ақ 133 175 қума метр құбырларға және 1607 бірлік ыдыстар мен аппараттарға техникалық куәландыру жүргізілді. Тозығы жеткен сорғы – компрессор жабдықтарын алмастыру және жөндеу бойынша ауқымды істер атқарылды, технологиялық пештер мен құбырлар тексеруден өткі­зіліп, жөнделді.
Биылғы жылдың 29 наурызында іске қосу операцияларын жүргізу аясында каталитикалық крекинг, газ тазарту және күкірт өндіру технологиялық қондырғылары іске қосылды, жоғары октанды бензин өндірісі ұлғайтылды. Технологиялық қайта жарақтандыру автобензиннің жоғары октанды құрамын ұлғайту мақсатында жасалатын қайталама үдерістер қуатын жылына 1000 мың тоннаға дейін ұлғайтуды, жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін, гидротазарту сапасын арттыру үшін сутек ресурсын арттыруды, Батыс Қазақстанда мұнай-химияны дамыту бойынша жобаларды интеграциялауды, Атырау қаласында жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді. Зауытта жүргізілген жаңғырту жұмыстары мұнай өңдеу тереңдігін және зауыт қуаттылығын жылына 5-тен 5,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, жылына 2,4 млн тонна шикізатты – мазутты, вакуумды газ майын өңдеуге жол ашады, сонымен қатар жоғары октанды бензин, авиация және дизель отыны өндірісін ұлғайтуға ықпал етеді. Осылайша жылына 5,5 млн тонна мұнай өңдеу арқылы Атырау мұнай өңдеу зауыты жыл сайын 1,745 млн тонна автокөлік бензинін, 1,64 млн тонна дизель отынын, 244 мың тонна авиакеросин шығаратын болады. Мазут шығару көлемі 193 мың тоннаға дейін қысқарады. Барлық мотор отыны Еуро-5 қалыбына сәйкес келеді. Кәсіпорынды жаңа стандарттарға сай жаңғырту барысында әлемдік жаңалықтармен қатар отандық химиктердің, солардың ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының әзірлемелері де кәдеге жарады.

Kaznu.kz


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру