Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Өңірді газбен қамту жұмыстары жалғасады

Елбасының қазақстандықтарға арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде елімізді дамытудың жаңа бағыттары нақты көрсетілген. Үндеудегі бесінші бастама – елді одан әрі газбен қамтамасыз етуді жалғастыру мәселесі батысқазақстандықтардың тұрмысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарта түсетін болады.

Ақ Жайық өңіріндегі әлеумет­тік-экономикалық дамудағы ба­сым бағыттардың бірі – елді ме­кен­дерді газбен жабдықтау. Облысты табиғи газбен жабдықтау негізінен төрт «Орталық Азия – Орталық», «Орынбор – Ново­псков», «Қарашығанақ – Орал», «АГРС Жымпиты, Қаратөбе» магистралды құбыры арқылы жүзеге асырылады.
Өңірді газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2006-2007 жылдардан бастап қарқын алды. Сол жылдары «Батыс Қазақстан облысының елді мекендерін газдандырудың 2006-2008 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасының» әкімшісі об­лыс­тық құрылыс басқармасы болды. Аталмыш бағдарлама аясында 21 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, сәйкесінше елді мекендердің газбен жабдықталу көрсеткіші 26%-ды немесе 137 ауылдық елді мекенді құрады. Сонда ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 45%-ды, ал облысқа шаққанда 68%-ды құрады. 2008 жылдан бастап елді мекендерді газдандыру жұмыстарын БҚО-ның энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы іске асырып келеді.
Қазіргі уақытта Орал мен Ақсай қалалары, облыстың 12 аудан орталықтары тұтастай көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, же­лілік газ құбыры тартылған және аймақтағы барлық елді мекенді газдандыру жұ­мыстары одан әрі жалғасуда.
– 2008-2017 жылдар аралы­ғында өңірдегі 153 елді мекенге табиғи газ жеткізілді, оған 25,4 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Өткен жылдың қо­рытындысы бойынша облыс тұр­ғын­дарының газбен қамтылу үлесі 94%-ды, оның ішінде ауыл халқының саны бойынша 88%-ға жетті, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафутдин.
Оның айтуынша, биыл Бөкей ордасы ауданының 11, Ақ­жа­йық ауда­нының 11, Жәнібек ау­да­нының бір елді мекенінің тұр­­ғындары газдың рақатын көреді деп күтілуде. Сонда облыс тұрғындарының табиғи газбен қамтылу үлесі 95%-ға жетеді. Сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігіне және БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жалпы құны 3,2 млрд. теңгені құрайын бюд­жеттік өтінім жолданған. Бұл өтінім не­гізінде бюджеттік қаражат бө­лін­ген жағдайда, қаралған қаржыға Зеленов ауданының бір, Қазталов ауданының 13, Теректі ауданының 13 елді мекені газбен қамтылмақ. Сонда облыс тұрғындарының та­биғи газбен қамтылу үлесі 97%-ға, оның ішінде көгілдір отынмен қамтылған ауыл халқының саны 92%-ға жетеді. Жалпы газдандыру жұмыстарының арқасында тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түседі. Сонымен қатар облыстың көгілдір отынмен қам­тамасыз етілу көрсеткішінің өсуі орта және шағын кәсіпкерліктің дамуына, экологиялық жағдайға оң әсер етері анық.

Гүлбар дыбысқали,
Батыс Қазақстан облысы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру