Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Күн сәулесінен қуат алады

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында күн сәулесінен қуат алатын электр станциясы салынады.

Осы орайда Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте аудан әкімі Бақытбек Танагөзов энергия өндіруде ба­ла­малы қуат көздері бағытын дамытуға баса назар аударылып отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта «Ветропарк Жүзім­дік» ЖШС қуаттылығы 40 мВт болатын күн электр станциясы құры­лысының қажетті құжат­тарын толық дайындап қойған, деп ха­бар­лайды облыс әкімінің бас­пасөз қызметі.
Серіктестік құрылысты биыл бастайды. Сонымен қа­тар «Emperial Renewabie Energy», «КК-Kiunsen» секілді шетел­дік компаниялар жыл соңына дей­ін 100 және 210 мВт қуатын­дағы күн электр станциялары құрылысының жобалық-смета­лық құжаттамаларын жасап, жұ­мысқа кірісетін болады.
Аудан басшысы атап өткен­дей, биыл индустриялдық аймақ аумағында ет және сүт өндірісі мен өңдеу кәсіпорын­дарын құру көзделіп отыр. Солардың бірі – «Шаян өнім­дері» агрокешені ет, сүт және мал азығын өңдеумен айналысатын болады. Жобаның құны – 1 500 млн теңге. Кәсіп­орын­да жылына 2000 тонна ет, 2500 тонна сүт және 5000 тонна жем өндіру жоспарланған. «Өткен жылы негізгі капиталға 5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Жыл ішінде жоспардағыдан 7 есе көп инвестиция тартылып, жалпы сома 34 млрд теңгені құрады. Бұл – облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш. Былтыр аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 34,8 млрд теңгені құрады. Бюджетке 15,4 млрд теңге көлемінде белгіленген кіріс жоспары жыл қорытындысы бойынша 100,2% орындалды. Өнеркәсіп орындары 3,1 млрд теңгеден астам со­маның өнімін өндіріп, 103% өсімге қол жеткізді», – деп атап өтті Б.Танагөзов.
Мемлекет басшысының Жол­­дауында 2050 жылға қарай елі­міздің ішкі жалпы өніміндегі ша­ғын және орта бизнестің үлесін 50%-ке дейін жеткізу көз­делген. Осы ретте аудан басшы­сы бүгінгі таңда 3500 шағын және орта бинес кәсіпорындары жұ­мыс істейтіндігін айтты. Өткен жылы кәсіпкерлік саласында 7,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген болса, ауыл шаруашылығы өні­мінің жалпы көлемі 17,4 млрд теңгені құрап, нақты көлем ин­дексі 105%-ке жеткен.
Сонымен қатар аудан құры­лыс салу және жоспарлы жұмыс көлемін орындау тұрғысында да облыста алдыңғы қатардан кө­рі­ніп келеді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру