Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Халықаралық байланыстар нығая береді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.

Рәсім барысында Қазақстан Президентіне Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі, Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Түрікменстанның Төтенше және өкілетті елшісі және Италия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың қызметтері мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз еліміз үшін мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңде басталғалы тұр. Қазақстан ширек ғасыр ішінде демократиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті елімізде халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған көпжақты сыртқы саясат жалғаса беретінін атап өтті.
– Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті халықаралық құқық негізінде нығайтуды көздейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз. Бұған Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан қызметі дәлел, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталып, біздегі инвестиция тарту үшін қалыптасқан мүмкіндіктер жөнінде айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында қалыптасқан мемлекетаралық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсу бағыты екі ел халқы тарапынан кең қолдау тауып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстан – Өзбекстан қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға зор үлес қосқанына, Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттер арасында сындарлы диалог орнап, барлық басты бағыттар бойынша өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізілгеніне тоқталды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру