Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Межелі істер мұқият орындалуы керек

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесі және жекешелендіруді жүргізу барысы қаралды. Сондай-ақ білім беру саласын цифрландыру жайы баяндалды.

Жиында Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Елбасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі тетіктерін қолдану саласын кеңейтуге үлкен мән беріп отырғандығын атап өтті. Бұл тұрғыда Үкімет тарапынан барлық қажетті шешімдер қабылдануда. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде жалпы сомасы 766,4 млрд теңгеге 212 келісімшарт тіркелген, оның ішінде 2018 жылдың І тоқсанында 521,5 млрд теңгеге 16 келісімшарт жасалды. Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 90,6 млрд теңге сомасына 140 нысан пайдалануға берілсе, оның ішінде 1,2 млрд теңгенің 8 нысаны биылдың І тоқсанына тиесілі. Сондай-ақ дайындаудың әртүрлі кезеңдерінде жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 620 жоба бар.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов МЖӘ дамытудың оң қарқынын атап өтті. Салалық тұрғыда 218 нысан бойынша 212 келісімшарттың басым бөлігі, атап айтқанда 52 проценті білім беру саласына, 19 проценті денсаулық сақтау саласына, 14 проценті мәдениет және спорт саласына, ал 15 проценті басқа да салаларға тиесілі. Жалпы, тәжірибе МЖӘ тетігін пайдаланудың оң нәтижесін көрсетіп отыр. Мысалы, өткен кезеңде 140 нысан пайдалануға беріліп, бұл бюджетке біржолғы жүктемені 90,6 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берген.
Өз кезегінде инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек қазір­гі таңда мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік тетігі бойынша 44 жоба әзір­леу және енгізу сатысында тұрға­нын айтты. Бұл ретте ол авто­көлік және темір жолдар, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы, цифр­лан­дыру салаларындағы мемле­кет­тік-жекеменшік әріптестігі бойынша ат­қа­­рылып жатқан жұмыстарды баян етті.
Ал денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша, бүгінде ден­саулық сақтау саласындағы МЖӘ жобаларының тізімі 175 жобаны қам­тиды. Олардың 50-і бойынша келісім­шарт жасалса, қол қойылған келісім­шарттардың жалпы құны 33,7 млрд теңгені құрайды.
Мәселені қорытындылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бүгінгі басты мәселе – Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында МЖӘ негізінде студенттерге арналған жатақханалар салу, бұл ретте өңірлердің әкімдері осы мәселеге баса назар аударуы керектігіне тоқталды.
Атап өтерлігі, МЖӘ жобаларының 75 процентке жуығы әлеуметтік саланың үлесінде. Осыған байланысты инвестициялар және даму министріне МЖӘ шеңберінде жүзеге асырылатын барлық жобаларды мұқият қарау тапсырылып, бақылау жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаевқа жүктелді.
Отырыста маңыз берілген ке­лесі тақырып – жекешелендіруді жүр­гі­зу барысы туралы қаржы министрі Б.Сұлтанов баяндады. Ол мәлімде­гендей, жекешелендірудің кешенді жос­пары бойынша 482 нысан сатылымға шығарылып, оның 397-сі сатылған. Сату бағасы 199 млрд теңгені құрады. Бұдан өзге, 274 нысан қайта ұйымдастыру және тарату сатысында тұр. Осылайша қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды қоса есептегенде, жекешелендірудің кешенді жоспары 76 процентке орындалып отыр. Биыл 265 нысанды өткізу көзделіп, оның ішінде І тоқсанға 40 нысан жоспарланған. Тоқсан қорытындысы бойынша 45 нысан сатылымға шығарылып, олардың ішінен 19 млрд теңге сомасына 20-сы сатылды. 10 нысан бойынша тарату туралы шешім қабылданды.
Жалпы жекешелендіруге жататын 71 топ нысанның бүгінде 13-і сатылды. Сату бағасы 95 млрд теңгені құрады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 7 нысанын бас компанияның құрамында «пакеттік» сату туралы шешім қабылданды. Ал биыл 40 топ нысанды өткізу жоспарланып отыр.
Премьер-министрдің биылғы 16 қаңтардағы Үкімет отырысында же­кешелендіру үрдісін баяулататын бұ­зу­шылықтарды жою бойынша берген тапсырмаларын орындау аясында осы бұзушылықтар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралда­рының интернет-сайттарында жарияланды. Сондай-ақ мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталындағы «Же­ке­шелендірудің екінші толқыны» баннерінде кемшіліктерге жол берген объектілер мен сатушыларды көрсететін бөлек қызыл жолақ жасалған. Бұдан өзге, Ұлттық экономика министрлігіне «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға жекешелендіру процесін жақсартатын бірқатар түзетулер ұсынылды. Ал жалпы алғанда, міндеттер мен мақсаттар айқын, жекешелендіру процесі бірқалыпты тұрақты жүйеде жүргізілуде.
Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов жекешелендірудің ке­шенді жоспарын жүзеге асырудың тиім­ділігін арттыруға бағытталған ұсы­ныстарға тоқталды. «Самұрық-Қазына» қорының жекешелендірудің кешенді жоспары аясында атқарған жұмыстары туралы қордың басқарма төрағасының орынбасары А.Айдарбаев айтып берді.
Отырыста талқыланған тағы бір тақырып – білім беру саласын цифрландыру барысы туралы сала министрі Е.Сағадиев баяндады. Ол министрлік белгілеген білім беру жүйесі мен ғылымды цифрландыруды әрі қарай дамытудың жаңа бағыттарын атады. Сондай-ақ ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев білім беру жүйесін цифрландыру аясында іске асырылып жатқан шараларға тоқталды.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаев 2020 жылдың соңына дейін барлық қашықтағы елді мекендер кең жолақты интернетке толықтай қосылуы тиіс екенін баса айтты. Бұл ретте білім және ғылым министрлігі әкімдермен бірлесіп, цифрландыру жұмыстарын жалғастырып, барлық жоспарлы көр­сеткіштерге жетуді қамтамасыз етуі керек.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру