Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

«Атамекен» өңірлерге қолдау көрсетуде

Өткен аптаның аяғында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтарда шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытуға ықпал ету бағытында нақты іс-қимыл жүргізуге ниетті екенін білдірді. Атап айтқанда, Маңғыстауда «Nur Kapital» бағдарламасы салтанатты түрде іске қосылды.

Шараға Қазақстан Республи­ка­сы­ның «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы президи­у­мы­ның төрағасы Тимур Құлыбаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, қала мен аудан әкімдері, кәсіпкерлер қоғам­дық бірлестіктерінің, екінші дең­гейлі банктердің, қаржы инсти­туттарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл ретте маңызды шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасының» бірі – шағын несиені кеңейтуге арналып отырғанын да айта кеткен абзал. Мемлекет басшысы осы бастамасының мың­даған адамға өз бизнесін ашуға мүм­кіндік беретінін атап айтқан болатын. Міне, осының жарқын айғағындай, Маңғыстау облы­сындағы Елбасы тапсырмаларын іске асыру және қолдау мақ­сатында ШОБ несиелерін жылына 1%-бен беретін «Nur Kapital» бағ­дарламасы іске қосылып отыр. Бұл жобаны Мемлекет басшысы қолдап, мақұлдады.
«Біз халықтың қоғамдық сана-сезімін жаңғырту үшін шағын және орта бизнесті дамытуға нақты жағдай туғызу міндетін алға қойып отырмыз. Қазіргі уақытта жалпы несие портфелі 2,7 млрд. теңгені құрайды (оның ішінде жергілікті бюджеттен 900 млн. теңге, «Даму» қорынан 1,800 млн. теңге). Бүгінгі таңда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен (400 млн. теңге), «Қа­зақстан Халық Банкі» АҚ-ның Жаңаөзен өңірлік филиалымен (400 млн. теңге) және «ForteBank» АҚ (322 млн. теңге), «Сбербанк России» АҚ ЕБ (150 млн. теңге) келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, осы бағдарламаға қатысу үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Атамекен Микрофинанс» ЖШС өтінімдерін берді», – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов шара барысындағы өз сөзінде.
Өңір үшін өте тиімді осы бағ­дарламаны қолға алған ұйым өкіл­дерінің мәлімдеуінше, «Nur Kapital» бағдарламасына қатыс­қысы келетін барлық кәсіпкер қажетті құжаттарды дайындау және жинаумен айналысатын Жа­ңаөзен қаласындағы және об­лыстағы бизнес-бөлімшелерге өз өтінімдерімен жүгіне алады екен. Сондай-ақ, ісін ілгерілетуге ынта білдірген кәсіпкер барлық қажетті құжатты екінші деңгейлі банктерге тапсырып, мақұлданған соң банкпен бірлесіп, субсидия алу үшін құжаттарды облыстық үйлестіру кеңесіне жібереді, дейді мамандар. Бұл ретте аймақтық үй­лестіру кеңесі әрбір аудан үшін маңызды деп танылған жобаларды жеке-жеке қарастыратынын айта кету керек. Демек, іскер азаматтар несие алуға ынтасын білдіріп қана қоймай, жұмысын жандандыру жолдарын нақты бизнес-жоспарымен де дәлелдей алуы тиіс.
«Қазіргі таңда облыстағы қа­лалар мен аудандар әкімдік­терінде 2 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпкерлер тарапынан 192 өті­нім келіп түсті. Олардың 35%-ы мал шаруа­шылығы секторында, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп – 22%, туризм – 16%, көлік және қойма – 8%, өсімдік шаруашылығы – 5%, денсаулық сақтау – 5%, қызмет көрсету – 3%, білім беру – 3%, тамақтану қызметтері – 1%, көтерме және бөлшек сауда – 1%, инвестициялар – 0,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс салалары – 0,1% құрады», – дейді Маңғыстау об­лыс­тық кәсіпкерлік және сауда басқар­ма­сының басшысы Венера Мұстапаева.
Өңірдегі ШОБ саласында игі іс­терге жұмылған іскер азаматтар үшін аса маңызды осы кездесу бары­сында 2018 жылдың қаңтарынан бас­тап Маңғыстау облысында жүзе­ге асырылған «Кәсіпкер боламын!» атты пи­лоттық жоба таныстырылды. Кә­сіпкерлік негіздеріндегі ойын жат­тығуларының жобасы әлеу­меттік білім беруді көздейді: оқушылар арасында кәсіпкерлік сананы дамыту, бизнесті жүргізу әдістері мен құралдарын ұсыну – жобаның мақ­саты осыны негізге алды, дейді ұйым­дастырушылар.
Аталмыш жобаның бастамасы аясында облыстың 12 пилоттық мек­тебінде 365 жоғары сынып оқу­шыларына арналған 14 бизнес-тре­нер факультативті сабақтар өт­кізбек. Сонымен қатар, бизнес-тре­нерлер мен олардың студенттері арасындағы конкурс өткізілмек, 150 жеңімпазға халықаралық биз­нес-тренерлердің қатысуымен биз­нес-лагерь ұйымдастырыла­ды. Же­ңім­паздар аймақтың ірі кәсіпкерлері, «Даму» қоры және «Атамекен» Кә­сіпкерлер палатасы» гранттарымен қамтамасыз етіледі екен.

Батыр РАХМЕТУЛЛИН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру