Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Темір жол тың технологияларға бет бұрды

ҚТЖ 17 вокзалдың қызметін цифрлық жүйеге көшіреді

Жаһанның жаңа типтегі экономика құру құлшынысын сандық технологиялардан бөліп қарау мүмкін емес. Заманауи әлем талаптарын ескеру өз кезегінде елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуге түрткі болған еді. Осының аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бизнес-модельдерді цифрландыруға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталған «Цифрлық темір жол» жобасы қалай жүзеге асуда?

ҚТЖ жыл басынан бері енгізіп жатқан «Цифрлық темір жол» стратегиясы жоспарлау мен ескерту жүйелерінің сапасын жақсартуды, отын-энергетикалық ресурстарды пайдалану шығынын оңтайландыруды, инфра­құрылым мен жылжымалы құрамға техникалық жөндеу жасау арқылы қалыпты жұмыс жасау мерзімін ұзартуды, көлік сервисінің, кли­ент­ке бағдарланған қызмет көрсетудің деңгейін көтеруді қамтамасыз етпек.

Стратегия компанияның бизнес-модельдерін цифрландыруды және барлық маңызды қызмет көрсету сегменттеріне – жолаушы, жүк тасымалдарына, инфрақұрылым мен көліктік логистика саласына жаңа технологиялар енгізуді қарастырады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-президенті Арман Нұрышевтің айтуынша, қазіргі таңда жолаушы, жүк, мультимодальдық тасымал саласында, сондай-ақ инфрақұрылымдық теміржол нысандарында біршама тың жобалар жүзеге асырылған. Клиентке бағдарланған қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында электронды билеттерді сату жүйесі іске қосылып, тарифті және таспырыс иелерін 24/7 өтініштеріне сәйкес орталықтандырылған басқару жүйесімен қамтуды өндіріске енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар теміржол инфрақұрылымы нысандарында жол жағдайын диагностикалық тексеру, пойыз қозғалысын орталықтан басқару, 17 вокзалдағы қызмет түрлерін цифрлық жүйеге көшіру көзделуде. Аталған қызметке Wi-Fi, теледидар, интерактивті навигациясы бар ақпараттық табло кіреді. Вокзалдарда іске қосылатын «Асу-Магистраль» автоматтандырылған жүйесі ауқымды деректер элементтерін қолдану арқылы темір жолдарға цифрлық диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен цифрлық диагностикада мобильді тексеру кешендері арқылы тұтас темір жолдарды 180 күнде емес, 15 күнде тексеріп шығуға болады екен. Ұлттық компания мамандары көлік-логистикалық кешенін цифрландыру тасымалдауды ұйымдастыру үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қызмет көрсетудің тиімділігін арттыратынын алға тартады.
Компания бүгінде тасымалдау үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында жүк қозғалысына ақпараттық жүйені өндіріске енгізу мен пайдалануды қолға алды. Жүк тасымалындағы жүйені автоматтандыру тасымалдауды жедел басқаруға, бағыттарды кешенді өңдеуге, пойыз-вагон қозғалысын жоспарлау мен болжауға, локомотивтердің электр қуаты мен дизель отынын тұтынуын бақылауға бағытталған.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк шаруашылы­ғында сәтті жүзеге асырылған жоба­лардың бірі – «Келісім және ком­мерциялық жұмыстарды» авто­маттан­дырылған басқару жүйесі. Бұл жоба бойынша «бір терезе» тәсілімен жоспарлау, тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру, тасымалдау жұмыстарына қатысты электронды ақы төлеу жүргізіледі. Мысалы, жүк жөнелтушілер интернет арқылы «ККЖ» АБЖ көмегімен тасымалдауды жоспарлап, оған тапсырыс береді және тасымалдау құжаттарын ресімдеп, тасымалдаудың тарифтік көрсеткішін алдын ала есептеуге мүмкіндік алады. Қазіргі таңда бұл жүйеде 20 мыңнан астам тапсырыс беруші және 5 мыңнан астам жүк станцияларының жұмысшылары тір­келіп, жұмыс жасауда.
Саланы цифрландыру үдерісі корпоративтік міндеттерді де қамтиды. Бұл тұрғыда Machine learning элементімен біріктірілген жоспарлау жүйесі өндіріске енгізілгенін атап өткен жөн. Жүйе өз кезегінде ресурсты дұрыс бөлуге, коммерциялық және инвестициялық жоспарлауда барынша тиімді шешімдер қабылдауға жағдай туғызады. 2021 жылға қарай тасымалдау үдерісіндегі шығындарды оңтайландыру 3-4%-ке жеткізілмек.
Өндірістік үдерістерді цифр­ландыру қызмет көрсету сапасын көтеруге ықпал етуде блокчейн технологиясы болашағы зор бағыт саналады. Ол арқылы логистикалық тізбекке қатысушылар ақпарат алмасу мен сақтау қызметтерін жақсартады. Компания мәліметі бойынша, әлемдік тауар алмасудың 90%-і контейнермен жүзеге асырылса, оларды жеткізуге 30-ға жуық логистикалық тізбек қатысушылары кіріседі екен. Оның қатарында: жүк жөнелтушілер, жүк қабылдаушылар, тасымалдаушылар, кеден және бақылау органдары болады. Оған қоса 200-ден астам өзара ақпарат алмасу шаралары өткізіледі. Осы тізбектің әрбір буыны өз жазбасын блокчейнге кәдімгі смартфон арқылы тіркейтіндіктен, жолдың әр кезеңінде тауарлардың ілеспе құжаттарын ресімдеу қажет болмайды. Блокчейн технологиясы темір жол саласында электронды құжат алмасуда кеңінен қолданылып, көлік-логистикалық тізбекті автоматтандыру арқылы жылдамдықты жақсартуға, тасымалдау үдерісінің барлық түріне кететін шығынды азайтуға септігін тигізеді. Блокчейн стандарты сондай-ақ тасымалдау көлемінің шамасын анықтау, жылжымалы құрамның техникалық жағдайы туралы ақпараттарды сақтау жайын да қамтиды.
Бүгінгі таңда ҚТЖ ІТ өндірісінің танымал көшбасшыларымен өзара әріптестікті жалғастырып жатқаны мәлім. Бұл ретте индустриалдық цифрландыруды енгізу мен жүйелік әріптестік мақсатында «General Electric» компаниясымен меморандумға қол қойылған. Бекітілген меморандум аясында орталықтандырылған диспечерлік жүйені, пойыздар қозғалысының жоспарлаушысын, интеллектуалды интермодальдық терминалды, «TripOptimizer» жүйелерін, «Shipper Connect TMS» жеткізілім тізбектерін, сондай-ақ теміржол көлігі қозғалысын басқаруды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Тұтастай алғанда, «ҚТЖ» ҰК» АҚ мамандарының есебінше, бизнес-процестерін автоматтандыру бірінші кезекте өнімділікті арттыруға, үдерістерді орындау уақытын қысқартып, мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған жұмыстардың дәлдігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, автоматтандырудың көмегімен нарықтың жаңа талаптарын – жүктердің жылдамдығы мен қауіпсіздігін арттырудың жүйелі шешімін табу еліміздің негізгі мемлекетаралық транзиттік дәліз ретінде танылуына тікелей ықпалын тигізетін болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру