Валюта бағамы: $ 327.92 399.31 5.23 ¥ 51.87

Өнеркәсіп дамуында оң үрдіс бар

Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Жалмағамбетов атап өткендей, Елбасы «2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасын әрі қарай дамыту, ел экономикасын модернизациялау және цифрландыру жөнінде бірқатар міндеттер қойды.

Өңірімізде осы міндеттерді орындау бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда. Арман Жалмағамбетовтың айтуынша, жалпы аймақтық өнімде өнеркәсіп саласының үлесі шамамен 50%-ға жуық, ал республиканың өнеркәсібіндегі облыс үлесі шамамен 9%-ды құрайды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп дамуында оң үрдіс байқа­лады.
– Есептік кезеңде облыстың кәсіпорындарымен 1,9 трлн. теңгеге өнім өндірілді және ол 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,5%-ға өсті. Мұндай өсімге тау-кен және өңдеу өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемін арттыру есебінен қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі саласының экспорттық көлемі 2016 жылғы көрсеткіштен 20,8 %-ға өсіп, 182,2 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл салада 2017 жылдың тоғыз айы­ның қорытындысы бойынша еңбек ететін жұмысшылар саны 18,5 мың адамды құрап, 22,7% пайызға артты. Тартылған инвестиция көлемі 16 млрд. теңге, – деді Арман Жанатұлы журналистермен өткен брифингте.
Оның баяндауынша, өңдеу өнер­кә­сібі саласындағы негізгі үлес тамақ өнеркәсібіне тиесілі, яғни оның үлесі 30%-ға жуық, машина саласының үлесі – 21,1%, мұнай өңдеу саласының үлесі – 17,6%. Өткен жылы өңірдің машина жасаушыларымен 33,3 млрд. теңгенің, мұнай өңдеушілермен 27,8 млрд. теңгенің өнімдері өндірілді. «Мұнай өңдеу саласында өнім өндіру 2016 жылғы көрсеткішпен салыс­тырғанда 1,8 есеге өсті. Мұнай өңдеу саласындағы өсім «Конденсат» АҚ-ның өндірістік базасындағы бензин өндірісінің іске қосылуы есебінен болды. «Аталмыш кәсіпорында өткен жылы жеңіл мұнай өнімдерін алуды қамтамасыз ететін вакуумдық айдау секциясы іске қосылды. Зауыт жаңғыртудан өтіп, енді жылына бұрынғыдай 600 мың тонна емес, 850 мың тоннаға дейін көмірсутегі өңделеді. Биыл К5 экологиялық класына дейін дизель отынын гидро­тазартуға арналған қондырғы орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта гидротазарту қондырғысы құры­лысы жү­руде», – деді Арман Жалмағам­бетов.
«Зениттехсервис» ЖШС алдағы уақытта 10 метрден жоғары бұйым­дарды ыстықтай мырыштау це­хын ұйым­дастыруды, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ базасында металл және тұр­баларды металлографикалық зерт­теу жүргізетін зерттеу зертханасын ашуды жоспарлады.
Өңірдің кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында II бесжылдықта 1340 тұрақты жұмыс орнын құру­мен жалпы құны 84,4 млрд. теңгені құрайтын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 2017 жы­лы 8 млрд. тенгеге 10 жоба іске қосылды. Биыл 10 жобаны іске асыру көзделген және 3,3 млрд. теңге­ге алты жоба Индус­трия­ландыру кар­тасына енгізілді. Сонда шамамен 200 жұмыс орны құрылады. Ол жобаларға келсек, олар: «Мал шаруа­шылығының қалдық­тарын өң­деу цех құрылысы» («Куб­лей» ЖШС), «Сэндвич-панельдер шыға­ратын зауыт құрылысы» («Агран» ЖШС), «Химиялық өндіріс база­сының құрылысы» («Топан» ЖШС), кірпіш зауытының құрылысы («134» ЖШС), «Бетон араластыру цехы» («Global Procurement» ЖШС), «Кон­ди­терлік өнімдер шығаратын цехтың жаңғыртылуы» («Хасанов» ЖК).
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бір­ыңғай бағдарламасы бойынша «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ға қорғаныш жабынды пласти­калық тұрбалар өндірісіне қосымша жабдық, «Орал кабель» ЖШС-ға электр кабелін өндіруге және «Стекло-Сервис» ЖШС-ға шыныны өндірістік өңдеу, беріктігін нығайту кешенін жаң­ғыртуға, ке­ңей­туге қажетті жаб­дық­тар алуға қол­дау көрсетілді.
Өңірдегі жас және өз істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлер арасында қайтарымсыз гранттық қаржы­ға құштарлық басым. 2015-2017 жыл­дары 45 кәсіпкерге 76 млн. теңге инно­вациялық гранттық қаржы берілген. Оның ішінде 32 грантқа ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер ие болды. 2017 жылы 19 кәсіпкерге 47 млн. теңге грант бұйырды. Биыл 3 сәуірден бастап грантқа өтінімдер қабылдануда. Бұған бюджеттен 47 млн. теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған бағдар­ламасы» аясында 2017 жылы несиелеуге 852,8 млн. теңге, биыл 300,3 млн. теңге бөлінді. Бұл несие 6%-бен екінші деңгейдегі банктер арқылы беріледі.
«Бизнесті жүргізу жеңілдігі жө­нін­дегі өңірлер мен қалалардың рей­тингі және оның нәтижесі бойынша арнайы сыйлықты беру» туралы Ел­басының Жарлығына сәйкес 2017 жылы бірінші рет облыстардың және қалалардың рейтингісі шығарылды. Оның нәтижесінде 14 облыс және Астана, Алматы қалалары арасынан 2016 жылғы статистикалық мәлі­мет­тер және кәсіпкерлер ортасында жүгізілген сауалнама бойынша БҚО 6-орыннан көрінді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру