Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Бірегей жоба бастау алды

ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде «U 38» Университеттер Альянсы өлкетанушы-этнографтар клубының бастамасымен «Алматы қаласы жайлы 100 қызықты дерек» атты бірегей жоба бастау алды.

«U 38» Университеттер Аль­янсы өлкетанушы-этнографтар клубының жетекшісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология фа­культетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаеваның айтуынша, туған өлкені зерттеу саласындағы ма­ңызды әлеуметтік тәжірибеге жас­тарды тарту бұл бастаманың негізгі мақсаты. «Құрамында тарихшы ғалымдар – археология, өлкетану және этнография салаларының мамандары бар біздің жобаға бү­гіннің өзінде бірнеше мың ал­ма­тылық оқушылар мен студенттер тар­тыл­ған, – деп атап өтті ол өз сө­зінде. – Жастар үшін бұл «оқу­лық шекарасынан» шынайы өмірге шығуға әрі эмпирикалық жолмен, тарихи-өлкетану және этно­графикалық іздеулер арқылы тарихқа әрі қала мәдениетіне жанасуға мүмкіндік береді. Мұн­дай үлгі жастардың жасампаз тәжірибесін байытады, сонымен бірге туған өлкенің тарихи мұрасын құнттауға әрі қызығу­шылықтарын дамытуға септігін тигізеді».
«Алматы – бұл мыңжылдық тарихы бар қайталанбас қала. Бұл жер архитектураның және мәдениеттің бірегей ескерткіш­теріне толы. Қала шетелдік және отандық сая­хатшылардың туризм орталығы болып табылады әрі мұндай жоба Алматының жаңа қырын ашады», – дейді Қазақ спорт және туризм академиясының доценті, экскурсовод О.Г.Лютерович.
Қазақ мемлекеттік қыздар пе­дагогикалық университетінің до­­центі Әлия Исаева өз баяндамасында студент-еріктілер тобының этнографикалық сипаттағы сауалнаманы жүргізу жұмыстары туралы және олардың Алматының археологиялық және тарихи картасын жасауға қатысуы жайлы айтып өтті.
М.Базарбаев атындағы №138 гимназияның 11 сынып оқушысы Дінмұхамед Әлиасқаров Алматы қаласында пайда болған көше, ғи­марат атауларының тарихы туралы және атақты тұрғындар жайлы жаңа мағлұматтармен бөлісті. Оқушы айтқандай, мұндай зерттеулер сүйіспеншілікті, құрмет се­зімін, патриоттықты оятады әрі жар­қын болашаққа деген сенім­ділікті нығайтады.
Бастау алған жоба қатысушы­лары қоғамды әрдайым зерттеу ба­­рысымен таныстырып отыруды жоспарлауда. Жас өлкетанушылар өздерінің әсерлерімен және жаңа­лықтарымен әлеуметтік желілерде, соның ішінде интерактивті режимде және басылым беттерінде бөлісетін болады.
Жоба қорытындысы негізін­де «Алматы қаласы жайлы 100 қы­зық­ты дерек» жинағы жарық­қа шық­пақ, сонымен бірге оң­түстік ас­тананың және оның маңа­йын­дағы археологиялық және тарихи ес­керт­кіштердің картасы жасалады.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру