Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Кий шеберлерінің тартысы

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Динамикалық пирамида» бойынша бильярдтан әлем чемпионаты өтті.

Жүлде қоры 12 миллион теңге болған дүбірлі додада әлемнің 19 елінен 100-ге жуық спортшы бақ сынады. Әлем чем­пионатының ашылу салтанатына Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықпаев, қала­лық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Донбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Ха­лық­аралық және Қазақстан Биль­ярд федерациясының өкілдері, сондай-ақ спорт ардагерлері қатысты. Алғашқы болып жарыс алаңына қазақстандық Ернар Чимбаев пен қырғызстан­дық Қаныбек Сағынбаев шықты. Олардың кездесуі ойынның со­ңына дейін тартысты болды. Әлем үздіктерінің ойыны 4 сағатқа жалғасты. Нәтижесінде жерлесіміз 6:4 есебімен жеңді. Әлихан Каранеев Павел Родионовты жеңген соң Украина спортшысы Дмитрий Белозеровпен бақ сынасты. Украина спортшысының асығы алшысынан түсіп, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстандық Максим Пан жартылай финалда 2017 жылғы әлем чемпионы, ресейлік Иосиф Абрамовпен кездесті. Отандасымыз Ресей спортшысынан кем ойын көрсетпеді. Оның жеңуге бар мүмкіндігі болды. Сегізінші партияда ол 4:4 етіп есепті теңестіріп үлгерді. Алайда Абрамов екі партияны қатар жеңіп, финалға жолдаманы алып кетті. Ақтық сында ресейлік Иосиф Абрамов пен украиналық Дмитрий Белозеров бақ сынасса, әйелдер арасындағы ақтық сында ресейлік Диана Миронова мен Беларусь спортшысы Екатерина Перепечаеваның жолдары түйісті. Ерлер бәсекесінде Д.Белозеров 6:5 есебімен жеңіп, турнирдің жеңімпазы атанды. Қыздар арасындағы жарыста Е.Перепечаева финалда ресейлік азулы қарсыласын 5:2 көрсеткішімен сенсациялық жеңіп, бас бәйгені олжалады. Ал сайыстың қорытындысында үшінші орындарды қазақстандық Максим Пан мен Әлихан Каранеев ие болды.

Нұрлан Құмар


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру