Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Болжам айқындалып, бюджет нақтыланды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының және 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлерінің жобасы мақұлданды. Сонымен қатар жиында биылдың І тоқсанындағы инфляция деңгейі, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселесі, денсаулық сақтау саласын цифрландыру жайы және 2016-2019 жылдарға арналған білім беруді, ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.

2018 жылға арналған негізгі ма­кро­көрсеткіштер мен бюджет пара­метр­лерін талдаған еліміздің ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­меновтің мәлім етуінше, былтыр номиналды ішкі жалпы өнім 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланып, нақты өсім 4 процентті құрады. 4 процент деңгейіндегі экономика өсімі ағымдағы жылдың қаңтар-ақпанында да сақталды. Биыл мұнайдың болжамды бағасы 1 барреліне 55 АҚШ долларына дейін ұлғайтылды. Ал метал­дардың баға индексі 0,4 процентке артты. 2018 жылға жасалған болжамға сәйкес АҚШ долларына қатысты тең­генің есептік бағамы 340 теңге дең­гей­ін­де сақталды.
Өткен жылғы жалпылама эконо­микалық көрсеткішті есепке ала отырып, 2018 жылғы номиналды жалпы ішкі өнім 57,2 трлн теңге көлемінде болжануда. Бұл бұған дейін мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8 процент деңгейінде күтіледі. Сонымен жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9 200 АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуымен өнеркәсіптің өсуі 3,3 процентке дейін артады. Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша ағымдағы жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Әлемдік нарықтағы мұнайдың бағасы көтерілсе, еліміз экспортты 54 млрд АҚШ долларына дейін, ал импортты 34 млрд АҚШ долларына дейін арттыратын болады. Ал инфляция бекітілген 5,0-7,0 процент дәлізінде сақталмақ. Ағымдағы жылы трансферттерді есепке алмағанда, мемлекетке кірістер 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады. Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғайып, 2,6 трлн теңгеге толығатын болады.
Биылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырған қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың атап өтуінше, ол Мемлекет басшысының Қазақстан ха­лқына жолдауларында және бес әлеуметтік бастамасында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің бекітілген көрсеткіштерін нақтылауға елдің өзгертілген макро­эко­номикалық көрсеткіштер болжамы негіз болды. Осылайша республикалық бюджет түсімдері 81 млрд теңгеге ұлғайтылып, 8 трлн 759,7 млрд теңгені құрады. Министрдің айтуынша, биыл­ға арналған республикалық бюджет шығыстары 417 млрд теңгеден 425 млрд теңгеге ұлғайып, 9 трлн 643 млрд теңгені құрайтын болады. Осы қаражат көлемінен 292,5 млрд теңге Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» жолдауларын іске асыруға ба­ғыт­талатын болады. Адами капитал сапасын жақсартуға 106 млрд теңге бағытталады. Экономиканың нақты секторлары мен аймақтарды дамытуға 115 млрд теңге бөлу ұсынылады. Оның ішінде ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қосымша 31 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үй нысандарына коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 31,5 млрд теңге, жергілікті жолдарды жөндеуге 29 млрд теңге және агроөнеркәсіп кешенін кредит және лизинг бойынша проценттік мөлшерлемелерді субсидиялау, агро­ғы­лымды дамытуға 15,6 млрд теңге бағытталады. Ал кибер қылмыспен күрес бойынша іс-шараларға 71 млрд теңге жұмсалады. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы негізіндегі шараларды іске асыруға – білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайтуға 5 млрд теңге, микрокредиттеуді 60 млрд теңгеге жеткізу мақсатында қосымша 20 млрд теңге бағытталатын болады. Бұдан бөлек, бюджет жобасында Президенттің тапсырмалары мен бұрын қабылдаған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99 млрд теңгені құрайтын шығыстар ескерілген.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев 2018 жылға арналған рес­публи­калық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын мақұлдауды ұсынып, оны Министрлер кабинеті мүшелері бір­ауыздан қолдады.
Жиында ұлттық экономика ми­нистрі Т. Сүлейменов 2018 жылдың І тоқсанындағы инфляция деңгейі жөнін­де баяндады. ҰЭМ мәліметі бой­ынша, Қазақстандағы инфляция 2018 жылдың қаңтар-наурыз аралы­ғында 1,8 процентті құрады. Ағым­дағы жылдың басынан бері инфляция деңгейі жаңа дәліз – 5-7 процент аралығында сақталып тұр. Өткен жылғы І тоқсанмен салыстырғанда инфляцияның екі құрамдауышы бойынша баға өсуінің бәсеңдеуі байқалып, азық-түлік тауарларына – 2,2 процент, азық-түлік емес тауарларға –1,3 процентті құрады. Сондай-ақ ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер өткен жылғы 1,7 процент деңгейінде сақталды.
Премьер-министр Б.Сағынтаев тиісті министрліктер мен ведомство­лар­дың басшыларына, өңірлердің әкім­деріне әлеуметтік маңызды тауар­лар­дың бағаларына бақылау жасауды және инфляцияның негізсіз өсуін болдыр­мауды тапсырды.
Тағы бір айта кетерлігі, отырыста Б.Сағынтаев Шығыс Қазақстан об­лысындағы су тасқынымен күрес жұмыстарына Үкімет тарапынан 2 млрд теңге қосымша қаржы бөлінетінін айт­ты. Үкімет басшысы облыс әкімі Д.Ахметовтің аймақтағы жағдайға байланысты жүргізіліп жатқан іс-шара­лар туралы есебін тыңдай келе, қажетті көмектің барлығы көрсетілетіндігін жет­кізді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру