Валюта бағамы: $ 352.54 415.15 5.31 ¥ 51.53

Бақалыкөлдің бақасын қойдай шулатып, балығын тайдай тулатады

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында кәсіпкер Ақан Көшәлиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жобаны іске асыруға кірісті.

Тасқала ауданындағы Мерей ауылының іргесінде шағын Бақалыкөл бар. Оның аты айтып тұрғандай, бір кездері «бақасы қойдай шулаған» көрікті көл болатын. Балығы да көп еді. Соңғы жылдары «тайдай тулаған» балығы азайып, «қойдай шулаған» бақасының үні сап тыйылғандай болды. Өзінің ғана емес, туған жерінің де өсіп-өркендеуін ойлайтын жасқа жеткен кәсіпкер Ақан Көшәлиевті осы көлдің тағдыры қатты алаңдатты. Ойлана келе ол көлдің дәуренін қайта қалпына келтіруге бел байлады.

Мерей ауылы Тасқала ауда­ны­ның орталығынан 28 шақырым жерде. Ақаңның кіндік қаны тамған жер Аманкелді ауылы болса да, Мерей ауылына 1980 жылы көшіп келіп, отбасымен тір­шіліктің түтінін түтетіп жүр. Бұл өзі – жері егін өсіруге шұрайлы, жайылымы мал жаюға құйқалы мекен. Жаздыгүні жылыстай аға­тын бұлақтардың мөлдір суына күн сәулесі түсіп, жылт-жылт етіп, айнала ерекше нұрланып кетеді. Ақан Темірғалиұлы осы ауылға келген соң шаруа қожалығын ашты. Жайқалтып егін егумен ғана емес, төрт түлік өсіріп, мал шар­уашылығын да қатар алып жүр. 2002 жылдан бері өсірген малы жыл санап көбейіп келеді. Қазір оның қыстағында 200-дей қой-ешкі, 50-дей ірі қара, 200-ге тарта жылқы бағылуда.
Соңғы жылдары кәсіпкер жыл­­қы шаруашылығын дамыту­ды қолға алды. Өткен жылы ол Ақтөбе облысынан Мұғалжар жылқысын әкелді. Бұрын қазақы жылқы өсірді. Ал 2008 жылы Ресейдің Ростов қаласынан орыстың ауыр жүк тартатын тұқымды айғырын әкеп үйірге салды және орыс жылқысын бордақылаумен айналысты. Алайда Ақан Темірғалиұлын Мұғал­жар жылқысының етінің сапасы қы­зықтырды. Сөйтіп ол қоғамдағы рухани жаңғыру лебімен қазақ жыл­қысын өсіруге бет бұрды.
– Атам қазақ жылқыны төрт түлік малдың төресі деп бекерге санамайды. Шөпті таңдап жеп, судың тұнығын ішеді. Мұ­ғалжар жылқысының еті нәрлі, тірсектен бастап май келеді, жа­бағыларының өзі 140-150 келі тар­тады, қазысы жоқ дегенде екі елідей болады. Негізі мұндай асыл тұқымды жылқы қазақтың кәдімгі жабы жылқысы мен көшім жылқысын будандасуынан туған. Мұғалжар жыл­қысы ірі, төзімді, небір қытымыр қыста аяқтай жайылады әрі тебінге болдыра қоймайды. Еттік бағыттағы мұндай жылқы малының басы ар­тығын соғымға береміз, – деді Ақан Темірғалиұлы.
Кәсіпкердің иелігінде 1,5 мың гектардай жері бар, оның бір мың гектары жайылымдық жер. Жер телімі аздау болған соң, несие­ге иек арта қоймайды. Шар­уа ада­мы төрт ауылдасын жұмыс­пен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмыс жасайтын адамдарды қаладан да алдырады. Ауылдан комбайншы, тракторшы мамандығы бар тұрғындарды уа­қыт­ша жұмысқа тартады.
«Ауылда жылқы бағатын адам жоқ. Басқа жақтан жылқы бағам дейтін адамды отбасымен қабылдар едік. Аулада бөлек үй-жай бар. Алдағы уақытта бие байлап, сауу жоспарда бар. Ауылды қымызбен қамтысам деймін», – деді алдағы жоспарымен бөліскен кәсіпкер.
Ауыл іргесіндегі Бақалыкөлдің суы әбден ластанған, түбі таязданып, жазғытұрым сасыған иісі жүректі айнытады. Суының тереңдігі тізеден аспайтын көлге жаны ашыған Ақан Темірғалиұлы 2017 жылы күзде көл түбіне тазарту жұмыстарын жүргізді. «Биыл күн жылына көлдің жағалауын қазып, суды жайылмаға шығарамыз. Содан кейін арнасын тазалаймыз. Көлдің нақ орта тұсын тазалауға экскаваторды емес, сырып итеретін «Камацу», яғни бульдозер техникасын пайдаланбақпыз. Содан кейін көктемгі ағын сумен көлдің арнасы жаңадан толығады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша туған жерге осылайша тағзым етіп, өскен өңірімді көркейтуге үлес қосудамын», – деді кәсіпкер.
Айтып отырса, Ақан Темірғали­ұлы 2017 жылдың егін орағынан түскен пайдасынан 2 миллион теңге қаржыны көлді қайта қалпына келтіру жұмыстарына салды. Биыл оған қоса 5 миллион теңге салуды жоспарлап отыр. «Жеті – қазақта киелі сан. Сондықтан Бақалыкөлдің дәуренін қалпына келтіруге 7 миллион салуды ұйғардым. Көлді қалпына келтірген соң, балық жіберу жағын да ойластырудамыз. Ресейден шабақ әкелуге келісім жасалды. Бұйыртса, маусым айының басында тұқымдас балық жібереміз», – деді мерейлік кәсіпкер.
Ауылдың жігіттері Ақаңның бас­тауымен қыста да көлдегі мұзды ойып, ондағы балық қырылмас үшін ауа жіберу жұмыстарын ұйымдастырды. Көлде тұқы, табан балықтар өседі. Тек соңғы жылдары көлдің экологиясы нашарлап, балық азайған. Сондай-ақ Ақан жеке кәсіпкер Амангелді Ахмекеевпен бірге Мерей ауылындағы мектеп оқушыларына футбол алаңы құрылысын салуды бастаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаны биыл Ұлы Жеңіс күніне аяқтау жоспарланған.
– Мен атақ алайын немесе бай­лықтан асып-тасып жүргенім жоқ. «Туған жерге туың тік» демекші, ауылды көркейту – перзенттік парызым, – деді ағынан жарыла сөйлеген Ақан Көшәлиев. Ол бұдан бұрын да Бақалыкөл жағасына ауылдың жігіттері болып екі мың түп тал екті. Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне егіс алқабының жиегіне, үй жанына барлығы 550 түп тал отырғызғаны да көптің ауызында жүр. Ауыл-аймақты көркейту, абаттандыру бағытында жоспар-жобасы баршылық. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Ауылды көркейтемін дейтін қазақтың осындай нарқасқа жігіттері аман жүрсе, туған жеріміз түлеп, гүлдене беретіні кәміл.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру