Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Бағаның өсуі саябырлады

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәлімдеуінше, наурыз айында бағаның өсуі үш жыл қатарынан бір деңгейде, әйтсе де, биылғы қаңтар-наурыз қорытындысы бойынша тоқсандық инфляция соңғы 15 жылдағы ең төмен көрсеткіште болды. Бұған азық-түлік тауарларына бағаның маусымдық өсуін тежеу игі ықпалын тигізген.

Көктем жылуы бағаларды да жұмсартқандай

Статистика комитетінің мәлі­мет­тері бойынша, Қазақстанда наурыз­дағы инфляция 0,5% құраған. Осы айда азық-түлік тауарларына баға 0,8%-ға, азық-түлік еместеріне – 0,5%-ға, ақылы қызметтерге – 0,2%-ға артқан.
Тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі көктемнің бірінші айында 3 жыл бойы өзгеріссіз: 2016 жылы да, 2017 жылы да наурыздық инфляция нақ осылай жарты пайызды құраған.
Дегенмен, 2018 жылдың қаңтар-ақпаны өткен жылдарға салыстыр­ғанда төменірек баға өсуімен (0,6 және 0,7%%) айшықталып отыр. Осының нәтижесінде тоқсандық инфляция соңғы 3 жылда – 2016 жылғы қаңтар-наурыздағы 3%-ға және 2017 жылғы 2,3%-ға қарағанда төменгі деңгейді – 1,8%-ды көрсетті.
Оның үстіне 2005 жылдан бастап жыл екі рет тауарлар мен қызметтердің құны төмен өсуімен басталған болатын: 2012 және 2015 жылдары бірінші тоқсанда тұтыну бағасының индексі 1,1%-ды құрады. (1-инфографика).
Сондай-ақ жылдық инфляция көрсеткіші (соңғы 12 айдағы тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі) де қазір соңғы девальвациядан бергі уа­қыт­тағы ең төменгі деңгейге жақын.
2015 жылы қыркүйекте ол 4,4%-ды құрады, бірақ теңге еркін ағымға көшкеннен кейін шұғыл өсті (шырқау шегі 2016 жылдың шілдесіне тура келді – 17,6%). 2018 жылдың ақпаны қорытындысы бойынша бұл 6,5%-ға дейін төмендеді, бірақ наурызда оннан бір пайызға көтерілді.

Жекелеген азық-түлік тауарлардың тұтыну бағасының индексі
(2018 ж. наурызы %-бен айларға…) 3-инфографика

Азық-түлік бағасы  тұрақты емес

Инфляцияның қарқынын тежеу көп жағдайда азық-түлік тауарлары­ның құнын төмендетуге байланысты. 2018 жылғы қаңтар-наурызда олардың бағасы 2,2%-ға өсті, ал 2017 жылы – 3,2% болған. Әйтсе де, әдеттегідей маусымдық баға өсуі айналып өте алмады.
Мәселен, наурызда жемістер құны 2,1%-ға, көкөніс – 1,7%-ға (соның өзінде пияз 1,4%-ға арзандаған) өскен. Қант 1,6%-ға, айран мен жылқы еті – 1,7%-ға қымбаттаған.
Арзандаған азық-түлік көп емес.
Олардың қатарына пияздан басқа құны республикамызда айтарлықтай тұрақты төмендейтін – жарма (-1,2%) кіреді. 2018 жылдан бастап олардың бағасы 5,6% түсіп, 2017 жылдың наурызымен салыстырғанда бұлар 19,1%-ға арзандап кеткен.
Бағалар өсуінің басты тежегіші – наурызда 3,4%-ға, ал бірінші тоқсанда 12,6%-ға арзандаған – қарақұмықтың жармасы. Сондай-ақ жыл басынан бері, аз да болса дефляциясы 1% құраған – күріш арзандады. Құс еті қаңтар-наурызда 0,8%-ға, жұмыртқа – 1,1%-ға арзандады.
Қымбаттаған азық-түлік өнім­деріне қатысты айтар болсақ, наурызда да, бірінші тоқсанда да бұлардың басты қозғаушысы жеміс-көкөніс өнімдері болып табылады. Картоп жыл басынан бері 6,9%, пияз – 6% қымбаттаған.
Баға өсуінің көшбасшысы қырық­қабат: 3 айдағы бағасы +13,3% (оның ішінде наурызда 1,6%). Басқа тауарлық топтар баяуырақ қымбаттауда: ет, мәселен, бірінші тоқсанда құны 1,3%-ға, балық пен теңіз өнімдері – 1,4%-ға, сүт және сүт өнімдері – 2,6%-ға өсіп кеткен.

Жекелеген азық-түлік тауарлардың тұтыну бағасының индексі
(2018 ж. наурызы %-бен айларға…) 2-инфографика

Әуе көлігі қызметтері  арзандай түсуде

Азық-түлік емес тауарлар және қыз­­меттер арасында наурызда мына­лардың құны неғұрлым өскен: жағар май, автокөлік, аяқ киім жөндеу (1%), газ (0,7%) және жеке тұтынатын тауарлар (0,9%).
Мұнан басқа денсаулық сақтау қызметтерінің құны 0,6%-ға өскен. Сонымен қатар көлік қызметтері жалпы алғанда 0,2%-ға (т/ж билеттері – 0,3%-ға, әуе билеттері – 4,5%-ға), ал кесек отын – 0,1%-ға арзандаған.
Тоқсан қорытындысы бойынша ең жоғары баға өсуі құқықтық қыз­меттерде – 6% (және де оның құны қаңтарда көтерілген, сонан соң екі ай бойына өзгеріссіз тұр) орын алған. Кейбір коммуналдық қызметтер (ыс­тық су және жылу беру – 3,5%-ға, электр қуаты – 3,4%-ға), сондай-ақ пош­та қызметтері (4,3%) айтарлықтай қым­баттаған.
2018 жылғы қаңтар-наурызда ар­зандаған негізгі азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер бар-жоғы 3-еу: әуе көлігі қызметтері (-8,5%), қонақ үйлер қызметтері (-0,3%), техникалық қызмет көрсету және автомобильдерді жөндеу (-1,4%).

Бірінші тоқсандағы тұтыну бағасының индексі (%-бен) 1-инфографика

Иса ҚАМБАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру