Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Даму мүмкіндіктерінің бірі – қаржыландыруды қолжетімді ету

«Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деген бар. Адам баласының асыраушысы Жер-анаға табан тіреген бірден-бір сала – ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы маңызы туралы айтып жату артық.

Мемлекет басшысы «Төртін­ші өнер­кәсіптік революция жағ­дайын­дағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын заман талаптарына сай қарқынды дамыту, аграрлық өнеркәсіпті өр­кендету мен саладағы еңбек өнімділігін арттыру, жоғары сапалы дайын өнім экспортын ұлғайту мақсатындағы келелі міндеттерді айқындап, нақты тапсырмаларды алға қойды. Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыру міндеті жүктелді.
Осы тұрғыда соңғы жылдары қолға алынған үлкен шаруаның бірі – ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту. Қазіргі таң­да еліміздің бар өңірінде ұсақ шаруа­шылықтар ауыл шаруашы­лы­ғының әр саласы бойынша өндірістік кооперативтерге бі­рік­тірілуде. Ірілендірілген мұн­дай шаруашылықтарда өнді­ріс­тік қуат та, жұмыс күші де жет­кілікті, ақылды технологияларды енгізу мүмкіндігі де мол болмақ. Яғни еңбек өнімді, табыс жоғары болары анық.
Үкімет басшысының орынбасары – ауыл шаруашылығы ми­нистрі Өмірзақ Шөкеевтің өт­кен жұмадағы Ақмола облысына жұ­мыс сапары барысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесуінде осы бағыттағы өзекті мәселелер ортаға түсті. Негізінен ет өндірісіндегі кооперация мәсе­лелеріне арналған көшпелі ке­ңесте саланы дамытудың кемел бағыттары, отандық ауыл шаруа­шылығы тауар өндіруші­лерін мем­лекеттік қолдау саясаты тал­қы­ланды.
Қай істі болсын жолға қойып, ілгері жылжыту бірінші кезекте қаржы мәселесіне келіп тірелетіні белгілі. Осы ретте жиында жүк­телген міндетті ойдағыдай іске асыру үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жан-жақты қолдау көрсету мақса­тында қар­жы­ландырудың қолжетім­­ді­лі­гін арттыру, сату нарығын кеңей­ту және ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің экспортын дамыту, саланы цифрландыру мәселе­леріне, мемлекеттік бақылау мен қада­ғалаудың тиімді, заманауи техно­логия­лардың қолжетімді болуына ерекше назар аударылып отырғаны атап айтылды.
Мал шаруашылығын мемле­кет­­тік қолдау шараларын барынша ұлғайту көзделіп отыр. Қазіргі таңда қолда бар қолдау шараларының нәтижесінде респуб­ли­­камыздың экс­порттық әлеуе­тін дамытуға негіз болатын 16 мыңнан астам шаруа және фермерлік шаруашылықтар құрылды.

Солардың бірі Бұланды ауданында орналасқан, етті бағыттағы «Ангус» тұқымдас ірі қара малын өсірумен айналысатын «Қайрат» шаруа қожалығы болып табылады.
Қазақстандық фермерлерді мем­­ле­кеттік қолдау саясатының тағы бір бағыты – ауыл шаруашы­лығы өндірушілерін заманауи және қолже­тімді техникамен қам­тамасыз ету. Бұл жерде бірінші кезекте ауыл шар­уашылығы тех­никасының табиғи тозуы есепке алынады. Мерзімі жеткенмен, әлі пайдаланылып жүрген мұндай техника көп. Мәселен, қазіргі уақытта тракторлардың 86% мен комбайндардың 72%-інің қолданылу мерзімі 10 жылдан асып кеткен.
Былтырғы жылы ауыл шаруа­шы­лығы техникасын сатып алу мен жаңарту деңгейі күрт тө­мендеді. Бұл өз кезегінде егіннің сапасына, кірістің азаюына, тех­никаның тұрып қалуы мен пайдалану шығындарының ұлғаюына алып келеді.
Осыған байланысты лизингке бе­рілетін ауыл шаруашылығы техникасын несиелеу кезіндегі сый­ақы мөлшерін субсидиялау көз­­деліп отыр. Жобаға сәйкес, ауыл шаруашылығы техникасын не­сиеге алу кезінде пайыздық мөл­шерлеменің бір бөлігі (7-10%) бюджет есебінен субсидияланады. Ауыл шаруашылығы техникасын алуға кететін шығынның 25%-і шегіндегі көлемін өтейтін инвестсубсидия бағдарламасы жалға­са­тын болады.
Сонымен қатар, инвестсубсидияны несие алушының арнайы шотына түсетін аванстық төлем ретін­де қолдану қарастырылуда. Бұл өз кезегінде фермерге оны лизинг бойынша алғашқы төлем ретінде (15-20%) пайдалануға және қаржы жүктемесін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Министрліктің баспасөз қыз­ме­­­тінің хабарламасына сәйкес, қазір­гі уақытта минералды тыңайт­­қыш­тарды субсидиялау үдерісі толығымен автоматтан­дырылған. Биылғы жыл­дың 1 ақ­панынан бастап субсидия алуға өтінім автоматтан­дырылған ақ­­параттық жүйе арқылы электронды түрде қабыл­дануда. Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында ты­ңайт­қыштарға субсидия беріле бас­тады.
Еліміз дамуының жаңа кезеңін­дегі аграрлық саясат еңбек өнім­ділігін түбегейлі арттыруға және өң­делген өнім экспортын ұлғайтуға бағытталып отыр. Осы ретте шикі­затты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу мақса­тына тұтас аграрлық сала­ның бет­бұруы маңызды. Сон­дықтан ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі агроөнер­кәсіп ке­шенін дамы­тудың өзекті мәсе­лелері мен саладағы нақты ахуал туралы толық ақпарат алу үшін еліміздің барлық өңірлерінде осындай көшпелі кеңестер өткізу тәжірибесін жалғастыратын болады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру