Валюта бағамы: $ 327.92 399.31 5.23 ¥ 51.87

Сала алдындағы салмақты міндет

Индикаторлар қалай игерілуде?

Тұрақты өсім көзіне айналу үшін аграрлық секторға толыққанды даму, тың бетбұрыс қажет. Осы межені игере отырып, әлемдік азық-түлік нарығында лайықты орын иелену – былтыр елімізде жаңадан әзірленіп, бекітілген агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының өзегі болғаны белгілі. Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігі бағдарламаны іске асырудың бірінші жылын қорытындылады.

Ішкі нарықты молықтыру мен отандық өнімнің экспорт­тық әлеуетін дамыту, ауыл шар­уа­шылығы кооперация­сы­на шағын және орта шаруашы­лық­­тар­ды тарту, су ресурстарын тиімді пай­далану мен сауда-логисти­ка­лық инфра­құры­лымды дамыту – бағ­дарламаның басты артық­шы­­лықтары. Осы бағытта өткен жылғы нәтижелерді талдап көр­сеткен Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­лігінің мәліметтеріне зер салсақ, саладағы жалпы өнімнің көлемі 2,9 процентке ұлғайып, 4,1 трлн теңгені құраған. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 4,1 процентке өскен. Ауыл шаруашылығы­ның негізгі капиталына салынған ин­вестициялардың өсуі 29 про­центті, азық-түлік өнімдері өнді­рісінде – 32 процентті құрады. Сөйтіп, 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 7 мақсатты индикаторға қол жеткізу жоспарланып, оның 6-ы орындалды. 2015 жылдың деңгейімен са­лыстырғанда азық-түлік тауарларымен көтерме сауданың нақты көлем индексі бойынша 1 нысаналы индикаторға қол жет­кі­зілмеу себебін министрлік 2015 және 2016 жылдары көтерме бағалар индексінің өсуімен байланыстырады. Мысалы, азық-түлік тауарлары бойынша бағалар индексі 2015 жылы – 107,1 %, 2016 жылы – 113,8 %, 2017 жылы – 106,1% болған.
Есепті кезеңде 64 нәтиже көр­сеткішіне қол жеткізу жоспар­ланған болса, оның ішінде 47 көрсеткішке қол жеткізілген. Ал ауыл шаруашылығы коопера­тивтері дайындаған өнім көлемі және олардың мүшелерінің саны бойынша көрсеткіш – игеріл­мегендер қатарында қалып отыр. Көрсеткіштерге қол жеткі­зілмеу кооперативтердің көп бөлігі қажетті жабдықтармен тек екінші жартыжылдықта ғана жабдықталғанына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімі өндірі­сінің маусымдық сипатына байланысты орын алды. Мұнымен қоса кооперативтерді құру көрсеткіші 82 процентке артығымен орын­далған. Алайда кооперативтер қызметіне жүргізілген мони­то­ринг құрылған 851 ауыл шаруа­шылығы кооперативінің 491-і ғана қажетті жабдықтармен жарақталып, ағымдағы жылы өнім дайындауға кірісе алатынын көрсетті. Яғни, министрлік назар ау­дарып отырғандай, бұл деректер құрылған кооперативтер санын көбейту жолында олардың сапасына нұқсан келтірілгенін айғақтайды.

Сондықтан да жергілікті атқарушы органдарға жаңа кооперативтерді тір­­кеу бойынша индикаторлар бел­гілеу прак­тикасын жалғастыру орынсыз. Одан да облыстар әкімдіктері құ­рылған кооперативтердің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар әлі іске кіріс­пеген кооперативтердің жұмыс істеу қабілеттілігін анықтауды аяқтап, олар­дың қажетті жабдықтармен жа­рақ­­тандырылуын қамтамасыз еткен жөн. Қорыта айтқанда, Ауыл шар­уашылығы министрлігі қазіргі уа­қытта көптеген ауыл шаруашылығы коопе­ративтері өндірілген өнімді өткізу, өндірілген өнімнің технологиясы мен қауіпсіздігі саласында арнаулы білімнің болмауы, сондай-ақ негізгі және айналым қаражатының жоқтығы проблемаларымен бетпе-бет келіп отырғанын назарға алып, зәкірлік ауыл шаруашылығы кооперациясын құру моделін қолда­нуды ұсынуда. Бұл көлденең және тік кооперация элементтерін пайдалана отырып, ірі және ұсақ АӨК субъектілерін экономикалық тұрғыдан біріктіруге мүмкіндік бермек.
Бүгінде егістік алқаптарының құрылымын әртараптандыру шаралары әрі қарай жалғасуда. 2016 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар алаңы – 444 мың гектарға, қант қызылшасы алаңы – 6,3 мың гектарға, бұршақ дақылдары алқабы – 274 мың гектарға ұлғайды. Арпа, сұлы, жүгері, қарақұмық, күріш және мақтаның егістік алқаптары кеңейе түссе, бидай алқабы 467 мың гектарға қысқарды. Егіс алқаптарының құры­лымын әртараптандыру жөнін­дегі ме­морандумның индика­тивті көр­сеткіштерін жекелеген облыстар­дың орындамауына байланысты сұлы, азықтық дақылдар мен картоп өндіру көлемі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.
Мал шаруашылығына тоқталсақ, мұндағы өнім шығару 3,9 %-ке артты. Соның ішінде ет – 5,9 %-ке, сүт – 3 %-ке, жұмыртқа өндіру – 7,3 %-ке өсті. Мал басы орташа есеппен 5 %-ке көбейіп, асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 11 %-ке дейін артты. 2010 жылда аталған көрсеткіш 7,7 % болған. Алайда құс еті, шошқа еті және құрама жем бойынша тиісті көрсеткіштерге қол жеткізілмеді.

2018 жылға арналған ауылшаруашылығы дақылдары егіс алқабының болжамды құрылымы (мың га)


Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 12,5 процентке өсті. Соның ішінде қайта өңделген өнімнің үлесі аз емес. Дегенмен, өсімдік майы мен сиыр етінің экспорты бойынша жоспар орындалмады. Мәселен, өткен жылы 117 млн доллардың өсімдік майы шетелге сатылады деген жоспар болған. Алайда нақты сатылған өнімнің көлемі 92 млн долларды құрады. Себебі өсімдік майының экспорттық бағасы 11 %-ке төмендеген. Соның өзінде былтыр 113 мың тонна өсімдік майы экспортталды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Ал экспортқа шығарылған сиыр етінің жалпы сомасы жоспардан екі есе төмен, 24 млн доллармен шектелді. Мұның өзіндік себебі – ірі қара мал етінің қолайсыз баға коньюнктурасы. Мәселен, Ресей нарығында бір келі сиыр етінің бағасы 210-220 рубльді құрайды. Жеткізу шығындарын есептемегенде, бұл теңгеге шаққанда 1200-1300 теңгенің маңайында. Ал Қазақстанның ішкі өткізу бағасы 1500 теңгені құрайды. Екіншіден, Атырау облысында нодулярлы дерматиттің тіркелуіне Ресей тарапынан арнайы талаптар енгізілген болатын. Жалпы ауыл шаруашылығы экспортының географиясы ұлғаюда. Қазір балық, қой, жылқы, бал шаруашылығы өнімдері, бидай, кебек және соя бұршақтары үшін қытай нарығы ашық. Қытайға өнімнің экспорты қазір 34,3%-ке ұлғайды. Сондай-ақ Біріккен араб әмірліктеріне ірі қара малды және ұсақ малды жеткізу бойынша кедергілер алынып тасталды. Ал Иранға рапс тұқымының экспорты 7,5 есеге, арпа экспорты 1,3 есеге, бұршақ тұқымдас көкөністер экспорты 1,9 есеге ұлғайды.
Су ресурстары саласында өткен жылы Тасқын суларды сақтау, жи­нақтау мен тарату және жайы­лым­­дардағы мал суаруға арналған құ­рылыстарды қалпына келтіру жөнін­дегі жоспар әзірленді. Бұл ретте Ислам банкімен және Еуропа қайта құру және даму банкімен 128,1 мың гектар суармалы жерді айналымға тарту және 101,0 мың гектар алқапта коллекторлық-дренажды жүйені қалпына келтіру үшін 102,2 млрд теңге сомасында қарыз алу туралы келісімге қол қойылды. 15,2 мың га суармалы жердің ирригациялық ин­фрақұрылымы қалпына келтірілді. Былтырдың қорытындысы бойынша 7 апаттық су қоймасы пайдалануға қабылданды, 3 гидротехникалық құ­рылысты реконструкциялау аяқтал­ды және 1 аса апатты объектіні күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Бүгінгі таңда еліміздің жер қо­рына талдау жүргізіліп, 15,2 мың шаруашылық субъектісі бойынша де­ректерде айырмашылықтар анық­талды. Сондай-ақ 4,9 мың субъект кадастрлық тіркеуге енгізіл­ме­ген­дігі белгілі болды. Жаңа жер­лерді айналымға тарту есебінен ауыл шаруашылығы жерлері 1,5 млн гек­тарға, сонымен қатар босалқы жерлер есебінен ерекше қорғалатын ай­мақтардың жері 409,7 мың гек­тарға ұлғайды. Пайдаланылмайтын жер­лер­ді айналымға тарту үшін 3,7 млн гектар алқаптағы 8,9 мың ауыл шар­уашылығына арналған жер учас­кесіне қатысты он еселік жер салығы қолданылды.
Сонымен қатар АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында жерлерге то­пы­рақтық және геоботаникалық зерт­теп-қарау мен 11,3 млн гектар алаңда топыраққа бонитерлеу жүр­гізілді, есептік орамдардың 75 электрондық картасы жасалып, ауыл шаруа­шы­лығы жерлерінің 10 мың паспорты дайындалған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру