Валюта бағамы: $ 360.12 409.67 5.33 ¥ 52.34

«Машзауыт» машина жасау компанияларының консорциумының операторы «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай АЙҒОЖАҰЛЫ: Нанотехнологиялық жобаларға жан бітіреміз

Жақында «Машзауыт» машина жасау компанияларының консорциумының операторы «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай Айғожаұлы Қазақстанның бір топ іскер азаматтарымен бірге Жапонияға іссапармен барып келді. Ондағы мақсат – еліміздің инвестициялық әлеуетін таныту, инвесторлар тарту. Бүгінгі таңда Күншығыс елі әлемде аутомобиль мен кеме жасау, қара металлургия, тұрмыстық электр техника, сандық бағдарламалық басқаруы бар жабдықтар өндірісі бойынша да озық.

Іссапар барысында «Паносоник», «Хитачи» компанияларының прези­денттерімен және «Норд Каспиан Оперейтинг» компания­сы­на қаржы құйған жапондық ком­панияның өкіл­дерімен кез­дестік. Кездесуде біз оларды төрт жо­баға, яғни ТШО-ның, ҚПО-ның, «Норд Каспиан Опе­рей­тинг», Атырау химиялық кешені құрылысы жобаларының тен­дер­леріне бірге қатысуға шақыр­дық. Жобаларға біздің тарап та, келісіп жатса, жапондықтар да өз қаржысымен қатысады. Бірақ оларға Қазақстанда жұмыс істеп әрі біздің жастарды оқытасыздар, жаңа технология әкелесіздер деген шарттарымызды да қойдық, – деді «Машзауыт» машина жасау компанияларының кон­сорциумының операторы «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы Жапония сапары туралы әңгімесінде.
Жалпы, жапондық іскерлермен өткен кездесуді сәтті немесе сәтсіз өтті деп кесіп айту қиын. Жапондар Менделеев кестесіндегі барлық элементтері бар Қазақстанның ең бай ел екендігін және 17 миллион халқы бар мемлекеттің оларға нарық болмайтынын емеурінмен түсіндіргендей болған. Әдепті халық қой, тура айтпағанмен осыған келтірген. Ал Көшербай Айғожаұлы ұсынған төрт жоба олардың қызығушылығын ту­дырған.
– «Теңіз Шевройл» жобасы төрт жылға лайықталған, оның құны 37 млрд. доллар, «ҚПО б. в.» компания­сының жобасы 19 млрд. доллар шамасында, «Норд Каспиан Оперейтинг» компаниясының жобасының құны 9 млрд. доллар шамасында деп түсіндіріп, бірге қатысуды ұсындық. Менің ойымша, жер асты байлыққа толы әрі озық технологиясы тапшы Қазақстан мен шикізаты жоқ әрі мық­ты технологиясы бар Жапония өзара тығыз байланыс орнатса, бірін-бірі толықтырар еді, – деді Көшербай Айғожаұлы.
Оның түсіндіруінше, оралдық за­уыттардың көпшілігі жабық, мем­ле­­кеттің қарауында. Сондықтан жер қой­науын пайдаланушы шет­ел­­дік ком­­паниялар ҚР «Сатып алулар туралы» заңы бойынша жергі­лікті кәсіпорындардың тендер жария­ла­ға­нын күтіп отырмайды. Қа­зіргі уа­қытта Үкіметтің қаулысымен елі­мізде Маңғыстау облысы мұнайгаз сервисі, Атырау мұнайгаз химиялық кешені, БҚО мұнайгаз машина жасау кластерлері болып бекітілді. Мұ­найгаз машина жасау кластеріне кіретін зауыттар консорциумының опе­ра­торы ретінде «Зениттехсервис» ЖШС мұнайгаз саласындағы темір-терсек, жадбықтарға қатысты тен­дер­­лерге қа­тысады. Инженерлік-сервис­тік компания ретінде де барлық құжат­таманы дайындап, тендерлерде ұтқан жағдайда қажетті бөлшектерді, жабдық­тарды жасап, зауыттарға үлес­тіреді.
Қазіргі уақытта өңірдегі екі зауыт, бірі «Зенит», екіншісі «Уралвент» (бұ­рынғы «Оралпромвентиляция») ком­­па­ниялары «Зениттехсервис» ар­қы­­лы «Сайпем» компаниясының бұр­ғы­лау жұмыстарына қажетті жаб­дық­тарын өңдеуге қатысып отыр.
«Зениттехсервис» консорциумы мәскеулік «Композиттердің нано­тех­но­логиялық орталығы» ЖШҚ-ның (ООО «Нанотехнологическиий центр композитов») нанотехнологиялық ком­­­по­зиттік бұйымдар шығару жобасын іске асырмақ. Ондай заттар көліктердің дөңгелектерін шикізат ретінде пайдалану арқылы жасалады. Сондай-ақ ескі тұрғын үйлердің, түрлі ғимараттың жарылған, сызат түскен қабырғаларына арналған ком­позиттік талшықты жапсырмалы заттар дайындалады. Оларды әсіресе, сейс­микалық аудандардағы құры­лыс­тарға пайдаланған тиімді.
– Үйдің жарылған қабырғасын це­­ментпен майлайды да, мынадай жап­сырмалы бұйымды жапсырып тас­тайды. Көбіне апатты үйлерге пайда­ла­нылады. Бұдан да басқа компо­зиттік материалдан жасалған плита­ларды төтенше жағдайларда және құтқару шараларында жылдам жол тө­сеу жұмыстарына пайдалануға болады. Бұл бағыттан басқа да Елбасы­ның тапсырмаларына сәй­кес нано­тех­нологиялық жобаларды іске асы­руға жұмыстанудамыз. Соның ішінде Ресейдің Самара авиациялық-инже­нерлік орталы­ғы­мен бірігіп, «Гидро­п­рибор» ҒЗИ» АҚ кәсіпорнында тіке ұшатын ұшақ жасауға дайындық үстіндеміз. Жоба бойынша бұл мәселе алдағы сәуір айының басында шешілуі мүмкін. Бұдан да басқа Ресейдің Тольятти қаласындағы «Спектр» фир­масымен бірге «Ақылды қала» тұ­жы­рымдамасына сәйкес Оралдағы Достық даңғылындағы Юбилейный аялдамасының тұсына төрт күн батареясымен, жел қозғалтқышымен қуаттанатын «ақылды жаяу жүргін­шілер жолағы құрылысы» жобасын «жандандыру» қолға алынбақ, – деді Көшербай Айғожаұлы.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру