Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

Біліктілердің сайысы

Алматыдағы «Almaty Arena» спорт кешенінде аралас жекпе-жектен «Fight Nights Global 86» атты халықаралық турнирі өтті. Жалпы саны 12 айқас өткізілген белдесуге Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, АҚШ мемлекеттерінің спортшылары қатысты.

Жарыс барысында ең бі­рін­ші болып грепплингтен АDCC ережесіне сәйкес жер­ле­сіміз Хабибула Мансұр ре­сей­лік Юсуп Саадулаевпен бел­десті. 65,9 келі салмақ дәре­жесінде басталған сайыстың нә­тижесінде отандасымыз ұпай санымен қарсыласынан айла­сын асырды. Бұл салмақта қа­зақ­стандық Нартай Қажеков көр­ші қырғызстандық Расул Тезикбаевпен жұдырықтасты. Қо­ры­­тын­­дысында көрші мемле­кет­тің сай­ып­қыраны ұпай санымен жеңіп кетті. Тағы да бұл салмақта отандасымыз Ержан Естанов ресейлік Расул Мирзаев арасындағы жекпе-жекте ММА-ның ережесі бойынша қазылар алқасы Расулдың белсенді де тәжірибелі әдістерін бағалап, бір­ауыздан жеңді деп шешті.
Ауыр салмақта, яғни 98,9 келі салмақ дәрежесінде Бекир Бариев (Қазақстан) пен Арсен Шапиев (Ресей) арасындағы төбелесі тартысты өтті. А.Шапиев қылғындыру әдісімен ұтты. 61,2 келіде Жұман Жұмабеков (Қазақ­стан) пен Никита Балтабаев (Ресей) белдесуінде спортшымыз тех­никалық нокаутпен ұтты. Сол сияқ­ты 65,8 келідегі қазақстандық Мұратбек Қасымбай мен Ренат Он­дар белдесуінде жерлесіміз тех­никалық нокаутпен жеңді. Ал, ре­сейлік Артур Магомедов жерле­сіміз Руслан Серіпқұловты ауырты әдісімен ұтса, қазақстандық Дәурен Ермеков грузиялық Гиорги Лобжанидзені техникалық но­каутқа түсірді.
Бұл кештің ең басты жекпе-жегі 56,7 келі салмақта FN GLOBAL чемпиондық белбеуінің экс-үміткері «Жако» деген лақап аты бар қазақстандық Жалғас Жұмағұлов пен 2017 жылғы басты сенсацияның авторы америкалық Тайсон Нэм арасында өтті. Жек­пе-жектің қорытындысында қа­зылар алқасының шешімімен спорт­шымыз ұтысқа кенелді.
Турнир аяқталған соң «Ka­zakhstan Top Team» клубының бра­зилиялық джиу-джитсу және грепплингтан Қажымұқан Мұ­найт­пасов атындағы академиясында Ержан Естанов, 65 келі сал­мақ дәрежесінде бірнеше дүркін жеңімпазы Расул Мирзаев және ұйымдастырушылардың қатысуы­мен спортшыларға ар­нал­­­ған ше­берлік сабағы өткі­зілді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру