Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Барлық мәселе бақылауға тәуелді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың қорытындылары қаралды. Сондай-ақ тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының қызметі мен оны енгізу мәселелері сараланды.

Күн тәртібіндегі тақырыптарға көш­пес бұрын Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысында орын алған су тасқынына назар аударып, өңір әкімі Даниал Ахметовтен тасқынға қарсы қабылданып жатқан шаралар жайында есеп беруін сұрады. Облыс әкімі жағдайды толық баяндап, жүргізіліп жатқан жұмыстар, зардап шеккендерге қолдау мен көмек шаралары жөнінде ақпараттар берді. Дегенмен, су тасқынымен күреске қажетті төтенше жағдайлар департаментінің тиісті құрал-жабдықтары жетіспеуде. Осыған байланысты облыс әкімі Үкімет басшысынан мәселені шешуге мүмкіншілік тауып беруді сұрады.
Премьер-министр Бақытжан Сағын­таев өңірлердің, Астана мен Алматы қалаларының әкімдеріне су тасқыны жағдайын ерекше бақылауға алуды және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Үйлестіру жұмыс­тары Премьер-министрдің бірінші орынбасары А. Маминге жүктелді.
Жиында Үкімет басшысы Кемеровода болған қайғылы оқиғаға да тоқ­талды. «Біз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек», деген Б.Сағынтаев Ішкі істер министрлігіне және өртке қарсы қызмет­терге әкімдермен бірлесіп барлық сауда орталықтарына тек­серу жүргізіп, қажетті шараларды қа­былдауды тапсырды.
Елімізде Индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының табысты іске асырылуы өңдеу өнеркәсібінің 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша 5,7 процентке өсуіне ықпал еткен. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек келтірген мәліметтерге сәйкес, өсім негізінен металлургия, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, фармацевтика, сондай-ақ азық-түлік өнім­дерін өндіру салаларындағы өндіріс кө­лемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіл­ді. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша 10,5 процентке өсіп, 15,5 млрд долларды құрады. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 8,8 процентке өсіп, 981,6 млрд теңгені құрады. Үш жылда мемлекеттік бағдар­лама аясында 3 трлн теңге қаржыға 378 жоба іске қосылып, 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 1,5 трлн теңге қаржыға 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал биыл «Проммашкомплект» ЖШС теміржол доңғалақтары өндірісінің кешені және үлкен диаметрлі болат құбыр өндіретін «Эйжа Стил Пайп Корпорейшн» ЖШС зауыты сияқты индустриялық жобаларды іске қосудың нәтижесінде 1 триллионнан астам теңгеге шамамен 15 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 150 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Премьер-министр бірқатар мәсе­ле­лерге, атап айтқанда, өңдеуші өнер­кә­сіптегі озық өсімді қамтамасыз ету­ге, индустрияландыруға жаңа технологиялар енгізу үрдісін бағдарлама тұ­жы­рымдамасын әзірлеу кезінде ескеруге, енгізілген жобалардың индустриялық ба­сымдықтарға сай болуы тиістігіне назар аударды.
Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік қала құрылысы кадастры құрылыс саласын цифрландырудың маңызды элементі ретінде қалыптасуда. Қала құрылысы ка­дастры жер бетінде және жер астында ор­наласқан барлық жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай жүйесі болып табылады. Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қала құрылысы кадастрының қызметі мен оны енгізу жайында баяндады. Д.Абаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында бірқатар ақпарат­тық жүйелерді біріктіру арқылы «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» ақпараттық жүйесін құру туралы айтты.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Б.Сағынтаев әкім­дерге Инвестициялар және даму министрлігіне қолда бар дерекқорлар мен қала құрылысы кадастрын жүргізудің ақпараттық жүйелерін ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ өңірлерде инженерлік желілерді инвентаризациялауды жүргізіп, Инвестициялар және даму министрлігіне деректерді беру қажет. Инвестициялар және даму министрлігіне Ақпарат және ком­муникациялар министрлігімен бірле­сіп, өңірлер ұсынған деректерді ескере оты­рып, Мемлекеттік қала құрылысы ка­дастрының автоматтандырылған ақпа­рат­тық жүйесін қалыптастыруды бас­тау тап­сырылды.
Жиында қаралған келесі мәселе – Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолда­нудың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы мен өткен жылдың негізгі қоры­тын­дыларын мәдениет және спорт минис­трі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады.
Тақырыпты түйіндей келе, Премьер-министр Б.Сағынтаев тілдерді дамыту және оларды қолдану жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырудың жақсы көрсеткіштерін атап өтті. Үкімет басшысы халыққа қазақ тілінің тегін курстарын ұсыну, қазақ тілін латын графигіне көшіруді жүзеге асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жандандыру қажеттігін айтып, тиісті тапсырмалар берді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру