Валюта бағамы: $ 352.54 415.15 5.31 ¥ 51.53

Егістікке дайындығымыз қалай?

Күздегі мол астық – көктемгі егістікке мұқият қараудың жемісі екендігі әркімге аян. Сондықтан ел Үкіметі жыл сайынғы маңызды науқанға дайындықты бастап кетті. Дән себу барысын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін қажетті шешімдер қабылданды. Ендігі міндет – егістік жұмыстарын дер кезінде бастап, тиісінше назарда ұстау.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған алдын ала деректер бойынша, биыл егіс алқаптары 21,8 миллион гектарды, яғни іс жүзіндегі өткен жылғы деңгейді құрайды. Дәнді дақылдар – 14,7 млн гектар алқапқа, оның ішінде бидай – 11,4 млн гектар жерге егілмек. Бұл өткен жылғы деңгейден 544 мың гектарға аз.

Сәйкесінше, мал азығы дақылдары 49 мың гектарға ұлғайып, 2,5 миллионнан астам гектар жерге төселетін болды. Бұл мал шаруашылығының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажет. Ал майлы дақылдарға 2,6 млн гектар алқап, картопқа 210 мың гектар, яғни өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 15 процентке артық жер бөлінеді.
Жалпы, биылғы жылдың егініне 2,6 млн тонна тұқым дайындалыпты. Бұл жерде министрлік Шығыс Қазақстан облысында майлы дақылдар тұқымының жетіспеушілігіне назар аударып отыр. Өңірде қажетті көлемнің 87 проценті ғана дайын. Сондықтан облыстардың әкімдіктері айырбастау немесе еркін нарықтан сатып алу арқылы жетіспейтін көлемді жабу көздерін іздестірулері қажет.
Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің негізгі бөлігі айналым қаражаты болмағандықтан себуге тұқым сатып алмай, іс жүзінде жалпы репродукциядағы өздерінің тұқымдарын пайдаланады екен. Соған орай тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі әзірленіп, ол барлық мүдделі тараптардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен кең талқыланған.
Сала мамандары бұл тетікті іске асыру 2021 жылға қарай 3-репродукциядан төмен емес тұқымдар себуді 100 процент қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін алға тартады.
Егілген егінді баптап-күту үшін мине­ралды тыңайтқыштар қажет. Бұл тұрғыда ағымдағы жылға ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру­шілер 446,0 мың тонна тыңайт­қыш­қа, оның ішінде наурыз-мамыр айла­рын­дағы көктемгі дала жұмыс­тарын жүргізу кезеңінде 270,1 мың тонна тыңайтқышқа өтінім беріпті. Оның ішінде негізгі үлес – 78 процент немесе 333,4 мың тонна тыңайтқыш – «Қазфосфат» және «ҚазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің отандық өндіріс тыңайтқыштарына тиесілі. Дегенмен, биылға тыңайтқыштарды суб­си­­дия­лауға жергілікті бюджеттерде көзделген 17,0 млрд теңге өтінім бе­ріл­ген тыңайтқыш көлемін қамта­масыз ету үшін жеткіліксіз. Сондықтан министрлік облыстар әкімдіктеріне тыңайтқыштарды субсидиялауға ар­нал­ған бюджет қаражаты көлемін ұлғайтуды ұсынуда.
Ал көктемгі егістік жұмыстарын ойдағыдай жүргізу үшін ауыл шаруа­шылығы техникасының дайындығы қалай? Облыс әкімдік­терінің мәлі­меттері бойынша, 1 наурыздағы жағ­дайға сәйкес осы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тракторлар – 87 процент, егіс кешендері – 100 процент, тұқым сепкіштер – 87 процент, топырақ өңдейтін құралдар – 88 процент әзір.
Ал жанар-жағармаймен қамтама­сыз ету жайына келсек, ағымдағы жылы диқандардың көктемгі дала жұмыс­тарына арналған дизель отынына деген қажеттілігі 375,0 мың тон­наны құрайды. Ауыл шаруашы­лығы министрлігі Энергетика минис­трлігімен бірлесіп, ағымдағы жылғы ақпан-маусым айлары кезеңіне Өңір­лерге дизель отынын жеткізу кестесін бекіткен. Энергетика минис­трлігі мұ­­най өңдеу зауыттарынан шығару баға­сын литріне 130 теңгеден (тоннасы 156 мың теңге) белгіледі. Бұл ретте операторлардың жеткізуін ескерсек, өңірлердегі орташа баға литріне 146 теңгені құрайды, бұл нарықтағы баға­дан (жанармай құю станцияларында литріне 165 теңге) 13 процентке арзан. Қазіргі кезде облыстардың операторлары ресурс ұстаушылармен шарт жасасу және наурыз айының көлемдеріне ақы төлеу рәсімін аяқтау үстінде. Өңірлерге дизель отынының 50 проценттен астамы тиеліп-жөнел­тілген.
Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ақпараттық-есептеу ор­та­лығы» акционерлік қоғамымен, Энер­гетика министрлігімен және облыстар әкімдіктерімен бірлесіп, агро­өнеркәсіптік кешендегі көрсетіле­тін қызметтерді цифрландыру мен автоматтандыру жөніндегі іс-шаралар аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген дизель отынына арналған квотаны minagro.kz веб-порталы арқылы электрондық түрде бөліп беру және сатып алу схемасын іске асыру жұмысын жүргізуде.
Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген дизель отыны көлемін қалыптастыру және сату тетігінің ашықтығын қамта­масыз ету веб-портал арқылы қамта­масыз етілетін болады. Ауыл шаруашы­лығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын бөліп беру жерді қашық­тықтан зондтаудың спутниктік дерек­тері – электрондық танап карталары растаған ауыл шаруашылығы дақыл­дары егіс алқаптарының шамасына байланысты іске асырылмақ. Сонымен қатар портал арқылы операторлар мен диқандар арасында элек­трондық шартқа қол қоюмен дизель отынын on-line сатып алу-сату жүзеге асырылады. Бұл ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отыны көлемін дұрыс қалып­тастырып-бөлуге, электронды сауданы ынталандыруға, нақты егін­­шілік элементтерін енгізуге оң ықпа­лын тигізеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру