Валюта бағамы: $ 327.92 399.31 5.23 ¥ 51.87

Көгілдір отын Сарыарқаға жол тартты

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУкафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Әр нәрсенің теңеуін тауып, таразыға тартып отыратын қаламгер қауым «көгілдір отын» деп атап кеткен жерасты қазыналарының бірі – табиғи газ арзан да маржан, қуатттылығы жоғары әрі тасымалдауға қолайлы энергия түріне жатады. Қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері кем болғандықтан бүгінде әлемнің дамыған елдері химия өнеркәсібінің құнды шикізатының бірі – осы газға ауысып, өндірістік ғимаратар мен тұрғын үйлерді жылытумен қатар одан пластмасса, химиялық талшық, синтетикалық каучук, азот тыңайтқышын өндіріп келеді.
Үстіміздегі наурыздың басында жария етілген Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасында баса назар аударылған мәселенің бірі елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру болды. Құжатта атап көрсетілгеніндей, қазір елімізде тұрғындардың 50 пайызға жуығы газбен қамтылған. Тоғыз облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Бұл түйткілді тарқату үшін Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша Сарыарқаға магистральді газ құбырын тарту жобасын жүзеге асыру міндеті алға қойылды. Оған түрлі көздерден, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан тиісінше қаражат тарту қажет болады. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экология да жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады.Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде ұзындығы 1081 шақырым болатын «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша газ құбырының құрылысын жүргізу көзделген. Құрылысқа кірісудің және газ құбырының алғашқы жігін дәнекерлеудің салтанатты рәсімі осы жылдың шілде айының басына жоспарланып отыр. Магистральді газ құбырын толтыру және тұтынушыларға газ жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктері газ тарату желілерін жобалап, салатын болады.
Ауылы аралас, қойы қоралас Өзбекстан, Түркіменстан сынды көршілеріміз табиғи газды өндіру мен пайдалану деңгейі жоғары мемлекеттер болып табылады.
Сондықтан географиялық орнына байланысты біздің еліміз арқылы газдың транзиттік бағыттары өтеді. Осыған байланысты тасымалдау әлеуетін тиімді де ұтымды пайдалану газ жеткізу саласындағы стратегиялық міндет болып саналады. Статистика деректеріне сүйенсек, елімізде газ өндіру тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артқанын байқаймыз. Мұнай өнеркәсібіне қарағанда жас сала саналатын газ өндіру өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Маңғыстау мұнай-газ алабынан бастау алады. Оған дейін кәсіпшілер мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды ғана игерумен шектеліп келген еді. Газ өндіру көлемі көп жылдар бойы баяу жылжыды. Оның кең серпіліп, ауқымды көлемде өндірілуі Қарашығанақ кен орнының игерілуімен тұспа-тұс келді. Осы ретте Қарашығанақ республикамыздағы газ өнеркәсібінің өркендеуін жеделдетіп экспортқа шығаруға мүмкіндік бергенін атап өтуге тиіспіз. Бұдан кейін де республикамызда көптеген газ қорлары барланды. Сөйтіп, Қашаған, Имашев, Жаңажол кен орындары, оңтүстікте Шу-Сарысу газ алабы біртіндеп қолға алынып, игеріле бас­тады. Қазір республикамызда ілеспе газбен бірге табиғи газ да өндірілуде. Оны негізінен газ-конденсат және газ кен орындары береді. Сондықтан да газ өнеркәсібінің географиялық таралуы мұнай өнеркәсібінің таралуымен барабар қарастырылады. Батыс Қазақстан бұл саладағы жетекші облыс болып отыр.
Елімізде өндірілген газ көлемі тұтынылатын көлемнен көп. Табиғи газ жеткізілген облыстардан басқалары ерітілген сұйық газды пайдалануда. Бұл жағдай тасымалдаушы газ құбырларының жетіспеушілігінен туындап отыр. Соңғы 3 жылда сұйытылған газды тұтыну 65 пайызға өсті. Автомобильшілердің газға қажеттілігін өтеу жылына 100 мың тоннадан 350-400 мың тонннаға дейін артты. Бұл өз кезегінде Ресейдің жанар-жағар майынан импорт тәуелділігін төмендетуге әсер етті, сонымен қатар газ бағасын бензин бағасынан арзандатуға мүмкіндік берді. Ішкі нарықты жетілдіру мақсатында сұйытылған газдың көтерме бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңмен шығару тетігі және оны электрондық алаң арқылы сату жобасы әзірленді. 2030 жылға қарай елдің газдандыру деңгейін 56 пайызға жеткізу нысаналы көрсеткіш болып табылады. Бұл межеге жету алғы шарттары жасалған. Елімізде соңғы жылдары ауқымды экспорттық және транзиттік газ құбырлары тартыла бастады, соның ішінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынып, пайдалануға берілді, қосымша құбыр қуаттар іске қосылып, отандық газды Қытайға экспорттауға жол ашылды. «ҚазТрансГаз» ұлттық операторының қаражаты есебінен Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының 180 000 тұрғын тұратын 50 елді мекен газдандырылды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Батыс Қазақстан облысында 15 елдімекен, Қостанай және Жамбыл облыстарының әрқайсысында 10 елді мекен көгілдір отын қызығын көріп отыр.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру