Валюта бағамы: $ 352.54 415.15 5.31 ¥ 51.53

Корттағы тартыс

АҚШ-тың Майами қаласында теннистен жүлде қоры 8,6 миллион доллардан асатын дәстүрлі «Miami Open» халықаралық турнирі өтуде.

Қазақстанның бірінші, әлем­­­нің 56-шы ракеткасы Зарина Дияс Майамидағы турнирді жеңіспен бастады. Теннисші қызымыз турнирдегі бірінші кездесуінде әлемнің 83-ші ракеткасы, корт иесі Дженнифер Брэйдимен күш сынасты. Аса тартысты өткен бәсекеде Зарина 7:5, 7:6 (10:8) есебімен жеңіске жетті. Матч 1 сағат 54 минутқа созылды. Екінші айналымда З.Дияс осы жарыста 18-ші ракетка болып тіркелген, қазіргі кезде әлемдік рейтингте 27-ші сатыға түсіп қалған белгілі ресейлік теннисші, кезінде US Open және Ролан Гаррос турнирлерін ұтқан Светлана Кузнецовамен бірге күш сынасты. Жерлесіміз қарсыласын 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Бір сағаттан астам уақытқа со­зылған кездесуде З.Дияс төрт мәрте брейк жасады.
Көз өтті ме, әлде жоқ сөз өтті ме белгісіз, әрі қарай аруымыз 1/8 финалда қарсыласынан жеңіліп қалды. Отандасымыз дүниежүзілік рейтингте 6-шы орында тұрған чехия­лық Каролина Плишковамен кортқа шықты. Бірінші пар­тияда қос бірдей брейк жасаған чехиялық теннисші 6:2 есебімен жеңіске жетті. Зарина мұндай мүмкіндігін пай­далана алмады. Екінші пар­тияда есеп 1:1 болғаннан кейін Каролина брейк жасап, 2:1-мен алға шықты. Бұдан кейін К.Плишкова доп берген мез­гілде З.Дияс жарақатына байланысты кездесуді жалғас­тырудан бас тартты.
Осылайша З.Дияс жүлде қоры 8 миллион доллары­нан асатын Майами турнирі­нің төртінші айналымына дейін жеткенімен, ширек фи­на­лына шыға алмады. Ол К.Плишковадан бұдан бұрын да бір рет жеңілген болатын. Заринаның бұл ірі жарыста төртінші айналымға жетуінің өзі үлкен табыс деуге болады. Аталмыш турнир алдағы жексенбі күні өз мәресіне жетеді.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру