Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Жол картасының жобасы қандай?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жөніндегі жол картасының жобасы талқыланды. Сондай-ақ жиында еліміздің биылғы қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шаралары қаралып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндаманың жобасы қабылданды.

Әлеуметтік басымдықтарды жүзеге асыруға арналған құжат мүдделі мемле­кеттік органдармен және Ұлттық банкпен бірлесіп әзірленді. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов атап өткендей, 35 шарадан тұратын құжатта 7 заң жобасын, 6 Үкімет қау­лысының жобасын, 3 Ұлттық банк басқармасы қаулысының жобасын әзірлеу, сондай-ақ министрлердің 2 бұйрығы мен әкім­діктердің 4 қаулысын қабылдау қарас­тырылған.
«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағытының басты орындаушысы Ұлттық банк өткен жылдардың ең сәтті тәжірибесін пайдаланып, Мемлекет басшысы ай­қын­даған: жылдық 7 процент, 25 жыл­ға, бастапқы жарнасы 20 процент жағ­дайында «7-20-25» бағдарламасын іске қоспақ. Бағдарламаны іске асыруға дайын­дық кезеңдері де анықталған. Сөй­тіп, Ұлттық банк Үкіметке нау­рыз­да қажетті заңнамалық түзетулерді енгізетін болды.
«Бағдарламаға ресми табысы бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Қа­зіргі уақытта банктер критерийлерді әзірлеп жатыр. Мәселен, егер тұрғын үй құны 7 млн теңге болса, онда ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды, бұл қазақстандық қызметкерлердің көпшілігі үшін қолайлы. Ірі қалалар мен аудандардағы тұрғын үй құнының саралануы жоққа шығарылмайды, се­бебі тұрғын үй құны әртүрлі болады», деді Т.Сүлейменов.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша алғашқы тұрғын үй несиесін шамамен осы жылдың тамыз айында беру жоспарлануда.
«Жалақысы төмен жұмысшылар­дың еңбекақысын көбейту үшін олар­дың салық жүктемесін азайту» екінші ба­ғы­тының басты орындаушысы – Ұлт­тық экономика министрлігі салық заң­намасының нормаларын өзгерту бойынша ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отыр. Ал Білім және ғылым министрлігі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші бағытын орындайды. Аталған бағыт аясында техникалық мамандықтарға екпін бере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырыстарын ұлғайту көзделген. Сонымен қатар мемлекеттік-жеке­ше­лік әріптестік қағидасындағы жатақ­ханалар құрылысы бойынша тетіктерді анықтау мен заңнамалық түзетулерді әзірлеу жоспарлануда.
«Шағын несие беруді көбейту» ба­ғытын жүзеге асыруға жауапты Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған бағыт желісі бойынша 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізуі қажет. Өзгерістер қа­лалардағы және ауылдық жерлердегі шағын несие беруді қаржыландыруды ұлғайтуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге бағытталмақ.
«Елді газбен қамтамасыз етуді жал­ғастыру» бесінші бағытын Энергетика министрлігі орындайды. Аталған бағыт «Сарыарқа» магистральді газ құ­бырының бірінші кезеңінің құрылы­сына арналып отыр. Жобаның схемасы мен қаржыландырудың шарты белгіленетін болады. ЕҚДБ, ЕАДБ және басқа да халықаралық қаржы ұйымдары арқылы қаржы тарту жоспарлануда. Жобаны биыл шілде айында бастау жоспарланған. Газ құбырының құрылысын 2019 жылғы желтоқсанда аяқтау көзделген.
Премьер-министр Бақытжан Сағын­­таев талқылау қорытындысы бойын­ша, наурыз айының соңына дейін Пар­ламентке ұсыну үшін барлық қа­жет­ті заң­намалық өзгерістерді әзір­леу­ді тап­сырды.
Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпа­нын­дағы әлеуметтік-экономикалық да­му қорытындысы туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев және қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Ұлттық экономика минис­тр­­лігінің мәліметінше, биыл екі айдың қорытындысы бойынша өсудің тұрақты серпіні сақталып тұр. Барлық негізгі индикаторларға қол жеткізілді. «Есепті кезеңде ІЖӨ 4 процентті құрады, ал өткен жылдың осы кезеңінде 2,5 процентті құраған болатын. Мұндай серпін өңдеу өнеркәсібі мен көрсе­тіле­тін қызметтер саласындағы өсумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ инвестициялар мен ішкі тұтыну да өсті. Инфляция баяу­лады және жыл басынан бері 1,3 процентті құрады. Бұл соңғы жыл­дар­дағы ең төменгі мән. Жылдық кө­ріністегі инфляция 6,5 процентті құ­рады», деді Т.Сүлейменов.
Отырыста өңірлік тұрақтандыру қор­ларының қызметі және нарықты отан­дық азық-түлікпен молықтыру шаралары баяндалған болатын.
Үкімет басшысы Б.Сағынтаев мә­се­лені қарау қорытындысы бойынша, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін еске салып, әкімдіктерге алдағы мереке күн­дерін ескере отырып бағалардың не­гізсіз өсуіне жол бермеу үшін бақы­лауды күшейтуді тапсырды.
Жиында сондай-ақ Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ұлттық баяндаманың жобасы қабылданды. Бес тараудан тұратын ұлттық баяндама жобасы елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттарды, мәселелер талдауын, сондай-ақ еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру