Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Орталық Азия: Байланыстар жандана түсті

Қастерлі Наурыз мерекесі қарсаңында Ақордада бауырлас Орталық Азия елдерінің басшылары кездесті. Кеңеске Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан меджлисінің төрайымы Акджа Нурбердыева қатысты.

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесудің елдерімізге ортақ көктем мерекесі – Наурызда өтуінің символдық мәні барын, Қазақстан көршілерімен, әсіресе тарихы мен мәдениеті, дүниетанымы ортақ Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылатындығын атап өтті.
– Халқымыз үшін мұндай кезде­судің басымдығы айқын. Біріншіден, мемлекеттеріміздің әлеуетін біріктіру осы жерде тұрып жатқан барлық халықтар үшін тиімді. Екіншіден, өңірішілік сауда мен бірін-бірі толық­тырып отыратын экономика кө­ле­мінің артуы да барынша тиімді болады. Үшіншіден, өңірлік қауіпсіздікті нығайту бәрімізді де алаңдатады. Төр­тіншіден, тарихи, этникалық және мәдени тығыз байланыстар біздің өңір халықтарын бір-бірімен жақындас­тырады, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев тұтастай алғанда әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай өңірлік кооперацияның халыққа қызмет ететіндігіне тоқталып, соңғы уақытта елдер арасындағы саяси ынтымақтастықта айтарлықтай прогреске қол жеткізілгендігін атап өтті. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының арасында бесжақты диалог қолға алынды. Сөйтіп, бұл консультациялар диалогқа, күш біріктіруге ортақ ұмтылыстың бар екендігін көрсетті. Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен кезде Нью-Йоркте Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің жиынға қатысқанын жоғары бағалады.
Жалпы, соңғы жылдары Орта­лық Азия елдерінің басшылары арасындағы байланыстар жандана түсті. Тек Орталық Азия елдері емес, Ресей, Қытай секілді алып көрші­лер­мен де қарым-қатынас қар­қын­дай түскен. Келешекте үлкен нарық­тардағы осы ынтымақтастық белсенді түрде жалғаса бермек. Осы орайда Қазақстан басшысы Ресейдегі президент сайлауының сәтті өтуіне тілек­тестік білдіріп, кездесудің же­місті болатындығына, қол жеткізіл­ген уағ­да­лас­тықтар мемлекеттер арасын­дағы қарым-қатынасты нығай­тып, ха­лық­тардың игілігіне қызмет ететін­дігіне сенім артты.
Орталық Азия елдері басшылары­ның жұмыс (консульта­тив­тік) кездесуі қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздің ара­сындағы келісілген ұстанымды әзір­леу үшін өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңесі ап­параттарының арасындағы бес­жақ­ты тұрақты консультациялар меха­низмін бекіту ұсынылғанын, бастысы, Қазақстан барлық Орталық Азия елдерімен шекарасын демаркациялау бойынша шарттарды толығымен аяқтағанын баса айтты.
– Өзбекстанмен демаркация жасалды. Қазақстанның Түрікменстан­мен, Өзбекстанмен арадағы түйісу нүктесі бар. Осылардың барлығына қол қойылып, енді шекарада шешіл­меген ешқандай мәселе қалмады, – дей келе, Н.Назарбаев делегация басшылары өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту процесін же­дел­дету қажеттігін қуаттағанын жет­кізді.
Елбасы атап өткендей, Орталық Азия елдерінің арнайы қызметтері ынты­мақтастықты жандандыратын бо­ла­ды.
– Қазіргі уақытта орын алып отыр­ған ішкі проблемаларды өзіміз бірлесе шешуіміз керек деген келі­сімге келдік. Ең алдымен қауіп­сіз­дік мәселесі қаралды. Бізді бүгін­де Ауғанстанда орын алып жатқан оқиғалар қатты алаңдатады. Сондық­тан мемлекеттеріміздің арнайы қыз­меттері тығыз ынтымақтастықта болуы қажет. Ортақ іс-қимылмен терроризм, діни экстремизм, заңсыз қару-жарақ саудасы, ұйымдасқан қылмыс атаулының жолын кесу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес соңында Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мәлімдеме жасады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру