Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Шуақты Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесі

Біз, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы Президенттері Орталық Азия халықтарын бүкіл өңірімізге ортақ Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Наурыз – Халықаралық күні деп танылғанын және оны ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізгенін ерекше атап өтеміз.
Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет.
Наурызды тойлау кезеңі барлық заманда адами және отбасылық қа­рым-қатынастардың, достық пен тату көршілік байланыстардың ныға­юы­мен, көршілер арасындағы ерекше қонақжайлылықтың көрініс табуымен қатар келген. Бұл ортақ тарих, мә­дениет, дәстүр, тұрмыс арқылы бі­рік­­кен елдеріміз үшін қазір де ма­ңыз­ды.
Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңі­ріміз­дің қауіпсіздігін, тұрақты­лығы мен орнықты дамуын қамта­масыз ету мақсатымен өңірлік ынты­мақ­тастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет біл­ді­руіміздің зор символдық мәні бар.
Өзара тиімді сауда-экономика­лық және инвестициялық ынтымақ­тастық, өңірлік транзит-көлік инфрақұры­лымның кеңеюі, су-энергетикалық, азық-түлік әлеуеттерін ұтымды игеру, өндіріс және өңдеу салаларын дамыту, озық технологиялар мен инновацияларды қолдану, цифрлық экономика жолындағы ілгерілеу Орталық Азия елдері әл-ауқатының тұрақты түрде өсуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Біз халықтарымыздың арасын­дағы өзара құрмет, достық пен бауыр­ластық қатынастарды сақтауға және нығайтуға деген тарихи жауапкер­шілікті сезіне отырып, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, туризм және спорт салаларындағы өзара ықпал­дас­тықты тереңдетуге шақыра­мыз.
Көктемгі күн мен түннің теңелуі, рухани тазару мен жаңару мерекесінің қарсаңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан халықтарына, сондай-ақ жер бетіндегі барша халықтарға бейбітшілік, мол­шы­лық және қуаныш тілеп, өсіп-өр­кен­деулеріне ниеттестігімізді білді­ре­міз.
Наурыз мейрамы әр үйге амандық пен бақ-береке әкелсін!


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру