Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Ауыл шаруашылығында әйелдер кооперациясы жолға қойылмақ

Қазақстандық әйелдер ІЖӨ-нің  40%-ын қалыптастырып отыр

6 наурыз күні Орталық коммуникациялар қызметінде әйел кәсіпкерлігін қолдау және дамыту тақырыбына арналған баспасөз конференциясы өтті. «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Жамбыл облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова, Атырау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожа, сонымен қатар ҚР Іскер әйелдер кеңесі мүшесі Гүлмира Шажанбаева, «Атамекен» ҚР ҰКП Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шұға Наурызбаева іс-шараның спикерлері болды.

ҚР Парламентінде әйелдер үлесі 30%-ды құрайды. Ресми деректерге сәйкес мемлекеттік қызметкер­лердің 55%-ы – әйелдер. Бизнес дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі жыл­дан-жылға артып келеді. Қазақ­стандағы жеке кәсіпкер­лердің 47%-ын әйелдер құрайды, заңды тұлға­лардың 26%-ы, шаруа қожалық­тары­ның 19%-ы қыз-келін­шектер басқа­рады.
«Жалпы статистикаға қарасақ, әйелдердің 40%-ы ауылды жерде тұрады. Оларға барлығы жеткілікті деп ойлаймыз, алайда олай емес. Әдетте оқуға түспей қалған қызды бағы жанбай қалды деп айтады. Мүм­кін ол қыздың бағы үйде шығар. Осындай қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке баулығымыз келеді. Әйел азаматтар өзіне қажетті ақпаратты тез түсінеді. Бизнеске барам деген қыз-келіншектерге қолдау көрсетіліп отыр. Бір жылда Атамекен «Бастау Бизнесті» ауылға әкел­ді, көп жандар жобаларын қор­ғап, кәсібін ашты. Оған Үкімет қана емес, мына қоғам да атсалысып жатыр», – деді Ләззат Рамазанова.
Іскер әйелдер кеңесі төрағайымы­ның айтуынша бүгінгі күні қазақстан­дық әйелдер мемлекет ІЖӨ-нің 40%-ын қалыптастырып отыр. Мемлекет гендерлік саясат дамуына баса назар аударуда. Отбасын қолдау, нығайту және қорғау, ана мен бала өмірін сақтау – мемлекеттің отбасы­лық саясатының негізі болып табы­лады. 2009 жылдан «Ерлер мен әйел­дердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепіл­дік­тері туралы» заңы күшіне енді.
Кәсіпкерлікті, оның ішінде әйел­дер кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының басым бағыттарының бірі. Ұлттық палата кеңес беруші орган ретінде бірінші болып, өз ала­ңында Іскер әйелдер кеңесін құр­ды. Республиканың түкпір-түкпі­рін­де әс­кер әйелдер ахуалы жайында Өңір­лік іскер әйелдер кеңесінің мүше­лері тар­қат­ты.
«Ұлттық палата қалыптастырған жүйе мен кәсіпкер әйелдердің ынтасы арқасында біз аудандар мен ауылдық округтеріне дейін жеттік. Осылайша Іскер әйелдер кеңесі республика бойынша қанатын жайып, іскер қыз-келіншектер басқарып отырған 16 өңірлік кеңес пен аудан орталықтарында 170 кеңес беру бөлімшелері ашылды», – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Л.Рамазанова.
Сонымен қатар Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожа бизнестегі қыз-келін­шектердің рөлі жайында ой бөлісті.
«Атамекен» ҚР ҰКП Атырау облысынан Іскер әйелдер кеңесін бастап құрдық. Бүгінде кеңес бөлімшелері ауылдағы әйелдердің бастарын біріктіріп отыр. Кешегі әйел кәсіпкер бүгін үлкен кәсіпорын, зауыттың басшысы. Отбасы, балаларын сақтап қалу үшін жол дорбасын алып, нарыққа шықты. Сол қыз-келіншектер бүгін­де ірі-ірі кәсіпорындарды ашып отыр. Іскер әйел барлығына үлгеріп отыр – бала тәрбиесіне де, қазан-ошаққа да. Күні бүгін осы әйелдер кө­мекке, қайырымдылық жасауға дайын тұрады. «Атамекеннің» іскер әйел­дердің бәрін бір жерге жинауы, еңсе­сін көтеріп, күшін жұмылдыруы үлкен еңбек деп есептеймін», – деді Әлия Бекқожа.
Атырау облысы Іскер әйелдер ке­ңесі 25 баланы қамқорлыққа алды, тіл оқыту, байқауларда сүйемелдеп, қамқорлыққа алып отыр. Жалпы іскер әйелдер қызметіне жергілікті әкімдік те жақсы баға беріп отыр. Әйелдің рөлі тек отбасында емес, жалпы қоғамда үлкен мәнге ие.
Наурыз айы басталысымен Таразда Іскер әйелдер форумы өтті. Бұл форум басқа форумдардан өзгеше өтіп, ауылдағы қыз-келіншектердің басын біріктірді.
«Әдетте қорытындыны арулар өз мерекелеріне қарай жасайды емес пе, сондықтан форум 2 наурыз күні өтті. Қалалық әйелдердің тренерлер, білікті мамандармен кездесуге мүмкіндіктері көбірек, ал ауыл әйелдердің ондай мүмкіндіктері бола бермейді. Осы форумда кәсіпкер әйелдер өздерінің кәсіпкерліктегі бі­лік­тіліктері мен білімдерінің аздау екеніне көздері жетті. Өзекті сұрақ­тар қойылды. Елбасының кешегі айтқан сөзі іскер әйелдерді қолдауға бағыт­талғанын сездік», – деді Жамбыл облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова.
Таразда өткен форумда индус­триялық аймақтарды дұрыс қолдану, ЖОО-да кәсіпкерлікті оқыту бағдар­ла­малары, ет-сүт өнімін сатып алу бой­ын­ша мемлекеттік сатып алу ұзақ­қа созылуы, қоғамдық білім бе­ретін орталықтар мәселесі көтерілді. Өңір­лік іскер әйелдер кеңесі осы мәсе­­ле­лерді шешу бағытанда жұмыс істе­мек.
Баспасөз конференциясы барысында мегаполис іскерлік кеңістігі, қала мен ауыл кәсіпкерлігінің айыр­машылығы жайында ҚР Іскер әйелдер кеңесі мүшесі Гүлмира Шажанбаева баяндады.
«Әйелдердің миссиясы – бала туу, тәрбиелеу, табысты ұрпақты қа­лып­­тастыру. Бүгінде Іскер әйелдер қоз­ға­лысы өкілі ретінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметін дамыту мен жетілдіру жолында жүрміз. 2018 жылы біз Қазақ гуманитарлық заң уни­верситеті базасы арқылы әйел­дерге өз бизнесіне жүйелі тұрғыда келуге көмектесу үшін тегін шеберлік сабақтар өткізбекпіз. Бұдан басқа біз старт­ап жобаларды қаржыландыру бой­ынша гранттар ұсындық», – деді спикер.
Сонымен қатар Гүлмира Шажанбаева әйелдердің әлеуметтік жауап­кершілігі жайында да ой бөлісті. Кә­сіпкер әйелдер қайырымдылыққа уа­қыт пен қаржы жұмсайды. Әлеуметі төмен отбасыларға, жүкті әйелдерге көмек көрсетіледі. Іскер әйелдер ке­ңе­сі өз ресурсын тиімді пайдалану үшін барынша үлкен ауқымды қам­ту­ді көздейді.
Өз кезегінде «Атамекен» ҚР ҰКП Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шұға Наурызбаева Елба­сы­ның шағын несиелеу көлемін ұлғай­тып, оны іскер әйелдерге беру керек екенін, әйелдер көбейтіп қайтара­тынын тілге тиек етті. Сонымен қатар спикер кәсіпкерлердің әлеуметтік жа­уапкер­шілігі мен қайырымдылық мәдениетін арттыруға бағытталған «Атамекенім» акциясына тоқталды.
Жалпы кәсіпкерлік тәуекелге баруды білдіреді. Жүзден он ғана адам тәуекелге барады, кәсіп ашады. Жалпы әйелдердің әлеуметтік тәуекелдері көп, кешегі жұмыс істеп отырған әйел, зейнетке шыққанда тәуекелдері көбейеді, әйел бала туса, қоғамнан тасада қалады. Міне, осындай әйелдер өз мүмкіндіктерін СММ бизнесінде сынап көруі керек, бірақ бұл бизнес заңды тұрғыда тіркелу керек. Кә­сіп­керлік – бұл арман-мақсатты жүзе­ге асыру мүмкіндігі. Бүгінде өңір­лік дең­гейде өңірлік салалық қауымдас­тық­тарды құрылып отыр. «Атамекен» Іскер әйелдерінің кеңесі осы идеяны алға тартпақ.
Сонымен қатар баспасөз конфе­ренциясында ауыл-аймақта ауыл шар­уа­шылық кооперативтері құрылып жат­қаны айтылды. Әр аудан дамуы күн тәртібінде. Мемлекеттік органдар әр аудан орталығына скрининг жасауды ұсынады: көліктік логистикалық әлеуметі, инфрақұрылымы, өзге аудандардан басымдығы қандай?
«Осы ретте ауылдағы кәсіпкер әйел­­дердің мәселесі қандай? «Атамекен» ҚР ҰКП Әйелдер кооперация­сын дамытуды ұсынады. Сауылған сүт, осы өнімді өткізу сынды кәсіпті кооперация негізінде жүзеге асыру керек. Бүгінде әлем бойынша 700 млн-ға жуық адам кооперацияларға жұмыл­дырылған. Осы кооперативте ақша тауып еңбектеніп жүрген адамдар сол кооперативтің даумына үлес қосады. Егер мал дәрігері болса, оның жанына шағын шаруалар жиналады. Маман ретінде дәрігер мал басы өсуіне, мал шаруашылығындағы технология дамуына әсер етеді. Жекелеп көтере алмаймыз, жұмылу керек. Ауылда осы мәселе көтерілсе, халық әл-ауқаты да көтеріледі. Әйелдер кооперацияларын жетілдіру керек. 5 жыл ішінде тиімді тренингтер өткізіп, кооперациялық қозғалысты қолға алған жөн», – деп түйіндеді Ләззат Рамазанова.

Әлия Кемелбекова


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру