Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Жедел он-лайн қарыздар: пайдасы мен зияны

Қазір мына төмендегідей мазмұндағы хабарландырулар БАҚ беттерін де, интернетті де жаппай жайлап алды: «Он-лайн қарыздар», «1%-ға тез қарыз», «Картаңызға он-лайн қарыз», «15 минутта қарыз рәсімдейміз», т.с.с, т.б. тақырыпта. Интернетке кіріп: «онлайн несие» деп терсеңіз болғаны, өз қызмеғтін ұсынған займ бергіштер жетіп артылады.

Мұндай жедел, күніне 1-2%-дық интернет арқылы берілетін қа­рыз­дарды финтех-компаниялар деп ата­ла­тындар ұсынады. Қазір на­рықта осындай 16 компания (оның ішінде 15-і «Қазақстандық ФинТех Қауым­дастық» ЗТБ-ға кіреді) жұмыс істейді.
2017 жылы, Бірінші несиелік бюро мәліметтері бойынша, финтехтер арқылы 944 мың келісімшарт (248 мыңға жуық клиенттер) рәсімделген. Онлайн-несиелердің көлемі 39,75 млрд теңгені құраған.
Сарапшылардың есептеуінше, не­сиенің орташа мерзімі 24 күнге дегенде осы сектордағы активтердің нақты орташа жылдық мәні 15 есе кем және 2,6 млрд теңгені, немесе банктер мен микроқаржылық ұйымдардың (МҚҰ) бөлшек несиелеуінде 0,05%-ды 5,2 триллионға дейін ғана құрайды екен.
Басқаша айтқанда, несие беретін барлық ұйымдардың (банктер, МҚҰ-лар) аясында, «онлайнерлер» неше түрлі тағамдар толы дастархан үстін­дегі нанның қиқымы сияқты ғана көрінеді екен.
Енді осы мәселені мамандардың өзі қалай бағалайтынына тоқталсақ.
«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахим Ошақбаев финтех-компанияларға қар­сы пікір білдіреді. Алайда, олардың онлайн-несиелер берулеріне еш қарсылығы жоқ екенін нақтылайды.
– Мен финтехтар (олар займдарын тек онлайн режимде береді, сондықтан финтехтарға наразылық жалпы интернет арқылы несиеге наразылық ретінде де көрінеді – ред.) ұсынатын жоғары мөлшерлемелерге айрықша қарсымын. Онлайн-несиегерлер несиелерін күніне 1-2%-бен береді. Ал, жылға шаққанда – бұл 720%, ал таяуда депутат-сенатор Ершов сауалында мұның 1000% құ­рай­тыны туралы айтылды. Бұл – кіріптарлық мөлшерлеме, – дейді белгілі экономист.
Әйтсе де, ҚазФинТех Қауымдас­ты­ғында олардың займдары бойынша пайыздық мөлшерлемені жылдық мәнге аударумен келіспейді.
– Бүкіл әлемде еңбекақыға дейінгі мұндай займдарды – қысқа уақытқа азғантай ақшаны – PayDayLoans (PDL) деп атайды, несие алушы займды пайдаланған күні үшін төлейді, – деп түсіндіреді «Қазақстандық ФинТех Қауымдастық» ЗТБ корпоративтік байланыстар бойынша директоры Жұлдыз Алматбаева.
– Бірінші несиелік бюроның мә­лі­меттері бойынша, 2017 жылға бе­рілген несилердің орташа сомасы 42 000 теңгені құраған, мерзімі – 24 күн. Бұл банктер немесе МҚҰ-лар бере бастайтын несиелер емес. Бұл ретте онлайн-несиелер банктерге қарағанда ломбардтарға жақынырақ, сосын біздің нарық үшін жылдық мөлшерлемені емес, күндік неиелеу түсінігін қолданған қисындырақ болады.
Алматбаеваның айтуынша, 1,5-2%-дық күндік мөлшерлеме жоғары болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл көрсеткіш онлайн-несиені ұйым­дас­тыру үшін – транзакцияға, еңбек ақысына жұмсалатын шығын­нан бастап, өзекті скорингілік жүйеге дейінгі айтарлықтай шығындардан туындап отыр.
«Менің айтарлықтай қаржылық білімім бар (әйгілі МГУ-ду бітірген – ред.), қаржылық институттарды басқардым да, сондықтан да осылай деп айта алам: пайыздық мөл­шерлемені күндермен емес, жыл­дықпен есептейді», – деп күйінеді Рахим Ошақбаев, «күндік есептеулер» адамның білімсіздігін көрсетеді дегенді де қосты ол өз пікірінде.
Өзі атын жария қылғысы келмеген, банк заңгері банктердің де 2-3 айға несиелейтінін, бірақ сөйте тұра жылдық мөлшерлемені сақтайтындарын, айтпақшы, заңның – 56%-дан жоғары мөлшерлемені шектейтінін ескертеді.
Рахим Ошақбаев «еңбекақыға дейінгі несиелерді», ауыр қаржылық жағдайға ұшыраған немесе мүлде сауатсыз адамдар алатынына қын­жылады.
– Адамадар табыстарын дәлел­деусіз, кепілзаттарсыз, кепілгер­лік сенім хатсыз осындай несиелерді рәсімдей алады. Мен 40 мың теңге олар үшін – қомақты сома болатын көп адамдарды білемін, оның үстіне пайыздары «құйылып» жатады. Неге мен бұл тақырыпқа қызыға бастадым? Қарамағымда бір қыз бала жұмыс істеді. Ол Петропавлдан келген болатын, ақшасы жетпеді, ата-анасы көмектесе алмады. Ол онлайн-несиені рәсімдеді. Маған телефонмен хабарласты, бір пәлеге ұшырағанын сездім. Әлгі қыз қарыздарын өтей алмайтынын айтты: «Менің ойымша, бар қарекетіме нүкте қою керек сияқты». Яғни ол өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасқысы келді. Сөйтсе, оның 5-6 несиесі бар екен: алдыңғысын жабу үшін, келесісін ала берген. Оған телефон шалып, смс-тер жаудырған, қоқан-лоққы көрсеткен. Олар арсыз адамдар, біреудің қапасынан ақша жасайды. Ақша беруге болмайтын адамдар тобы бар – бұлар несие төлей алмайтындар. Банктер несие төлей алу мүмкіндігін скорингтік жүйелер арқылы тексереді, мына аталған арсыздар тонаушылық пайыздармен несие беріп, кедей адамдарды одан әрі кедейлендіре түседі.
Банктік жүйеде мәселенің тек гуманистік жағы ғана ескерілмей, іс жүзіндегі әрекеттер тұрғысынан да алаңдаушылық білдіріледі. Банк заңгерінің айтуынша, басқа займды жабу мақсатында несие рәсімдеу бұл адамның несиелік тарихын бүлдіретінін айтады.
Мәселе мынада, финтех-компа­ния­лардың көпшілігі ақпаратты не­сиелік бюроға өткізіп, орнына несие алушы туралы ақпарат алады. Бюроға несие қайтару уақыты өтіп кеткені туралы ақпарат жөнелтіледі де, осылайша жақсы атына кір келген адам банктен немесе МҚҰ-дан несие ала алмай, тіпті қаржылық қызметтерден мүлде «шеттетіліп» шыға келеді.
ҚазФинТех Қауымдастығында өз­дері­нің мақсатты аудиториясы – «өтім­сіз» заемшылар («төлеуге қау­қар­­сыз» несие алушылар – ред) екенін жасырмайды.
– «Ақ» еңбекақы алатын, зейнет­ақылық және де басқа аударымдары, жылжымайтын мүліктері бар, клинеттер – бұлар банктік аудитория. Одан әрі – МҚҰ-лар аудиториясы, солардан кейін онлайн-қарыз берушілер клиенттері, банктік емес деп аталатындар аудиториясы тізіледі. Бұл адамдардың «ақ» еңбекақылары жоқ, жылжымайтын мүліктері жоқ, жиі жағдайда машиналары да жоқ, әлдебір мерзімді кезең ағымында тұрақты аударымдары да жоқ, несиелік тарихы жоқ немесе онысы бұзылған.
Бұлар – ЕДБ (екінші деңгейдегі банктер) мен МҚҰ-лар займ бермеу ықтималдығы жоғары қарыз алушылар. Бұл ретте онлайн-қарыз берушілер, «несиелік күнәға батпа­ған­дармен» немесе кредиттік тарихы бұзылмағандармен, оларды ақтай отырып, ЕДБ мен МҚҰ үшін қарыз алушылар сапасын жақсар­туға жұмыс істейді. Онлайн-қарыз берушілер, дәстүрлі қаржылық ре­сурс­тарға мүмкіндіктері жоқ біздің аза­матта­рымыздың белгілі бір бөлігі үшін маңызды қаржылық инклюзия міндетін, қаржыландырудың қолже­тімділігін қамтамасыз етеді, – деп өз көзқарасын білдіреді Қауым­дас­тық өкілі. Ол мынадай нақты мысалдар да келтіреді:
– Бірінші несиелік бюро мәлі­меттері бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесіне 135 542 қарыз алушы онлайн-несие рәсімдеген. Соның ішінде 3,1%-ында бұрын несиелік тарихы болмаған. 102,6 мың (75,6%) адам осының алдындағы 3 жыл бойы қарызын өтеудің мерзімін өткізіп алған. 102,6 мыңның – 23 979 (23,4%) қарыз алушылар онлайн-несиелендіру қызметтерінің қарыздарынан кейін ЕДБ/МҚҰ-лардан несиелер алған.
Мұндағылардың айтуынша, азған­тай займдар алу тәжірибесі қаржылық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік береді: миллиондап «асап» емес, 20 мың теңгелік несиемен жауапкершілік тәртібіне үйренген дұрыс. Бәрінен бұ­рын осылайша бастан кешкен қа­уырт мәселелерді (16%-дай займды меди­ци­налық қызметке алады) шешуге мүм­кіндік беретін қаражатқа заңды түрде қол жеткізе аласыз.
«Тамыз айында несие алудың өсімін байқаймыз – отбасылар мектепке даярланады. Бұл Қазақстан­дағы онлайн-несие беру нарығының артуындағы түйінді фактор – халық табыстарының төмендеуі және де қыс­қаша мерзім мен кезек күттір­мейтін мұқтаждықтарға берілетін ақ­ша­­ларға асқан қажеттілік – болып табылады. Жүздеген мың қарыз алушылар несиелерін уақытында беретінін және олар бойынша артық төлеудің объективті сомасы қалып­ты жағдай», – дейді ҚазФинТех Қауымдас­тығы­ның өкілі.
Әйтсе де, қарсы жақтың пікірінше, атап айтқанда, білікті экономист Рахим Ошақбаев басқаша ой білдіреді. Тіпті ол нақ осы онлайн-кредиттер ертеңгі күні әлеуметтік проблемаға айналуына әкеліп соғатынын да баса айтады. Қарсы пікірге келесі жолы кеңірек тоқталмақпыз, ал бүгінгі талдаумызда әзірге онлайн-несие берудің жақтаушыларына көбірек көңіл бөлу­мен шектеліп отырмыз.
Ал, олармен келісесіз бе, келіс­пейсіз бе, құрметті оқырман, өз қалауыңыз. Егерде өз тарапыңыздан ой толғап, пікір білдіріп жатсаңыз нұр үстіне нұр, әрине.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру