Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Үнемдеген – ұтады

Халықтың бастан кешіп жатқан қазіргі дағдарыс кезеңінде, экономикадағы жағдай тіпті жақсара түссе де, қарапайым тұрғындар коммуналдық қызметтен де, дайын тамақ пен азық түліктен де үнемдеуге жол табуда деп хабарлайды LS ақпарат агенттігінен.

AC Nielsen Kazakhstan компания­сы­ның бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Ақтолқын Берсебаеваның айтуынша, дағдарысқа дейін қазақ­стан­дықтар қорланымының үштен бірі айналымда болған, ал қазір cash-тың 10%-ға жуығы жұмылдырылған, ал 90%-ы банк салымдары, әртүрлі валютадағы депозиттер түрінде сақ­талуда екен.
«Бұл сандар көп нәрседен хабар береді және адамдардың ақшалары бар екенін айғақтап, бизнесмендерге үміт сыйлап отыр, сондықтан да біздің міндетіміз – олардың жинақ ақшаларын жұмсауға ынталандыру», – деп мәлімдеді Берсебаева.
AC Nielsen Kazakhstan компа­ния­сының бөлшек сауда жүйе­лері­мен жұмыс жөніндегі маман Лейла Әбішева, көршілес елдерге қарағанда, Қазақстандағы тұтыну­шы­­лардың се­нім индексі жоғарырақ. Алайда, соған қарамастан, қазақстан­дықтар одан әрі үнемдеуде, дейді.
«Сұрау салынған қазақстандық­тар­дың 70%-дан астамы әлі де болса, одан әрі үнемдейді екен. Өз шығын­дарының басым бөлігінде олар жаңа киім сатып алудан (53%), үйден тыс сауықтардан (53%), жаңа құрал-жаб­дықтар сатып алудан (40%) кесетін көрінеді, бұрынғыдан арза­нырақ азық-түлікке (42%) көшіп, сон­дай-ақ еңбек демалысы мен демалыс күнде­ріндегі шығындарын да қыс­қартатынға ұқсайды», – деп мәлім­дей­ді Әбішева ханым.
Алайда, 80%-ға жуық сұрау салын­ғандар негізгі шығындарын төлеген­нен кейін қаражаттары қалаты­нын мәлімдеген. Әбішеваның айтуынша, қазақстандықтар ақшасын жаңа киім сатып алуға (34%), несиелік карталары бойынша қарыздарын өтеуге (31%) жұмсап, депозитке қалдырады (25%), үйден тыс сауықтарға (23%) жұмсап, сонымен бірге еңбек демалысына (18%) да шығынданады екен.
Әйтсе де, сұрау салу бойынша, қа­зақстандықтар дағдарыстың ауырт­палығы өтіп кететінін, сөйтіп, бола­шақта өздерінің көбірек ақша тауып, жақсырақ өмір сүретіндеріне сенеді. Сондықтан келешекте бұдан да көбі­рек шығындануға даяр екен.
Мәселен, егер қазір адамдардың 27%-ы электр қуаты мен коммуналдық қызметтерден үнемдесе, дағдарыстан кейінгі бұл міндет үлгісін 19% сұрау салынғандар сақтап қалатынын айтады.
Осы сияқты тұрғындардың 17%-ы дайын тағамды сатып алу шығын­дарын кесуге (қазір 28%-ы) бел байлапты, азық-түліктен 16%-ы (қазір 42%-ы), киім сатып алудан – 15%-ы (қазір 53%-ы), ал жаңа жабдықтар сатып алуды – 15% (қазір 40%) адамдар қысқартуға бел шешкен.
Бұл жерде біздегі статистикалық мәліметтердің дәлме-дәл болуы тұр­ғы­сындағы сәйкессіздіктерді де ескерген абзал. Сондай-ақ сұрау салынған тұрғындардың өмір сүру деңгейлерін де ескеру керек, әрине. Бір ғана нәрсені дөп басып айтуға болады, ол – қазақтың қандай қиыншылыққа да төзімділігі, өмір ауыртпалығына көнбістігі. Ләйім, келешекке сенім жоғалтпайық, ал қиыншылықтарды еңсеретінімізге қалың қауым осындай үміт артып отырса, бұл дағдарыстан да арылар күн алыс емес, ағайын.

Батыр РАХМЕТУЛЛИН,
Астана


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру