Валюта бағамы: $ 352.54 415.15 5.31 ¥ 51.53

Шағын несиенің көмегі зор

Қаржылай қолдау жалғасуда

Елбасы жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар аясында шағын несиені көбейтуді әлеуметтік басымдықтың бірі ретінде көрсетті. Өйткені, бұл шара өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың өз ісін ашуына мүмкіндік туғызып, кәсіптік бастамаларға тартатын маңызды тетік саналады.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасын жүзеге асыруға аймақ­тық уәкілеттік ұйым ретінде Ауыл шар­уашылығын қаржылай қолдау қоры қатысатыны белгілі. Бағ­дар­ламаға жұмыссыз, өз-өзін жұ­мыс­пен қамтыған азаматтар, ауыл­шар­уа­шылық кооперативтері мен олар­дың мүшелері, яғни микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері қа­тысты. Шағын несиелердің қағи­дат­тары мерзімділікті, төлемді­лік­ті, қайтарымдылықты, мақсатты пай­да­лануды қамтиды. Өткен жылы бағ­­дарлама аясында 27 млрд теңге бөлінсе, оның 16,6 млрд теңгесі қор арқылы берілген болатын. Жалпы алғанда, өткен жылы бағдарлама аясында қор 4 638 шағын несие берген.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары Думан Оспанов­тың айтуынша, қарыздар микро­бизнесті ашуға немесе кеңейтуге бе­рілді. Шағын несиенің мерзімі – 7 жылға дейін болса, ең жо­ғарғы сомасы – 8 000 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін. Ал сыйақы үстемесі – жылдық 6 пайыз. Сонымен бірге шағын несие мерзімінің үштен бір бөлігіне дейінгі негізгі борыш пен пайызды өтеу бойынша жеңілдетілген мерзім қарастырылған.
Шағын несие алу үшін кәсіпкер­лік негіздерін оқу, кәсіпкерлікті ке­ңейт­кен жағдайда жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу міндетті болып саналады. Бағдарлама бойынша қар­жы­­лан­дырылғын 1,5 мың жобаны «Бизнес Бастау» курстарынан өткен қаты­су­шылар жүзеге асырады.
Сонымен қатар ауылдық кәсіп­кер­лікті шағын несиелеу «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасы аясында 2015-2016 жылдары қаржыландыру алған қарыз алушылар қайтарған қаражат есебінен жүзеге асырылды. Өткен жылы өтелген қаржыдан 2,01 млрд теңгеге 798 жоба қаржыландырылды. Осылайша, 2017 жылы бағдарлама және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бойынша жобалар саны – 5436, қаржыландыру көлемі – 18,6 млрд теңгені құраған.
Бағдарлама шеңберінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры: «Игілік» өнімі үшін ауыл шар­уа­шылық малдарын және құс шаруа­шылығын сатып алу мен өсіруді несиелеуге 9,1 млрд теңгеге 2392 жобаны, «Береке» өніміне отбасылық бордақылау алаңдарын құру үшін 4 млрд теңгеге 1537 жобаны, «Кәсіпкер» өнімі бойынша ауылшаруашылық және ауылшаруашылық емес кәсіп­орын­дарын дамыту үшін 3,3 млрд теңгеге 663 жобаны, «Егінжай» несие өнімі үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған 165 млн теңгелік 41 жобаны, «Ынтымақ» несие өнімі үшін ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдері мен жемшөп сатып алу және маркетинг бойынша ұйымдарды дамыту үшін 31 млн теңгеге 5 жобаны қаржыландырды.
Ал ағымдағы жылы Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 19,8 млрд теңге көлемінде шағын несие­леуді жүргізу жоспарланып отыр.
2017-2021 жылдарға Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кә­сіп­керлікті дамытуға арналған бағ­­­дар­ла­маны жүзеге асыруда «Қаз­Агро» ұлттық басқарушы хол­дингі құры­лы­мындағы үш компания: «Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қоры» АҚ, несие серік­тестері мен микроқаржылық ұйымдарды қорландыру жолымен ауыл­дағы кәсіпкерлікті дамытуды несиелендіру бағытында «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ, ауылдық жерлерде және шағын қалалардағы қолданыстағы бизнесті ұлғайту және бастаушы кәсіпкерлерге стартап ашуға бағытталған микронесиелер мен несиелерді кепілдендіру бағы­тында «ҚазАгроГарант» АҚ жұмыс істейді.
Бүгінгі күні кепілдендіру құра­лын 187 фермер қолданса, кепіл­дік алғандардың 44 пайызы – өз бизнестерін нөлден бастаған кәсіп­керлер екен. Кәсіпкерлердің 24 пайызы өз бизнесін жаңадан бастап, 1 жылдан 3 жылға дейін жұмыс істеген. Сондай-ақ кепілдікті қажет еткен қолданыстағы бизнесі бар кәсіпкерлердің үлесі – 32 пайыз. Берілген кепілдіктердің жалпы сомасы шамамен 981 млн теңгені құрап отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру