Валюта бағамы: $ 363.26 420.11 5.54 ¥ 52.45

Озық үрдіс – өркендеудің белгісі

Қазпочта сәлемдемені үш күнде жеткізетін болады

Бүгінгі шапшаң үдерістерге сай қызмет көрсету саласы да ерекше жылдамдықпен оңтайлана түсуде. Осының аясында қаржылық қызметтерді, электронды сауданы, көліктік-логистикалық сервисті алға жылжытудың тиімді құралы ретінде почта желісі де заманауи тұрғыда жаңару мен сапалы дамуға бет түзейтіні заңды.

Мақсат – үлгілі елдердегідей қыз­меттің жоғары деңгейін ұсына ала­тын үздік сервистік компанияға айналу. Өткен жылдың нәтижелері және алдағы жоспарлар туралы журналистермен бөліскен Қазпочта ұлттық операторының басшысы Сәкен Сәрсенов компанияда жүзеге асы­рыл­ған ірі жобаларды атап өтті.

Озық технологияларды енгізіп, қызмет көрсету процестерін жаппай автоматтандырып жатқан ком­па­нияда сәлемдемелерді жет­кізу мерзімі барған сайын қысқара түсуде.
Басқарма төрағасының айтуынша, сәлемдемелерді он есе тез өңдіретін автоматтандырылған сұ­рыптау машинасы іске қосы­лып, қызмет көрсетудің барлық стандарттарына сай жаңғыр­тудан өткен почта бөлімшелері ашылған. Астана және Алматы қалаларындағы цифрлық кеңселерде клиенттерге роботтар мен машиналар қызмет көрсетеді, ал шалғайдағы ауыл­дарға газеттер мен журналдарды дрондар жеткізуде. Былтырдан бері Қазпочта 1,5 тонна болатын хат-хабарды дрондар арқылы жеткізген. Өткен жылы сәлемдемелерді жеткізудің стандартты мерзімі 16-дан 6 күнге дейін қысқартылса, биыл жыл соңына дейін бұл мерзімді 3 күнге дейін қысқарту жоспарланып отыр. Компанияның процессинг орталығы іске қосы­лып, агенттік және қаржылық қызмет­тердің толық кешенін көрсету үшін азамат­тарды тексеру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар еліміздегі ірі банктермен келіссөздер жүргізіліп, Alibaba Group сауда платформасымен бірлес­кен жобалар іске асырылуда. Бұл ретте ұлттық почта операторы Шығыс пен Батыс арасындағы ірі логистикалық хабқа айналмақ.
Сондай-ақ Сәкен Сәрсенов ком­панияның 2018-2027 жылдар­ға арналған жаңа стратегиясы туралы әңгімелеп берді. Атап айтқанда, почта бизнесінің дәс­түрлі бизнес-моделі ескірген­нен кейін, дамудың үш не­гізгі басымдықтарына: цифрлық транс­­формацияға, электронды ком­мер­­ция­ның экожүйесін құруға, ұйым­дық трансформацияға көңіл бө­лі­нетін болды. Бұған қоса азаматтар үшін барлық почта қызметтері қолжетімді болып қала береді. Негізгі қызмет түрлеріне ерекше назар аудару және ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру үшін барлық про­фильдік емес қызметтер, мысалы, бай­ланыс орталығы, АТ қызметтері, ма­гистральді логистика аутсорсингке берілмек.
Қазіргі таңда көршілес Қытай мен Ресейде, сондай-ақ Еуропада электронды коммерция саласы қарқынды дамып келеді. Осы жағынан алғанда Қазақстанның өте тиімді аумақта орналасқанын ескеру керек. Мысалы, электронды коммерция нарығы үшін сәлемдемені жеткізу мерзімі өте маңызды болып отыр. Яғни, бұрындары клиент тапсырысты 30-40 күн күте алатын. Ал қазір қытайлық серіктестер жеткізу мерзімін 10 күнге дейін, тіпті 5 күнге дейін қысқарту қажеттігін айтып жүр. Осы орайда Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жол қытайлық серіктестер үшін де, еуропалық серіктестер үшін де тиімді болмақ. Демек, электронды коммерция табысы мол сала екендігі күмән туғызбайды. «Жыл сайын Қытайдан Еуропаға 250 миллион, Еуропадан Қытайға 800 миллион сәлемдеме жіберіледі. Бұл өте үлкен көрсеткіш және қыруар қаражат. Бұл нарықтың көлемі миллиардтаған долларды құ­райды және оны жаңа мұнай түрі деп атауға болады. Қазақстан бұл бағытта табыс табуға шындап кірісуі қажет», дейді Қазпочта басшысы. Қазіргі уақытта бондық қоймалар құру жоспарлануда. Яғни, Еуропа мен Қытай арасындағы тауарлар Қазақстанда сақталады және тапсырыс берілген тауарлар Еуропа мен Қытайға Қазақ­станнан жөнелтіледі. Сол ар­қылы жеткізу мерзімі мен шығын­дарды қысқартып, тауар құнын азай­туға болады.
Қазпочта басшысының айтуынша, цифрлық трансформация қыз­­мет­тердің сапасын арттыратын ең озық технологияларды пайдала­нуға, ал электронды коммерция эко­жүйе­сін құру компанияға элек­трон­дық коммерция нарығында жеке биз­нестің негізгі әріптесі болуға мүм­кін­дік береді.
Бұдан бөлек, қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсарту­ға ерекше мән берілетін болады. Биыл жыл басынан бері өндірістік маман­дардың жалақысы 15 процентке өсуі осының негізді дәлелі. Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес салық ауыртпалығын азайту үшін 9000 қызметкерлердің табыс салығы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 процентке дейін қысқарады.
Қазпочтаның тағы бір бастамасы – «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» мультимодальді көлік дәлізін құру болып отыр. Бұл логистикалық қызметтер аясын кеңейтуге мүмкін­дік береді. Ал ЕурАзЭҚ-тың B2C экспресс-жеткізу нарығына шығу Қа­зақ­станның халықаралық нарық­тарға неғұрлым көбірек қатысуы­на ықпал ететін болады.
Қаржы және агенттік қыз­мет­тер сегментінде почта операторы барлық қаржы институтта­рының «витринасына» айналып, банктерге өзінің бөлімшелері арқылы клиенттерге қызметтерін ұсынуға мүмкіндік бе­реді. post.kz платформасының негі­­зін­де қызметтер гипер­мар­кетін құ­рып, цифрлық ID, интер­нет-эквай­рингті іске қосу және «үлкен» деректер негізіндегі сараптама нәтижеле­рін қолдану ком­панияның цифрлық транс­фор­мацияны жүргізуіне жол аша­ды.
Мемлекеттік инфрақұрылым­ның негізгі элементтерінің бірі болып табылатын почта операторы бүгінде Дүниежүзілік почта одағының нұсқа­сына сәйкес 20 жетекші почта компа­ния­ларының тізіміне кіруді мақсат етіп отыр. Бұл бағытта алдағы бес жылда компания кірісін 70 проценттен асыру, еңбек өнімділігін еке есе арттырып, жылына 5,7 млн теңгеге жеткізу көзделген.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру