Валюта бағамы: $ 340.27 396.31 5.39 ¥ 52.39

Әлеумет жүгі жеңілдейді

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУкафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ілгері озған заман көшіне ілескен еліміз бағындырған биіктер бүгінде бүкіл әлем жұртшылығына мәшһүр. Өткен жылы Астанада жұмысын зор табыспен тәмамдаған Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстан экономи­ка­сының, мәдениеті мен ғылымының айшықты көрінісіне айналды. Дегенмен, жалпы экономикалық ахуал жақсарып отырғанымен, қордаланып қалған әлеуметтік түйткілдер де баршылық, мұның өзі жаңару, даму заңдылығы болып табылады. Елбасымыздың жуырда жария етілген бес әлеуметтік бастамасында осынау түйіндерді тарқату жолдары көр­сетілген.
Қазақ сияқты өскелең халық үшін қазіргі таңдағы негізгі әлеуметтік мәселенің бірі баспана мұңы болып отыр. Сондықтан да Мемлекет басшысы бұл проблеманы шешудің қаржылық және технологиялық жолдарын көрсеткен. Бұрындары тілге тиек еткеніміздей, елімізде тұрғын үй индустриясы қарқынды дамып келеді. Өткен 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Дегенмен, мұның өзі жеткіліксіз, себебі әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Айырықша әлеуметтік маңызы бар бұл мәселенің шешімі тұрғын үй ипотекаcының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табылмақ. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасы бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қарастырылады. Сондықтан да «7–20–25» бағдарламасы ұсынылып отыр. Қызметі бар әрбір қазақстандық теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Оның шарттары бойынша несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызына дейін, кейде тіпті 50 пайызын салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін ұзарады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктері іске қосылады. Ұлттық банк құратын, кемінде 1 триллион теңге тартатын арнайы компания қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша берілетін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсамақ. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына зор серпін береді. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алудың қолжетімділігі артады. Сонымен қатар, бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа жұмыс орындарын ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады.
Келесі ауқымды әлеуметтік бастама жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға бағытталған. Бұл орайда салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салу ұсынылып отыр. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесі жеңілдетіледі. Осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалады. Нәтижесінде елімізде 2 миллионнан астам адамды құрайтын барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады. Бұл үшін Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін ой елегінен өткізбек.
Еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жөніндегі бастаманың әлеуметтік маңызы зор. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам талапты жас оқып жатыр, олардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алуда.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу ұсынылып отыр. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр. Сонымен бірге техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құны ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеріледі. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді.
Өте өзекті мәселенің бірі – жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастайтын болады. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік беріп отыр. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынбақ. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді. Осы орайда жас ғалымдарға арнап жайлы үй тұрғызған, мұқтаж шәкірттері тұрғын жаймен қамтылған отандық ғылым мен білімнің қара шаңырағы-әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті таяу арада өз қалашығында жаңа жатақханалар құрылысын бастап, Елбасы бастамаларына жедел үн қосып жатқанын тілге тиек ете кеткіміз келеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру