Валюта бағамы: $ 370.11 419.37 5.58 ¥ 53.73

«Астана медицина университеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы – ректоры Мәжит Шайдаров: «Білімді мыңды жығады»

Мемлекет басшысы жариялаған бес әлеуметтік бастаманың бірі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға арналған. Бүгінгі жаңарып-жетілген заманда бәсекеге қабілеттілікті көтеруге, адами капиталды жақсартуға бағытталған іс-қимыл өскелең ұрпақтың болашағының жарқын болуына, тұтастай алғанда ел келешегінің кемел болуына ықпал ететіні сөзсіз. Аталған міндетті жүзеге асырудағы жұмыстар туралы газетіміздің тілшісіне «Астана медицина университеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы әрі ректоры Мәжит ШАЙДАРОВ әңгімелеп берді.

– Мемлекет басшысы күні кеше Пар­ламенттің қос палатасының бір­лес­кен отырысында әлеуметтік жаң­ғыртуға байланысты елді елең еткізген бес мәселені көтерді. Соның бірі – жоғары білім беру саласына байланысты. Алдымен осы жөнінде пікіріңізді білсек деп едік.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім беру жүйесін ешуақытта назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе жоғары оқу орындарының деңгейін көтеру, сапалы кадрлар даярлау қажеттігі жөнінде жиі айтып келеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат та аз емес. Егер бұған дейін 54 мың мемлекеттік грант бөлініп келген болса, енді оның мөлшері 20 мыңға көбейіп отыр. Бұдан артық қандай қамқорлық керек?!.
Жаңадан қарастырылатын мемле­кет­тік гранттардың басым бөлігі заманауи технологияларды меңгерген мамандарды даярлауға бөлінбек. Бұл да Мемлекет басшысының тәуелсіз еліміздің болашағын ойлағаны емей немене? Ел экономикасын алға апаратын жас мамандардың өз еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алуын мақсат еткен Елбасының бұл игі бастамасы халықтың қолдауы мен алғысына ие болғаны сөзсіз.
Егемен еліміздің келешегінің кемел болуы білімді ұрпақтың қолында екенін Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да қаперімізге салды. Бұл білім беру саласында еңбек етіп жүрген біздерге жүктелген жоғары жауапкершілік әрі зор сенім.
– Мәжит Зейноллаұлы, әлеуметтік салаға байланысты әңгімені ары қарай жалғастырсақ. Міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыруды енгізуге жауапты адамдардың лайықты дең­гей­де жұмыс жүргізбеуінің салдары ма, жоқ әлде басқадай себептері бар ма, әйтеуір жұмыс басталмай жатып орта жолда тоқтап қалғандай ма, қалай?
– Жоқ, жұмыс тоқтаған жоқ. Елі­мізде медициналық әлеуметтік сақ­тандыру міндетті түрде енгізіледі. Жасыратыны жоқ, жаңадан қолға алынған қай істің болсын қиындығы мен ке­дергілері көп болады ғой. Сол секілді медициналық сақтандыруға байланысты да осындай қиындықтар кездесті.
– «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, қайсыбір жылдары осындай мақсатқа жиналған қомақты қаржыны қалтасына басып, шетел асып, зым-зия болғандардың құйтырқы іс-әрекетінен кейін жұрттың жүрегі шайлығып қалған­дай-ау…
– Оның да әсері бар. Бірақ, қазір қазақстандықтар міндетті медици­налық сақтандырудың өте қажеттігін жақсы түсініп отыр. Әу баста бұл мәселеге байланысты республиканың барлық аймақтарында ақпараттық үгіт-насихат штабтары құрылған болатын. Сондай штаб Ақмола облысында да бар. Мен соның жетекшісі ретінде жұртшылықпен бірнеше мәрте жүздескен кезімде олардың меди­ци­налық сақтандыруға бей-жай қарамай­тынына көзім айқын жетті.
– Жалпақ жұрт үшін тағы да бір қарапайым тілде қайталасаңыз артық бол­мас, айтыңызшы, міндетті меди­цина­лық сақтандыру қарапайым ха­лық­қа не береді?
– Біріншіден, бұл халық үшін, олар­дың игілігі үшін жасалып отырған жүйе. «Жиналған жарнаны әлдекімдер үптеп кетеді» деп үрейленудің еш негізі жоқ. Ал артықшылығы – мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыруды енгізу арқылы ем-дом жұрттың бәріне бірдей қолжетімді болады. Қазір денсаулық сақтау саласына байланысты көп өкпе-реніш, сын пікірлер айтылып жатады ғой, соның бәрі ретке келеді. Тіркеу бөлімінде, дәрігерлердің қабылда­уында ұзын-сонар кезек азаяды. Ме­дицина мекемелері цифрлық тех­но­логияға көшіп, барлық қажетті ақпарат электронды түрде болады. Тұр­ғын­дар өздері таңдаған кез келген меди­ци­налық мекемеден, мемле­кеттік пе, жоқ әлде жекеменшік пе, оған қара­мастан, көмек алуына мүм­кіндік ашылады.
Сақтандыру жүйесіне көшкеннен кейін медицина қызеткерлері сырқат­тарға сапалы, мәдениетті қызмет көр­сетуге мүдделі болады. Өйткені, олар­дың еңбекақысы осыған тікелей бай­ла­нысты. Жақсы жұмыс істеді ме, жақсы айлық алады.
Жалпы медициналық мекемелерде келушілерді жылы шырайлы қарсы алу, олардың сырқатына байланысты жан-жақты сараптама жүргізу, заманауи медициналық жабдықтарды пайдалана отырып қымбат операцияларды жасау – осындай қызмет түрлерінің бәрі міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру паке­тінің ішінде болады. Бұл үшін қар­жы қор есебінен төленеді. Бір сөзбен айтқанда, халықтың сапалы меди­циналық көмек алуына барлық мүм­кін­дік жасалады.
Талап барлық медициналық мекемелерге бірдей болады. Бәсекелестік болғаннан кейін мекемелер уақыт өте келе іріктеле бастайды. Келушілерге ойдағыдай қызмет көрсете алмайтын денсаулық сақтау орындарын жұрттың өзі-ақ айқындап береді. Халық оларға бармайтын болады. Жұрт бармаған соң қаржы төленбейді. Қаражаты жоқ болғандықтан әрі бәсекелестікке төтеп бере алмағандықтан ондай мекемелер, басқа жол жоқ, жабылады. Нарықтың қатаң талабы осындай. Одан үрейленудің еш жөні жоқ. Бәсекелестіктің арқасында бі­лікті дәрігерлер мен өз ісін жақсы меңгерген мамандар іріктеледі. Жұрт солардың қабылдауына баруға ұмты­лады. Өйткені, сырқатынан құлан-таза айығуды ойлаған адамдардың осындай қадамға баратыны сөзсіз.
Тағы да қайталап айтайын, сапалы медициналық қызмет ұсынған емханалар мен ауруханаларға сақтан­дыру қоры тиесілі қаражатты дер кезінде төлейтін болады. Осыдан кейін «Медицина қызметкерлерінің ең­бек­ақы­сы төмен» дегендей әңгіме­нің де айтылмайтынына сенім­дімін.
– Ал, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қалай болады? Сырқат адамдар өз қалтасынан қаржы шығарып сатып ала ма, жоқ әлде медициналық мекемелердің есебінен беріле ме?
– Тұрғындармен жүздескен ке­зімде маған осы сұрақ көп қойыл­ды. Өйткені, қазір дәрі-дәрмек өте қымбат екені белгілі. Оны сатып алуға көп адамдардың қалтасы көте­ре бермейді. Міндетті медициналық сақ­тандыру жүйе­сінің тәртібі бойынша мемлекет тарапынан белгіленген дәрілік препараттар тізіміне сәйкес тұрғындарға дәрі-дәрмек тегін бері­ліп, бұл мақсатқа жұм­салған шығын да медициналық сақ­тандыру қоры есебінен төленетін болады.
– Мәжит Зейноллаұлы, әңгіме барысында «Білікті маман» дегенді жиі айтып қалдыңыз. Жасырып керегі не, жұрттың көбі қазір жас мамандардың лайықты білімі мен тәжірибесі бар екеніне күмәнмен қарайды. Өзіңіз айт­қандай, бәсекелестік пен іріктеу жұрт сенімсіздікпен қарайтын медицина қызметкерлерінің қатарын көбейтіп жі­бермей ме? Ондай күдік жоқ па?
– Бұл да көкейкесті мәселенің бірі. Облыс орталықтарын қайдам, ауылдық елдімекендерде білікті кадр­лардың жеткіліксіз екені жасырын емес.
«Білімді мыңды жығады» дейді ғой дана халық. Жоғары оқу орындары білімді, білікті мамандарды даярлауға барынша күш салуы керек.
Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Денсаулық» бағдар­ламасы осы саланы жаңғыртуға ба­ғыт­талған. Соның басты бір бағы­ты білікті мамандарды даярлау мен ме­дициналық білімді жетілдіруге байланысты. Оны шешудің бірден-бір жолы – шетелдің әріптес жоғары оқу орындарымен өзара ынтымақтастық аясындағы жұмысты жолға қою. Еліміздің медициналық жоғары оқу орындары қазір бұл бағыттағы жұ­мыс­ты жүйелі, мақсатты жүргізе бас­тады.
– Бұл істен өзіңіз басқарып отырған Астана медицина университеті де шет қалмаған шығар?
– Әрине. Медициналық білім беруді жаңғырту үшін шет мемлекет­тердің жетекші оқу орындарымен стратегиялық серіктес болудың пайдасы зор. Астана медицина уни­вер­ситетінің серіктесі – әлемнің ең ір­гелі және озық, байырғы оқу орын­дарының бірі – Римдегі Ла Сапиенца университеті.
Біздің стратегиялық серіктес­пен жұмысымыздың негізгі басым­дықтары қандай? Біріншіден, корпо­ративтік бас­қаруды дамыту қажет. Мойындауы­мыз керек, бұл ретте шетелдік әріп­тестерден үйренуге тиіспіз. Өйт­кені, олардың осыған бай­ла­нысты тә­жірибесі жеткілікті. Біз кор­поративтік басқаруға енді ғана бет бұрып жатырмыз. Тек бұл ғана емес, қазіргі уақытта Қазақстанда неврология, анестезиология, қоғам­дық денсаулық сақтау, тағы да басқа медициналық мамандықтарға сұра­ныс өте жоғары. Ал оларды даярлауда қандай білім бағдарламалары мен тәжірибелерге сүйенген жөн, оқу орындары клиникасын дамыту мен ғылыми зерттеулерді тиімді басқарудың жолы қандай? Осындай мәселелердің бәрін сараптап, серіктес әріптестермен бірге осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды.
Жоғары оқу орындарында сапалы білім беру бағдарламаларына сәйкес халықаралық, ұлттық, институ­цио­налдық және арнайы аккредитациялау сатылары бар. Біздің университет осының бәрінен ойдағыдай өтті. Бұл да медициналық білім беруді жаңғырту бойынша алға қойылған стратегиялық жоспар.

”Біздің стратегиялық серіктес­пен жұмысымыздың негізгі басым­дықтары қандай? Біріншіден, корпо­ративтік басқаруды дамыту қажет. Мойындауымыз керек, бұл ретте шетелдік әріптестерден үйренуге тиіспіз. ”

Қазір біздің университетке оқуға қабылдау талаптары күшейтілді. Бұл үшін талапкерлермен алдын-ала жұ­мыс жүргізіледі. Тіпті олардың әр­­қай­сымен жеке-жеке сөйлесіп, мақ­сат-мұратын білеміз. Жсыратыны жоқ, әйтеуір диплом алсам деген ниетпен ішкі дайындығы жоқ жастар­дың медициналық университетке кездейсоқ тап болуы мүмкін ғой. Мүмкін олардың қалауы басқа оқу орны шығар, кім білсін?!. Сондықтан Астана медицина университетінде 2016-2017 оқу жылында талапкерлер арасында шағын интервьюлер жүргізіліп, олардың денсаулық сақтау саласына бейімділігін байқауға мүмкіндік болды. «Ақшасын төлесе болды емес пе, оқыта бермейсіздер ме?» деп дау айтқандар да табылды. Бірақ, қазір диплом үшін оқуға түсудің қажеті жоқ. Оның уақыты өтті. Қаншама қаражат пен күш-жігер жұмсап оқы­тып-тоқытқан мамандар ертең күні керексіз әрі лайықсыз болып жатса, соншама арамтер бо­лудың қажеті қанша? Оның үстіне медициналық оқу орындарының тү­лек­тері адамның өмірі мен ден­сау­лығын сақтауға атсалысатын болғандықтан, бұл іске салғырт қарауға тіпті болмайды. Адам өмірі ойыншық емес.
– Сөзіңізге қарағанда, денсаулық сақтау саласына қазір сапалы мамандар келе бастады демексіз ғой…
– Иә, дәл солай. Қазір Республика­лық денсаулық сақтау жүйесін дамыту орталығында түлектердің тео­риялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын айқындайтын тәуелсіз баға­лаушылар бар. Олар дербес. Оқу орындарына ешқандай қатысы жоқ. «Көз қысты, бармақ басты» деген болмайды. Комиссия құрамында бел­гілі мамандар мен ғалымдар бар. Қазақстандағы меди­циналық оқу орындарының интернатурасы мен резидентурасын бітірген түлектер осы тәуелсіз комиссияның қатаң сұрыптауынан өтеді. Олар үшін бұл үлкен сынақ. Әрине, сүрінетіндер де бар. Мақтанышпен айтуға болады, 2017 жылдың мамыр айының соңында біздің университетті бітірген түлектердің 98 пайызы тәуелсіз комиссияның алдынан сүрінбей өтті.
– Елбасы басқа салалармен бірге денсаулық сақтау жүйесін де цифрлық технологияға көшіру қажеттігін айтқан болатын. Астана медицина уни­вер­си­тетін бітірген мамандар осыған дайын ба?
– Дайын. Өйткені, олар университет қабырғасында оқып жүрген уақыттан бастап осыған дайындалады. Оқу орнында жоғары жылдамдықты интернет бар. Онлайн сервис жұмыс істейді. Студенттер мен оқытушылар құрамының дербес электронды аккаунттары бар. Оқу аудиториялары мен мультимедия кабинеттері, универси­теттің клиникалық базасы – бәрі оқу орнының корпоратив­тік жүйесіне бірік­тірілген. Сондай-ақ «Сириус» авто­мат­тан­дырылған ақпа­рат­тық жүйесі бар.
Білім берудің инновациялық бағыт­та­рының бірі – оқытудың элек­трон­дық және қашықтық технологиясы. Біздің университетте осы жүйе ендірілді. Міне, осының барлығы студенттерді келешекте цифрлық технология бойынша еш қиналмастан жұмыс істеуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.
– Рахмет, әңгімеңізге. Жұмыстары­ңыз жемісті бола бер­сін!

Әңгімелескен
Ғалым Омархан


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру