Валюта бағамы: $ 327.92 399.31 5.23 ¥ 51.87

Ұлттық өнердің жанашыры

Теңіз жағалауындағы ауданның белгілі қолөнер шебері, тәжірибелі зергер Құдайберген Құлмамбеттің қолынан шыққан түрлі сәнді әрі тұрмыстық бұйымдар бүгінде еліміздегі алдыңғы қатарлы мұражайлардың құнды жәлігерлерін толықтыра түсуде. Сонымен бірге мұндай бұйымдарға шетелдіктер де қызығуда.

Атағы елімізге танымал зергер Құдайберген Тағжанұлы 1954 жылы Қы­зыл­орда облысының Арал қаласында туған. Бір ғажaбы ол отбасындағы 18 қыздан кейін дүние есігін ашқан ақжолтай ұл болған. Әкесі Құлманбет ақсақал да заманында Сыр еліне белгілі атақты ұста, зергер болған кісі екен. Текті әкеден туған Құдайберген сол кісінің ізін басып, кәсібін ілгері жалғастыруға бала кезінен ден қойған көрінеді.
Әсілі қазақтың: «Тектіден – текті туады, тектілік – тұқым қуады» деген сөзі тектен-тек айтылмаған. Отыз жылдан астам уақыттан бері түрлі деңгейдегі көрмелерге қатысқан шебер ұста әрі зергер Құдайберген Тағжанұлы өзінің тұңғыш көрмесін сегізінші сыныпта оқып жүргенде ұйымдастырып, бірден көпшілікті таң қалдырған екен.
Иә, адамның бойында сан түрлі өнердің қалыптасып, оның одан әрі ұшталуын таланттың жемісі деп бағалаған жөн шығар. Құдайберген – қылқалам шебері суретші, әрі саздан мүсін жасайтын сәулетші де. Ал ағаштан ою ойып, оларды түрлі бейнеге айналдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен өнер ғой. Зергердің қолынан шық­қан бұйымдардың қай-қайсы да ұлттық нақышқа, халық тұрмысының шынайы көріністеріне толы және оларды сол қалпында бейнелейді. Әсіресе, Құдайбегеннің өз ойы мен шешімін тайға таңба басқандай етіп көздің жауын алатын зергерлік бұйымдарының әсемдігі таңдай қақтырмай қоймайды. Бұл жәдігерлер санатында зергердің алқа, сәукеле, құсмұрын жүзік, қапсырма білезік, қарсы ілгек шашбау, тұмарша, сырға, тағы басқа да, әжелер мен қыз-келіншектер үшін таптырмас түр­лі әшекейлер көрнекті орын алады.
Ұстаның тағы бір ерекшелігі, ол сүйек­пен өрнектелген домбыра, шақша, сондай-ақ, кәдесый ретінде қылыш, қан­жар да жасайды. Жараулы аттарға ер-тұрман, өміл­дірік, қамшы, т.б. әбзелдерді көздің жауын алатындай жәудіретіп қояды.
Құдайбергеннің өз айтуынша, оның қолынан шыққан зергерлік бұйымдардың көпшілігі таза күмістен жасалады екен. Қазақ халқы ежелден-ақ күміске ерекше мән берген. Күмістің адам ағзасына пайдасы да ғылыми дәйектер арқылы расталған. Сондықтан да өз дүниесіне сенімді ұста, зергер азамат елімізде өтетін түрлі қолөнер байқаулары мен конкурстарына жиі қатысып, бірнеше дүркін жеңімпаз атанған.
Ежелгі халықтың қолөнерін жандандырып, оларға ұлттық рух, ерекше әсемдік беріп, адамның рухани жаңғыруына өзіндік үлес қосып жүрген зергер-ұста «ЭКСПО-2017» көр­ме­сіне де өзінің ең көрнекті талай әдемі бұйымдарын апарды. Сөйтіп, қалың жұршылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Зергерлік, ұсталық өнер – қазақ­тың қанында бар қасиет. Ал, оны ұстау әрі одан әрі жалғастыру, кейінгі тол­қын ұрпаққа табыстау – Құдай­берген сынды сирек тұлғалардың асыл парызы. Ол осы мақсат биігінен көрініп, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына лайықты үлесін қосып келе жатқан азаматтардың бірі де бірегейі атанған ұлт өнерінің шын жанашыры. Осындай азаматтар шіркін, көп болса екен!

Ибрагим Бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру