Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Тарихымызда алғашқы алтынға қол жеткіздік

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында XII Паралимпиада ойындары өтуде. Спорттың 4 түрінен 80 жүлде сарапқа салынып жатқан байрақты бәсекеде дүниенің төрт бұрышынан 570 спортшы сынға түсуде.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстан­дық­тарды Қысқы Паралимпиада ойын­дарында Қазақстан шаңғышысы Александр Колядиннің алтын медаль алуы­­мен құттықтады. Паралимпиаданың ал­тын жүлдесін ен­ші­­леген жерлесіміздің жеңісінің ар­қа­­сында Қазақстан құра­масы жалпы есепте 13-орынға көтерілді. Шаңғышы А.Колядин Пхен­чхан­дағы Паралим­пиа­дада 14 наурызда өткен шаңғы жа­рысында жеңіске жетті. Клас­сикалық әдіспен 1,5 шақырымдық спринтерлік шаң­ғы жарысында жа­рысқан спортшы­лар арасында қазақ­стан­дық спортшы іріктеу кезеңінде де, жартылай финалда да үздік болды. Отандасымыз ақтық сында 4 минут 19,7 секунд нәтижесін көрсетіп, алдына жан салмады. Күміс медаль жапо­ниялық Йошихиро Ниттаның ен­ші­сінде кетсе, қола жүлделерге кана­далық Марк Арендз және финдік Иикк Туомисто қол жеткізді.
20 шақырым қашықтыққа тік тұрып шаңғымен жарысу аяқталды. Жарысқа 18 спортшы қатысты. Жерлесіміз Александр Герлиц қола жүлдеге сәл жетпей қалды. Ол мәре сызығын жүлдегерлерден 43 секунд кейін басып өтіп, 4-ші орынға ие болған болатын.
Шаңғымен 15 шақырымдық бәсеке­де Денис Петренко мен Сергей Усольцев жарыс жолына шыққан болатын. Д.Петренко қашықтықты 44:57.0 уа­қыт­та өтіп шығып, 12-ші орын алды. Ал С.Усольцев 15-ші орынға тұрақтады – 45:38.2.
Қыздар арасында шаңғы жарысынан 12 шақырым қашықтық сайысы мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның намысын Жаңыл Балтабаева қорғаған. Ол 12 шақырымдық қашықтықты 48:51.9 уақытта өтіп, жарысты 17-ші орынмен аяқтады.
Көзі нашар көретін спортшылар арасында 20 шақырымдық шаңғы жарысы аяқталды. Қазақстан Ұлттық Паралимпиада құрамасының атлеті Қайрат Қанафин 55:56.5 уақытымен 11-ші орында жайғасты.
Парабиатлоншы Александр Герлиц жарыс жолына сәтті өнер көрсете алмады. 7,5 шақырымдық қашықтықта отандасымыз жетінші орын алды – 20:15.0 (+2:25.6). Алтын медаль франциялық Бенжамин Давьеге бұйырды. Канадалық Марк Арендс күміс медальді мойнына тақты. Украиналық Игорь Рептюх қола жүлдеге қол жеткізді.
Әзірге АҚШ құрамасы медальдар саны бойынша жалпы есепте көш бастап келеді. Ал Франция құрамасы – екінші, үздік үштікті Украина спортшы­лары түйіндеп тұр. Алдағы жексенбі күні, 18-наурызда аяқталатын жарыста жер­лес­терімізге сәттілік тілейік, ағайын!

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру