Валюта бағамы: $ 325.75 382.04 5.31 ¥ 51.04

Ел күткен мүддені орындау – парыз

Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

«Елбасы халыққа әлеуметтік бағдар­ла­маларын жария етіп, Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Бұл бастамалардың әрқайсысы бүгінгі таңда халықтың кө­кейінде жүрген ең маңызды мәселе­лерді қамтиды. Қарапайым азаматтарға арналған арзан ипотека, табысы төмен жұмыскерлерге салынатын салық жүкте­месін азайту, жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салу, шағын және орта бизнеске несие көлемін 20 млрд теңгеге арттыру, елді газбен қамтамасыз ету – бұлардың қай-қайсысы да халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін аса маңызды жұмыстар», деді Премьер-министр. Үкімет басшысы атап өткендей, гүлденген мемлекет – тиімді басқару жүйесі мен қуатты экономика ғана емес, ол – ең алдымен рухани кемел және әлеуметтік жағынан барынша қорғалған азаматтар.
Президент ұсынған бастамаларды іске асыра отырып, әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру мақсатында Ұлттық банк арнайы ұйым құру арқылы жаңа ипотекалық «7-20-25 бағдарламасын» дайындайтын болады. Оның негізгі шарты – несие өсімі мөлшерлемесінің жылына 7 проценттен, бастапқы жарнасының 20 проценттен аспауы, несие мерзімінің 25 жылға дейін ұзартылуы.
Ал жалақысы төмен жұмысшы­лар­дың салық жүктемесін азайту үшін Ұлттық экономика министрлігіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салынатын жеке табыс салығының мөлшерін 1 процент ету тапсырылды. Бұл ретте салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге бағытталуы тиіс.
Елбасы жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесін ерекше назарда ұстап отыр. Осы тұрғыда Білім және ғылыми министрлігіне жаңа экономикада сұранысқа ие мамандардың қажеттілігін талдау негізінде 2018-2021 оқу жылдарына арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы қаулы жобасын дайындау жүктелді. Сонымен қатар жоғары білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, 2020 жылдың соңына дейін ең кемі 75 мың орындық студенттерге жатақхана салу көзделіп отыр.
Сондай-ақ Президент шағын және орта бизнес үшін несие көлемін 20 миллиард теңгеге арттыру жөнінде бастама көтерді.
«Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министр­ліктеріне және «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасына ағымдағы жылға рес­публикалық бюджетті нақты­лау кезінде қосымша 20 миллиард теңге бөлуді ескеруді, әсіресе ауыл­дық жерлерде шағын несие беру үшін қара­жатты одан әрі бөлу бойынша ұсыныс­тар енгізуді тапсырамын», деді Б.Сағынтаев.
Халық үшін тағы бір көкейкесті проблема – газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру бойынша Энергетика, Қар­жы, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктері, тиісті өңір әкімдіктері «Самұрық Қазына» қоры­мен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп бір апта ішінде жұмыс тобын құруы және Қызылорда-Жезқазған-Қара­ғанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша «Са­ры­арқа» газ құбырын қар­­жы­­ландыру мәселесін пысықтауы қажет.
Сөйтіп, халықтың әлеуметтік өмірі­не түбегейлі өзгерістер алып келетін барлық қадамдар бойынша Бірыңғай жол картасы әзірленетін болады.
Үкімет отырысында «Нұрлы жол» ин­фрақұрылымды дамыту бағдарла­ма­сын іске асыру барысы туралы ұлттық эко­номика министрі Тимур Сүлейменов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
Министр Т.Сүлейменов мәлімде­ген­дей, мемле­кет­тік бағдарламаның бірін­ші бағыты – автожол саласын дамыту аясында 2017 жылы 4,4 мың км автомобиль жолдары қайта жаң­ғырту жұмыстарымен қамтылды. Екінші бағыт – логистикалық жобаларды жүзеге асыру аясында елі­міздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін Құрық теміржол паром терминалы іске қосылды. Бағдарламаның үшінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шар­уа­шы­лығын жаңғырту аясында 2017 жылы жоспарланған 700 км инженерлік жүйенің 765 км жанғыртылды. Төртінші бағыт – апатты мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою шеңберінде өткен жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған 76 мектептің 73 мектебі салынды. Бесінші міндет – шағын және орта бизнесті инфрақұрылыммен қам­та­масыз ету аясында өткен жылы 20 шағын және орта бизнес жобасы, оның ішінде Қостанай және Алматы облыстарындағы 2 индустриалдық аймақ қажетті инфрақұрылыммен қамта­масыз етілді. Алтыншы бағыт – ха­лық­аралық қаржы ұйымдарымен жобаларды қоса қаржыландыру аясында былтыр халықаралық қаржы ұйымдарымен әріп­­тестік туралы негіздемелік келісім шең­берінде муниципалды жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, өнімді инновацияларды ынталандыруға, жұмыс дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын құруға, суару және дренаж жүйелерін жетілдіруге бағытталған 15 жобаға бірлескен қаражат бөлінді.
Сондай-ақ отырыста Министрлер кабинеті терроризмге қарсы күреске арналған бесжылдық бағдарламаның жобасын мақұлдады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру