Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Тимур ҚҰЛЫБАЕВ: Мемлекеттік қызметтің барлық саласында сыбайлас жемқорлықты азайту қажет

Мемлекет басшысының ширек ғасыр ішінде екі жаңғырту үрдісін аяқтап, дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан еліміздің жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу міндеттері айқындалған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық экономиканы цифрландыру ісіне басымдық берілген болатын.

Жолдау жүктеген міндетті жүзеге асыру мақсатында үкімет «Цифрлық Қазақстан» мемлекет­тік бағдарламасын жасап, іске қосты. Ақпараттық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен да­мып отырған қазіргі заманда IT са­ласы жетістіктеріне арқа сүйеген өркениетті әлем өнеркәсіптің қа­рыштауы мен халықтың әл-ауқа­тының жылдан-жылға артуына қол жеткізіп келеді. Осы ретте бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, ұлттық экономиканың бәсекеқабілеттілігін көтеру ар­қы­лы дамыған 30 елдің қатары­нан көріну. Яғни осынау биік мақсатқа жетер жолды жақындата, жеңілде­те түсу үшін өмірдің бар сала­сын сандық жүйемен қамту көзде­ліп отыр. Жалпы бұл бағыттағы жұ­мыс­тар елімізде осыдан он жыл бұрын басталған болатын. Сол ақпараттық технологияларды мем­­­лекеттік секторға енгізудің нә­ти­жесі – Қазақстанның электронды үкіметі. Бүгінде осы жүйе­нің кө­мегімен жүздеген операцияны компьютер арқылы жүргізе аласыз. Бұл қай елдің болмасын өзегін жегі құрттай кеулейтін сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына тосқауыл болар үл­кен мүмкіндіктің бірі деуге болады. Таяуда өткен Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл мә­селесі жөніндегі кәсіпкерлердің ІІ рес­пуб­ликалық форумында ортаға түс­кен ой-пікірлер осы төңіректе то­қайласты.
Форум мінберінен сөз алған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев цифрландыру мем­лекеттік қызметтің барлық саласында сыбайлас жемқорлықты азай­татындығы туралы айта келіп: «Ци­фрлық технологияларды пайдалану мен дамыту – біздің басты міндетіміз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл үдеріс бірінші кезекте қызмет көрсету саласында басталауы керек. «Атамекен» тарапынан осы бағытқа маңыз берілуде. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының жұмысы аясында «Бизнеске арналған үкімет» құрылып жатыр. Бүгінде 76 мемлекеттік қызмет түрі автоматтандырылды. Биылға дейін Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Инвестициялар және даму министрліктері бойынша 52 мемлекеттік қызмет автоматтандырылады. Түйткілдер көп кеден саласы электронды форматқа көшуі шарт. Биыл кеден саласында 18 қызмет түрін цифрландыру міндеті тұр. Осылайша мемлекеттік қызметте жемқорлық қатерлер азаяды», – деп атап өтті.
Біріншіден, цифрландырудың түпкі мақсаты – тәуекелдерді басқару жүйесін толық автоматтандыру, яғни жүйе шенеуніктің қатысуынсыз, тексеру объектісін өзі анықтайтын болады.
Ұлттық палата басшысының айтуынша, екінші міндет – мемлекеттік аппарат қызметкерлері санын қысқарту. Осы орайда бақылау-қада­ғалау функцияларының мән-маңы­зын анықтап, реттеу нәтижесінде 1100 тексеруші қызметкер қысқаратын болады. «Біз қысқарту барысында үнемделген қаражатты қызметкерлердің жалақасын көтеруге жұмсауды ұсынамыз. Осылайша мемлекеттік органдар қызметкерінің табысы корпоративті сектордағымен деңгейлеседі. Сонда ғана мемлекеттік секторда кәсіби мамандар жұмыс істейді. Біз мемлекеттік аппараттың кәсіби мамандардан құралған, шағын әрі сапалы болғанын қалаймыз», – деді Тимур Құлыбаев.
Мінберден айтылған үшінші бір ұсыныс – кәсіпкерлерге қатысты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру. Бұл тұрғыда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолында барлық қажетті тетік бар. Атап айтқанда, тәртіп комиссиялары жұмысын үйлестіруге ықпал ете алатын Этика бойынша өңірлік кеңестер жүйесі мен мемлекеттік органдарда этика бойынша өкілеттіктер құрылған. Әр кәсіпкер шенеунік өзінің заңсыз әрекеті үшін жауапқа тартылатынына сенімді болуы керек.
Төртіншіден, жеке сектордың жа­уапкершілігін арттыру қажет. Соңғы уақытта қоғамдық тамақтану орындары, лифт шаруашылығы, тасымалдау, өрт қауіпсіздігі салаларына қатысты сын көп айтылуда. «Бұлардың бар­лығы адам өмірінің қауіпсіздігі мен денсаулығы, қоршаған ортамен байланысты. Сондықтан, бұл салалар қатаң бақылауда, оның ішінде бизнестің жауапкершілігінде болуы тиіс. Бұл жерде өзін-өзі бақылаудың нақты тетігі қалыптасып, өнім сапасы төмендеуінің алдын алуда бизнестің жауапкершілігі артуы керек. Біз адал, салық төлейтін, заңға бағынатын кәсіпкерлер мүддесін қорғаймыз», – деді Ұлттық палата басшысы.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының маусым айында өтетін кезекті съезінде кәсіпкер этикасы кодексі қабылданбақ. Онда кәсіпкерлердің басқа кәсіпкерлік субъектілерімен қарым-қатынасы мен міндеттері қарастырылатын болады.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен жұмыс жөніндегі екінші жол каратсына қол қойылды.
Тимур Құлыбаев сөзін қорытын­ды­лай келіп, Жол картасын орындау екі тараптан да қатаң бақылауда болатынын айтып, Агенттікке кәсіпкер­лік қоғамдастыққа көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.
Кәсіпкерлер форумында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бірі қатарында әрбір кәсіпкер өзін-өзі қорғай алатындай жүйе қалыптастыру қажеттігі айтылды. Осы ретте ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі жаңа ынтымақтастық бастамаларын таныстарды. Атап айтқанда, бизнеске жоғары талап қоюдан арылу. Сыбайлас жемқорлық қаупін жоюдың оң тәсілі – мемлекеттік ор­гандардағы үдерістерді автоматтандыру. «2016 жылдың желтоқсан айында 16 сала бойынша сыбайлас жем­қорлық қаупіне сараптама жасалып, Агеттікпен бірлескен жұмысқа байланысты Жол картасына қол қойылған болатын. Ол салалардың барлығы дерлік кәсіпкерліктің бүкіл тарапына қатысы бар», – деді Рустам Жүрсінов.
Жерден бастап, салық, кеден мәселелері бизнес саласына тікелей не жанама қатысы бар. Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанның барлық өңірлерінде «Атамекен» ҰКП мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қажетті кездесулер өткізіп, егжей-тегжейлі сараптама жасау нәтижесінде 800-ге жуық ұсы­ныс іріктелген. «Биылғы жылға арналған Жол картасы дайындалды. Жол картасы 5 негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп, жоспар бойынша 16 іс-шара ұйымдастырылады. Бірінші бағыт – мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын сараптау. Биылғы жылы салалық бағытта жүйелі жұмыс ат­қару­ды көздеп отырмыз. Ауыл шар­уа­шылығы, экология, кеден, техни­калық реттеу, монополияға қарсы іс-қимыл және құрылыс мәсе­ле­лері бойынша жоспарлы шаралар қарастырылып отыр», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Ол өз сөзінде атап өткендей, Дү­ниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның позициясы 30%-ке төмендегеніне байланысты құрылыс саласы басты назарға алынды. Бұған басты себеп бол­ған әкімшілік кедергілер, әртүрлі қағаз­бастылық рәсімдер екендігі түсін­дірілді. «Ауыл шаруашылығына келетін болсақ, бизнес ахуалы бойынша сараптама сыбайлас жемқорлық қауіпі бар екендігін айқындады. Бі­рінші кезекте, бұл субсидиялауға байланысты. Соңғы уақытта бизнес­тің жауапкершілігін арттыру тұрғы­сын­да сұрақтар көп қойылады. Сон­дай-ақ тауарлар мен азық-түліктің қауіпсіздігі де өте маңызды және басты назардағы мәселелер», – деп атап өтті Р.Жүрсінов.
Форум мінберінен айтылғандай, ұлттық палатаның негізгі жұмыс бағытының бірі – мемлекеттік қыз­мет­­­кер­лердің жауапкершілігін арт­тыру. Бұл ретте басты мақсат – әрбір кәсіпкер өзін-өзі қорғай алатын­дай жүйе қалыптастыру. Сон­дықтан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге құқық қолдану тәжірибесі бойынша сараптама жүргізіліп, әкімшілік құқық бұзушылықтар, Қылмыстық кодекс­тің кейбір баптарына және цифрландыру бойынша заңнаманы же­тіл­діруге байланысты ұсыныстар қарастырылуда. Үкіметпен цифр­ландыру бойынша бірлескен жұмыс нәтижесінде мемлекеттік қызметтің неғұрлым қаупі бар деген 50 түрі анықталып, бизнес-үдерістерге терең талдау жүргізілген, артық рәсімдер мен құжаттар қысқартылған. Мұның бәрі болашақта цифрландыруға және автоматтандыруға жақсы база болмақ. Осылайша, форум аясында өткен жылдың жетістігі мен кем-кетігі сараланып, биыл атқарылар жұмыс жүйеленді, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру