Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Субсидияланған қарыз берілді

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жиырма бір миллиард теңге сомасында субсидияланған ипотекалық қарыз берілді. Қазіргі таңда субсидияланатын қарыз ел үкіметінің былтыр қазанда қабылданған жаңа талаптары бойынша беріліп жатыр.

«Бәйтерек» ұлттық басқару хол­дингі» АҚ еншілес ұйымы – «Нұрлы жер» бағдарламасының ипо­те­­ка­лық қарыздар бойынша сый­ақы мөлшер­лемесін субсидиялау бағы­ты­ның операторы – «Қазақстан Ипо­текалық Компаниясы» ИҰ» АҚ 2018 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 21,4 млрд теңгеге 2059 өтінімді мақұлдады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Аталған сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасына Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен, Қостанай, Жезқазған, Семей, Қызылорда және Алматы облысының тұрғындары қатысты.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздарды субсидиялау – қарыз алушы үшін екінші деңгейлі банктер арқылы бастапқы тұрғын үйді сатып алу барысында ипотеканың соңғы мөлшерлемесін жылдық 10% көлемінде қарастырады. Субсидиялау тек екінші деңгейлі банктердің сыйақы мөлшерлемесі жылдық 16% (шекті мөлшері) көле­міне берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ғана іске асырылады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, мөлшерлеменің 6% көлеміндегі айырмашылығы банкке Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы республикалық бюджет есебінен өтеледі.
Қазіргі күні Қазақстан ипотека­лық компаниясы «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы бойынша сыйақы мөл­шер­лемесін субсидиялау бағытын жеті банкпен, атап айтқанда, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Банк ВТБ» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ және «Қазақстанның құрылыс жинақ банкі» АҚ (жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша) бірлесе отырып, іске асыруда.
Субсидияланатын қарыздар ел үкіметінің 2017 жылғы қазанда қабылданған жаңа талаптары бойынша беріліп жатыр. Қарыз алушы үшін 30% бастапқы жарнаны қамтамасыз ету мақсатында қарыз алушыға немесе үшінші тұлғаларға тиесілі тұрғын үй түріндегі баламалы жылжымайтын мүлікті қосымша кепілзат ретінде ұсыну қарастырылған. Сондай-ақ бастапқы жарна ретінде растаушы құжаттарды ұсыну барысында қарыз алушының құрылысты салушыға төлеген алдын ала төлемі де есепке алынады. Бастапқы тұрғын үй ұғымы да кеңейтілді: қазір пәтерлерді тек құрылысты салушылардан ғана емес, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті құрылыс салушылардан алып сататын басқа заңды тұлғалардан да (сауда-саттық компаниялары) сатып алуға болады.
Сыйақы мөлшерлемесінің белгілі бөлігін субсидиялау – қарыз алушы үшін жүктемені 30% артық көлемде төмендетеді. Бағдарлама аясында ешқандай комиссиялар алынбайды, қарыз шетел валютасына байлаусыз, тек теңгемен беріледі. Сондай-ақ кезекте тұрудың немесе қандай да болмасын өлшемдерге сәйкестіктің қажетсіздігі бағдарламаны тартымды етіп отырғаны анық. Бағдарламаның тағы да бір күмәнсіз артықшылығы, бұл – жылжымайтын мүлікті таң­дау­дағы еркіндік. Қарыз алушылар кез келген құрылыс салушылардан қалаған тұрғын үйін таңдауға құқылы.
Былтырғы жылдан іске асырыла бастаған бағдарлама аясында (2017-2018 ж.) 120 млрд теңге сомасында 8 000 қарыз беру жоспарланған.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру