Валюта бағамы: $ 363.26 420.11 5.54 ¥ 52.45

Масс-медиа ұлтты тәрбиелейді

Қай кезеңде болмасын, рухани жаңғырудағы ұлттық сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Сондықтан телевизия, баспа, кино ұсынатын өнімдердің сапалық ерекшеліктеріне, заман болмысына сәйкестігіне, бәсекеге қабілеттігіне қойылар талаптар да жоғары болуы тиіс.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы Мирас республикалық кеңесінің отырысында ұлттық кодты қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Жиынға еліміздің ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, мәдениет және спорт министрінің орынбасары, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.

Мемлекеттік телеарналардың маз­­­мұнын жаңарту, көрсетілетін бағ­­­­дар­ламалардың сапасын арттыру ба­ғы­тында салалық министрлік тарапынан көптеген жұмыстар атқа­рылуда. Ақпарат министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, арнайы жүр­гізілген әлеуметтік зерттеулер бойынша бүгінде қазақстандықтар теледидардан ақпарат алуға күнделікті 120 минутын жұмсайды екен. Салыстырмалы түрде интернет-ресурстар мен баспасөздегі ақпаратты оқуға 60 және 45 минутын арнайтыны мәлім болды.
Осы ретте министр мемлекеттік тапсырыс аясында отандық және ком­мерциялық телеарналар мен ра­дио­­лардың еліміздің тарихын, әдет-ғұр­пын насихаттайтын бағдарламалар дайын­дап жатқанын атап өтті.
– «Хабар 24» пен «Qazaqstan» арна­лары «Інжу-Маржан» атты 100 циклды құрайтын 30 бағдарламалық бейнероликті ротациялаған. Сонымен қатар «Хабар» телеарнасы «Болашаққа бағдар», «Сана» жобаларын жарыққа шығарды. Шет мемлекеттерде тұратын қандастарымыз үшін «Kazakh tv» телеарнасы ақпарат таратуда. Онда жаңалықтардан бөлек, еліміздің жетістіктерін насихаттауға бағытталған 6 циклдық бағдарлама бар, – деді Дәурен Абаев.
Министрлік Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп «Қазақстан­ның 100 жаңа есімі» жобасын жүзеге асырды. Қазір жоба қатысушылары туралы деректі фильмдер мемлекеттік телеарналардың эфирінен трансляцияланып жатыр. «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басым бағыт­тардың орындалуына байланысты 2017 жылы атқарылған іс-шаралар ту­ра­лы «Жаң­ғыру жолы. Жаңа тұрпат» атты деректі фильм көрермен назарына ұсынылған. Сондай-ақ хал­қы­мыздың рухани құндылықтарын жаң­ғыртуға бағытталған әлеуметтік ро­лик­тер дайындауға да баса мән бері­ліп, өткен жылы 131 әлеуметтік бейне­ролик әзір­ленген.
Министр жақында Елбасы қабыл­да­уында отандық сериалдардың сапасын арттыру қажеттігі айтылғанын еске салды.
– Президент телеарналардағы се­риалдық өнімдердің сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, масс-ме­дианың жастарға патриоттық тәр­бие беру ісін­де маңызды рөл атқа­ра­тынын атап өтті. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша министрлік тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Д.Абаев.
Атап өтерлігі, өткен жылы отандық арналарымыз шетелдік сериалдардың уақытын екі жарым мың сағатқа қыс­қартқан және министрліктің тап­сы­рысымен 40 отандық сериал түсі­рілген. Оның ішінде «Qazaqstan» теле­арнасы – 15, «Хабар» – 13 сериал, өзге коммерциялық арналар – әртүрлі жанр мен тақырыптық ба­ғыт­тарды қамтитын 12 телехикая әзір­­леген. ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды қамтитын «Тар заман» толық метражды көркем фильмі қазір еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар ХVII ғасырдың басындағы қазақ батыр­ларының өмірін баяндайтын «Батырлар жолы» сериалы көрермен назарына ұсынылады. «Астана» телеарнасынан «Асыл арман» атты 60 сериялы мелодрама жарыққа шығып, көрермен оны жылы қабылдады. «КТК» телеарнасы арнайы жасақ қыз­­­мет­керлері туралы «Красный уровень» шытырман хикаясын түсірді. Бұл тізімге «Ауылдастар», «31-ші бө­­­лім­ше» сериалдарын қосуға болады. Бұдан бөлек, қазірде министрлік «Қаз­­те­лерадио» акционерлік қоғамы­мен бірлесіп шекаралық аудандардағы құрылғыларды кешенді жаңартуды бас­тап, ескірген теле-радио хабар та­ратқыштарды ауыстыру мен автоматизацилауды қолға алды.
Отандық телетуындылардың сапасын талқылау барысында жинал­ған­дар телеарналарда отандық өнім­дердің үле­сін арттыру, танымдық-ағар­ту­шы­лық бағдарламаларға баса назар аудару қажеттігіне, көркем фильмдер мен сериалдар патриотизмді насихаттауы тиістігіне маңыз берді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру