Валюта бағамы: $ 346.68 404.02 5.47 ¥ 51.15

Ұлттық банк дамушы нарықтарды несиелеуде

Таяуда еліміздің Ұлттық банкі өткен жылғы қарашадан бастап, қазақстандықтардың зейнетақылық ақшасын Бразилия, Мексика, Чили, Перу, Польша Индонезия және де басқа дамушы елдер үкіметтерінің мемлекеттік құнды қағаздарына сала бастағанын жариялады, деп хабарлайды Sputnik сайтынан. «Біз бұдан не ұтамыз? Қазақстандықтар өз зейнетақыларының дамушы нарықтарға салынғанынан ертең жапа шекпей ме?» деген сауалдар туындайды. Енді соларға жауап іздеп көрелік.

Дамушы нарықтар – табыс көзі

Дамушы елдердің акциялары мен облигациялары соңғы жылдары дамыған елдердің құнды қағаздарына қарағанда әлдеқайда көбірек табыс әкеледі екен. Мұны арнайы құнды қағаздармен жұмыс істейтін брокерлер мен сарапшылар да, осы салада талай жылдар нақты жұмыс жүргізіп келе жатқан ақпарат құралдары да атап көрсетеді.
«Дамушы елдер қорлары нарықтарының тұтқалы индикаторы болып табылатын MSCI (ағылш. Morgan Stanley Capital International) Emerging Markets халықаралық талдаушы компаниясы акцияларының индексі, өткен жылы 2009-ыншы жылдан бергі үздік нәтижені көрсетіп, 28%-ға өскен» – деп жазады Wall Street Journal. Беделді америкалық басылым бұл көрсеткішті S&P 500 (өз себетіне АҚШ-тың капиталдануы мейлінше мол 500 таңдаулы акционерлік қоғамы кірген қор индексінің иесі. Бұл тізім Standard & Poor’s компаниясына тиесілі және оны жасайтын да өздері) америкалық қор индексімен салыстырады, ең басты мәселе – мұнда 2017-нші жылдың басынан бері өсім тек 18 пайызды ғана құраған.
Швейцариялық Credit Suisse банкінің сарапшылары бұдан да асып түскен келешекке меңзейді. Олардың болжауынша, 2030-ыншы жылдарға қарай дамушы нарықтар 160 триллион долларға дейін өсуі мүмкін, сөйтіп осынша серпінімен батыстық нарықтарды басып озбақ.
Бұдан шығатын қорытынды: дамушы нарықтардың таңқаларлық көрсеткіштеріне сүйене отырып және сарапшылардың жағым­ды болжамдарын да ескере келе, Қазақ­станның Ұлттық банкі өткен жылы зейнет­ақылық активтердің валюталық қор­жынын инвестициялаудың жаңа стратегиясын жаса­ғанға ұқсайды.
Ал, Ұлттық банктің өзі атап көрсетуінше, бұл жаңа стратегия Ұлттық қор активтерін басқарудың ескі тәжірибесіне негізделген және ұзақ мерзімді келешекте зейнетақылық активтердің табыстылығын арттырады екен.

Ұлттық банк тәуекелге бел шешкен

Бұл жерде бізге өз еліміздегі осы саланың мамандары мен сарапшылардың пікірлерін де білген абзал. Өйткені, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшылары өз ақшалары дамушы елдердің экономикаларына несиеленіп жатқанда, қандай тәуекелге барып отырғандарын білуі заңды талап болса керек.
Экономист Рақым Ошақбаев қаржылық нарықта тәуекелдік пен табыс тығыз б­лес­тікте – тәуекелдік неғұрлым жоғары болса, табыс та молырақ болмақ, сондықтан Ұлттық банктің дамушы нарықтардағы қар­жылық құралдарына салым жасау арқылы айтарлықтай тәуекелге барып отырғанын айтады.
«Бірақ, мен үшін Ұлттық банктің ин­вестициялық декларациясының салып отыр­ған инвестициясына сәйкестігін, тәуе­кел мен табыстылықтың ара қатынасын білмей тұрып, бағалау ауыр болады, – дейді экономист. – Естеріңізде болса, былтыр, ха­лық­­аралық сыныптамалары бойынша рей­тингтері «төменқол» деп айқындалған, ком­па­ниялардың облигациялары мен акцияларына зейнетақылық активтердің айтар­лықтай бөлігі инвестицияланғаны анық­талған еді. Кейіннен өзін дефолт деп жариялаған, Әзір­байжан банкіне салынған инвес­тиция да болашақ зейнеткерлерді біршама толған­дыр­ды емес пе?».
Мұнысы рас маманның, кім де болса маңдай терімен тапқан-таянған ақшасының аяқ астынан көлденең біреулердің қалта­сында кеткенін құптай қоймасы анық. Ал, тіпті шет ел асып, өзге мемлекетте өсімін күткен зейнетақы қорымыздың өзімізге үстемелеп оралуына қанша сенгеніңмен, көкейде нар тәуекелден гөрі дүдамал күдіктің басым болатыны да осыдан шығар.

Кеңесші кесіп айтады

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов Ұлттық банктің тә­уекелге баруында Ошақбаевпен келіседі екен, бірақ сөйте тұра, салымшылар қор­қақтайтындай, жалпы алғанда, ештеңе жоқ деп есептейді.
«Кез-келген салымдар күн сайын құнсыз­дана түседі, – деп түсіндіреді Құсайынов. – Міне, сондықтан да қазақстан­дық­тардың зей­­нетақылық қорланымын инфляция жұ­тып қоймауы үшін, инвестициялық табыс ай­тарлықтай жоғары болуы тиіс. Сол себепті де, бір жағынан, қарапайым халық өз зей­нетақылық активтерінен жоғары табыс тапқысы келеді, екінші жағынан алғанда, қайда инвестициялаған дұрыс? Тәуекелсіз ақша өспейді – ол ағаш емес қой. Дамушы нарықтар үлкен табыстылық әкеледі, бірақ та үлкен тәуекелдік те жүктейді. Бұл – аксиома».
Қазақстандықтарға абыржитындай еш­те­ңе жоқ, Ұлттық банк неғұрлым сенімді және инвестициялық тұрғыдан тартымды елдерді таңдаған, деп сендіреді Данияр Ақышевтың кеңесшісі. Бұл – басқаша айтқанда, жинақты диверсификациялаудың да жарқын көрінісі.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру