Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Ауыл шаруашылығы автоматтандырылуда

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазіргі таңда ел экономикасының түйінді салаларында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ке­ңі­нен қолданыла бастады. Осы орайда ежелден қол еңбе­гіне сүйенетін агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың мақ­­саты соны технологияларды енгізу және ауыл шаруа­шы­лығына арналған ақпараттық шешімдерді әзір­леуге биз­несті тарту арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыру болып табылады. Агрокешенді ауқымды цифрландыру мамандар алдына мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыру мен өндіріс саласын технологиялық қайта жарақтау сияқты екі үлкен міндет жүктеп отыр.
Мемлекеттік реттеуді цифрландыру агроөнеркәсіптік кешен нысандары үшін қаржыландырудың қолжетімділігі, өткізу нарықтарын және экспортты дамыту, мемле­кеттік бақылау мен қадағалау тиімділігі, су және био­логиялық ресурстарды тиімді басқару сияқты бағыт­тарды дамытуға арналған тетік болып табылады. Атал­ған нұсқамалар арқылы көрсетілетін 101 мемлекет­тік қызмет және агрокешен саласындағы тиісті үдерістер автоматтандырылады. Агроөнеркәсіптік кешен нысандары үшін аржыландыру қолжетімділігі кредит пен лизинг алу, субсидиялау, аграрлық қолхаттар мен онлайн-сақтандыруды енгізу үдерістерін автоматтандыру есе­бінен қамтамасыз етіледі. Өткен, 2017 жылы кредит пен лизинг алуға арналған өтінімдерді электронды түрде қабылдау іске асырылды, өтінімдерді уақтылы қарауды бақылау қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы бұл қызмет кепілдендіру және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағытында жүзеге асырылады. Бүгінгі күні субсидиялаудың 19 бағытының біреуі – асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша ғана өтінім ақпараттық жүйе арқылы беріледі, ал құжатты қарау және шешім қабылдау үдерісі әлі авто­маттандырылмаған.
Биыл 10 бағыт бойынша, ал 2019 жылы қалған бағыт­тар бойынша толық автоматтандыру іске асырылады. Бұл өтінімдерді қарау мерзімін 2,5 есеге, яғни 18 күннен 7 күнге дейін қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Цифрландыру салаға инвестициялар тарту үшін жаңа қаржы құралын енгізуге мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті заңнамалық акті қабылданғаннан кейін 2019 жылдан электрондық аграрлық, тауарлық және қаржылық қолхаттар енгізілетін болады. Саланы қаржыландыруды ұлғайту 2019 жылдан бастап ғарыштық мониторингті пайдалана отырып, онлайн-сақтандыруды енгізу жолымен тәуекелдерді қысқартуға мүмкіндік береді, ол заңнаманы өзгерткеннен кейін іске қосылады.
Қазіргі көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері ішінде 62 мемлекеттік қызмет қана ішінара автоматтан­дырылған. Жоспарға сәйкес алдағы екі жылда 89 мемле­кеттік қызмет толық автоматтандырылатын болады. Өткізу нарықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және экспортты дамыту үшін ілеспе және рұқсатнама құжаттары, өнімдердің қадағалануы автоматтандырылады, электрондық сауда-саттықты енгізуге, оның ішінде электрондық қолхаттарды дамытуға жағдай жасалады. Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша қазіргі уақытта 13 ілеспе және рұқсатнама құжаттың тоғызын қарау автоматтандырылды, алайда құжаттардың өзі қағаз түрінде беріледі. Ветеринариялық және фитосанитариялық жете тексеру актілері және сертификаттар, карантиндік сертификаттар, ветери­нариялық анықтамалар, кәсіпорындардың есептік нөмір­лері, вет-санитариялық қорытындылар, тірі мал мен өнімдерді әкелу-әкетуге арналған рұқсат, карантиндік және ветеринариялық зертханаларды сараптау актілері, экспортқа арналған ветеринариялық сертификат, тіркеу куәлігі ағымдағы жылы автоматтандырылады. Мәселен, үдерістерді автоматтандыру және қадағалау жүйесінен деректер алу есебінен экспортқа арналған ветеринариялық сертификатты беру мерзімі 14 күннен бір сағатқа дейін қысқарады.Электрондық астық қолхаттары жүйесінде 2017 жылы шамамен 627 млрд. теңге болатын 19 млн. тонна астыққа сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Бұл жүйеде астық балансының онлайн-мониторингі, астыққа арналған бағаның статистикасы, астықты сақтандыру, астық қабылдау пункттерінің рейтингісі енгізілді. Бұл астық қолхатын қолдан жасауды болдырмауға және фермерлердің шығыстарын жылына 700 млн. теңгеге азайтуға мүмкіндік берді.
Үстіміздегі жылы жүйені дамыту шеңберінде қауіпсіз­дікті арттыру мақсатында шетелдік сатып алушылардың астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін «блокчейн» технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг енгізіледі. 2019 жылы мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық өнімін қамтитын агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қадағалаудың «танаптан үстелге дейін» жүйесі іске қосылатын болады.Сонымен бірге ветеринариялық және фитосанитариялық зертханаларды, мал базарларын, сою пункттерін, қайта өңдеуші кәсіпорындарды, тұқым шаруашылығы нысандарын, сауда, логистика желілерін есепке алу қадағаланады. Қадағалау халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келеді, сондай-ақ жаңа және келешегі мол экспорттық нарыққа шығуды қамтамасыз етеді. Автоматтандыру мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ашықтығын, клиентке бағытталуын және тиімділігін арттырады. Мысалы, өнімдерді қадағалау жүйесі фитосанитариялық және ветеринариялық тәуекелдердің тиімді мониторингін жасап, зертханалық зерттеулерді есепке алудың ашықтығын арттырады, фермерлердің шығындарын азайтады, сыбайлас жемқорлықты төмендетеді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру