Валюта бағамы: $ 370.49 421.06 5.54 ¥ 53.84

Күш атасын танымас

Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Азия чемпионаты жыл сайын көктем мезгілінің соңғы айларында өтетін. Алайда Бірлескен күрес әлемінің басшылары биылғы құрлықтық жарысты наурыз айының басына бекітті.

Осыған байланысты ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы Қазақстан чемпионатын кейінге қалдырды. Жарыстың бірінші күні грек-рим күресінің шеберлері 55, 63, 77, 87 және 130 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анық­тады. Алайда бес салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекенің финалына Қазақстан балуандары шыға алмады.
Жеңіл салмақта 55 келі салмақ дәрежесіндегі отандасымыз алма­ты­лық Қорлан Жаханша алғашқы айналымда қырғыз балуаны Жоламан Шаршенбековтен ұтылып қалды. Алайда, қола медаль үшін болған белдесуде Жаханша қы­тайлық қарсыласын жеңіп, Қа­зақстан қоржынына осы чем­пио­наттағы алғаш­қы жүлдені салды.
63 келі салмақта ел намысын қорғаған Мейрамбек Айнағұлов та Азия чемпионатын қола медальмен қоры­тын­дылады. Ол ширек финалда ирандық Морад Абдевалиді айқын басымдықпен (10:0) ұтты. Бірақ, жартылай финалда өзбекстандық Елмұрат Тасмұрадов­қа тізе бүкті. Қола медаль үшін күресте Мейрамбек өз мүмкіндігін мүлт жібермеді, үнді балуаны Викрам Курадені 9:0 есебімен талқандап, жүлдегерлер қатарына қосылды. Былтыр Нью-Делиде (Үндістан) 75 келі салмақта Азия чемпионы атанған Мақсат Ережепов те бұл жолы қола медальмен шектелді. Ол 77 келі салмақта өнер көрсетіп, алғашқы белдесуінде ирандық балуаннан ұтылды. Бірақ, артынша екі қарсыласын жеңді. Алдымен жұбаныш белдесуде тәжікстандық балуанды қапы қалдырса, қола медаль үшін айқаста Жапония өкілінен айласын асырды.
Орта салмақтағы Алмат Кебіс­баев 67 келі салмақта күре­сіп өзіне тең келер қарсылас тап­пады. Осы­дан 7 жыл бұрын ересектер арасындағы Азия чемпионатында алғаш рет топ жарған Алмат осылайша, Азияның екі дүркін чемпионы атанды. Финалда отандасымыз жапон балуаны Сухика Шимоямаданы жеңді. 82 келі салмақта ел намысын қорғаған Асқат Ділмұхамедов те Бішкекте бас жүл­деге ие болды.
Сонымен қатар күрес түрле­рінен өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен мық­тылар анықталды. Азия бірін­ші­лігінің үшінші күні 68 келідегі Ирина Казюлина мен 76 келідегі Эльмира Сыздықова жүлдегер атанса, ал 53 келідегі Жұлдыз Иши­мова ел қоржынына тағы бір қола медаль салды. Командалық есепте Қытай құрамасының қыздары бірінші орынға ие болса, екінші орынға Моңғолия құрамасы ие болды. Ал Жапония құрамасы үшінші орынды түйіндесе, Қазақстан құрамасы жалпы есепте алтыншы орынға ие болды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру