Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Инвестиция тарту жайы қалай?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шетел инвестицияларын тарту мәселелері қаралды. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарын жаңартылған мазмұнға көшіру барысына назар аударылып, Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы мақұлданды.

Өткен жылдың 9 айының қорытын­ды­сы бойынша елімізге құйылған тіке­­лей шетелдік инвестициялардың жал­пы ағыны 15,8 млрд долларды құрап, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен са­­лыс­тырғанда 5,3 процентке жоғары болды. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, министрлік «Kazakh Invest» АҚ-мен бірлесіп, жалпы құны 47,8 млрд долларды құрайтын іске асырылу үстіндегі 145 инвестициялық жобаның негізгі тізімін қалыптастырып, оған барлық елдік ынтымақтастық бағдарламалары аясындағы жобалар, соның ішінде Қазақстан-Қытай, Қазақ­стан-Түркия және басқа да инвести­циялық жобалар кірген. Бұл ретте Қазақстан-Қытай ын­тымақтастығы аясында жалпы сомасы 27,7 млрд доллар болатын 51 жоба жүзеге асырылуда, олардың шамамен 140 млн доллары сомасына 4 жоба енгізілді. Ал биыл 623 млн доллар инвестициялар көлемі бар қытай капиталының қатысуымен 5 жобаның құрылысы басталады.
Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы бағдарламасы («Жаңа синергия») 26 жобадан тұрады. Осы жылы жалпы сомасы 15,5 млн доллар болатын 2 жобаны жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар Мемлекет басшысының шет елдерге сапары барысында қол қойылған келісімдер аясында жүзеге асырылатын басқа да инвестициялық жобалар негізгі тізімге енгізілген. Биыл жалпы 145 жобаның 1,6 млрд доллары сомасына 15 жобаның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Келешекте халықаралық қаржы инсти­тут­тарының қаражаттары тартылатын жобалар, оның ішінде мемлекеттік-жеке­меншік жобалары тізімге қосылады.
Экономиканың басым салаларына шетел инвестицияларын және инно­вациялық технологияларды тар­туға, сондай-ақ отандық экспорттық өнім­дерді өткізуге жәрдемдесу – Қазақ­стан­­ның сыртқы экономикалық саяса­тының басты элементі және сауда мен экономикалық дипломатияның негізгі басымдықтарының бірі. Сыртқы істер ми­нистрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Мемлекет басшысы эконо­микалық дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, шет елдерге ресми сапарлардың барлығы дерлік оның шетелдік бизнес қауымдастықтармен жеке кездесулерін көздеп, коммерциялық келісімдер жасалатынын атап өтті.
Инвестицияларды сыртқы деңгейде тарту жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында инвесторлармен мақсатты жұмыс істеу үшін 10 басымдықты елдерде Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялық кеңесшілер желісін өрістету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанның шет елдердегі мекемелері «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның шет елдердегі өкілдерімен бірлесіп шетелдік іскерлік қауымдастықпен инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бойынша тұрақты іс-шаралар өткізуде.
Сондай-ақ отырыста энергетика ми­нистрі Қ.Бозымбаев, ауыл шаруа­шы­лығы бірінші вице-министрі А.Ев­ниев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бас­қар­ма төрағасы С.Тұяқбаев инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп берді.
Қаралған мәселені түйіндей келе, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өткен жылы инвестициялар тартудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. «Жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары құрылуда. Барлық деңгейдегі инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Алайда жағымды инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша қолға алынған шараларға қарамастан, шетелдік инвесторлардың жер жерлердегі қандай да бір өзекті мәселелерді шешу бойынша өтінімдер саны азаймай отыр. Бұл проблемаларды инвесторлар Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес аясында және басқа да диалог алаңдарында айтып келеді», дей келе, Үкімет басшысы аталған бағытта жұмысты жандандыру мен жақсарту мақсатында бірқатар тапсырмалар берді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы мо­но­қалаларға инвестициялар тарту проблемаларын қозғады. Мәселен, зәкірлі жобаларды тарту моноқалаларда жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуі тиіс болатын. Алайда қазір оған дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Осыған байланысты инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекке мәселені бақылауға алу тапсырылды.
Аймақтар әкімдеріне инвестициялар тарту мәселелерін қатаң бақылауды тапсырып, жаңа және іске қосылған жоба­лардың жұмысының тиімділігіне назар аударуды ескерткен Үкімет басшысы Пре­мьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге осы тапсырмалардың орын­далуын бақылауды жүктеді.
Жиында орта білім беру ұйым­дарында жаңартылған мазмұнға көшу ба­рысы да қаралған еді. Бұл туралы баян­даған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, мектепте білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру басталды. Аталған жұмыс «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен білім және ғылым бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатыр.
Отырыста инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Ақтөбе агло­ме­рациясын аумақтық дамытудың өңір­аралық схемасының жобасын таныс­тырды. Министрдің айтуынша, жобада ау­мақтың ресурстық, минералдық шикі­зат және өндірістік әлеуетін ескерумен агломерацияның өндіргіш күштерін перспективалы дамыту ұсынылған.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру