Валюта бағамы: $ 364.95 416.99 5.55 ¥ 52.58

Ізгілігі мол нұрлы мереке

«Алғыс айту күні» құтты болсын!

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы «Кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына сәйкес 1 наурыз – «Алғыс айту күні» болып белгіленген еді. Бұл мерекені тойлау содан бері игі дәстүрімізге айналды.

2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөй­лей отырып, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Назарбаев халықтардың тү­гелдей жер аударылғанын еске түсірді. Онда Елбасы: «Сталин режимінде әр жылдары, өз­деріңіз білетіндей, ха­лықтар түгелдей жер ауда­рылды. Оларды вагондардан ауыл­дарға тастап кете берді, еш дүниесі де болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, алыстан жер ауып келгендерді саман үйлеріне қабылдаған қазақ, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді» – дегенді айтып, қонақжай, мейрімді қазақ от­ба­сыларының оларды құшақ жая қарсы алғанын еске алған еді. Одан әрі Президент саманнан жасалған екі бөлмелі там үйде тұрған өз отбасының үш баласы бар жанұяны қабылдап алғанын, оларды әрқашан көз алдына жиі елестете беретінін және де ба­лалардың үнемі қорқатынын, өздері аш, киімдері жыртық, тозып кеткендігін айтып, сон­дай бір отбасының өз үй­лерінде өмір сүріп, жұмыс іс­тегенін, балаларымен де дос бол­ғандығын айтқан-ды. Осы­ған орай Қазақстан Пре­зи­ден­тінің «Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының құрылған кү­нін­де – 1 наурызда, басқа уа­­қытты қойса да болады – бар­лық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяу­шылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді», – деген сөзі жадымызда қалыпты.
Алғыс айту күнін мереке­леудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды ай­қын бейнелейді. Бұл күн, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бей­­бітшілік пен келісім саяса­тының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қа­зақ­­стан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос­тардың мил­лиондаған өкіл­дері­нің құт­ты қонысына ай­нал­ған қа­сиетті қазақ жері мен қонақ­жай қазақ халқына терең тағ­зым­ның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауырт­палықты қайыспай бірге кө­тере білді, бұл бүгінгі таңда елі­міздегі түрлі ұлт өкілдерінің ара­сын­дағы адамгершілік қа­рым-қа­ты­настың өнегелі өл­ше­міне ай­налды.
Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақ­станды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азамат­тарының бір-біріне құрмет біл­діретін күн.
Президент Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы ассам­блеясы құрылған күн – 1 нау­рызды жыл сайын Барлық эт­нос­тар­дың бір-біріне мейір­бандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақ­тарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақ­стандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жар­қын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігі­міздің, мәдени саналуандығы­мыз­­дың жарқын күні, себебі Елбасы 100-ден аса этностың әр­­қайсысы өзі­нің қайталанбас өр­негін са­луының нәти­жесінде біздің Бір­тұтас ұлтымыз бірегей ар­тық­шы­лық­тар иесіне ай­нал­ғанын атап өткен еді.
Бұл күн Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық па­триоттық идеясының, қазақ­стан­дық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топ­тастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.
Сондықтан да біздер мұны өзімізге зор мақтаныш тұтуымыз керек.
Елбасымыз «Болашақ – бір­лік­те» деген сөзді де бекер айт­паған. Ағайын, бір-бірімізге мейі­рімді, қайырымды болайық. Кө­ңіл ризашылығын білдіріп, өмір қуанышын бірге тойлай берейік.
Жылы сөз, ыстық пейілге не жетсін, шіркін! Алғыс айту күні бәріңізге құтты болсын!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру