Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Жетістік – айқын, жоспар – ауқымды

Еліміздің негізгі мұнайлы өңірі – Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев дәстүрлі халыққа есеп беру жиынын өткізді. Өткен жылдың нәтижелерін жариялай келе, әкім қалың жұртқа аймақтың биылғы дамуына арналған жоспарларды да жеткізді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Төртінші өнеркәсіптік рево­лю­ция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ел да­муының басым бағыттары мен негізгі жолдары айқындалды. Ендігі міндет – елдік құжаттағы он басым бағытты терең түсініп, бірлесе әрекет етумен нақты істерді атқару, – деді Нұрлан Ноғаев.
Еліміздің донорлы аймағы саналатын Атырау облысы өңірлік өнім көлемі бойынша республикада тұрақты түрде бірінші орында тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылы 5,7 трлн теңгені құрады. Негізгі капиталға са­лынған инвестиция көлемі 2 трлн 456 млрд теңгеге жетті. Ұлттық қорды есептегенде мемлекеттік бюджетке 2 трлн 192 млрд теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түскен. Кәсіпкерлікті қолдау және индустриалдық жобаларды жүзеге асыру бойынша да өңір қомақты қар­жыны игеруде. Өткен жылы кәсіп­керлікті қолдау картасы аясында 5 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асырылып, 344 жұмыс орны құрылған. Ал биыл 19,5 млрд теңге сомасына 4 жобаны іске асырып, 254 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Жыл басындағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5,3 процентке артып, 42 897 бірлікті құрады. Шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі өткен жылдың 9 айында 1 трлн 400 млрд теңгені құрады, бұл 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 44,7 процентке көп. Жалпы, соңғы 5 жылда ауыл кәсіпкерлерін микрокредиттеу үшін 1 млрд 157 млн теңге бөлініп, бұл елді мекендерде бизнестің 242 нысанын құрып, 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Өңірде ауыл шаруашылығы жалпы өнімі 62,7 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар мал басы­ның өсімі байқалып, қазіргі күні ірі қара саны 157,2 мыңға жетті. 417 ауылшаруашылық тауарын өн­дірушілер көкөніс-бақша өнім­дерін, басқа да дақылдарды өсіру үшін 8,5 мың гектар жерді пайдаланып, 133 мың тонна өнім алған. Бұдан бөлек, аумағы 14 гектар болатын 43 жылыжай тұрғындарды маусым аралық кезеңде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде.
Бүгінгі таңда өңір ерекшелік­те­ріне сай балық шаруашылығы саласын дамыту үшін тың шаралар жүзеге асуда. Өзендердегі балықтың сирей бастауының белгілі себептері де бар. Бұл Орал және Қиғаш өзендерінде су түбін тереңдету жұмыстарын жүр­гізумен байланысты болып отыр. Осыған орай Үкіметтің қолдауымен өзен түбін тазарту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құ­жат­тама әзірленіп, республикалық бюд­жеттен 1 млрд 500 млн теңге бөлінді.
Облыс басшысы аймақтағы энер­ге­тика және коммуналдық шаруа­шылық салаларына да жан-жақты тоқталып өтті. Мысалы, бұрындары қиындық туындатқан Нұрсая, Самал ықшамаудандарындағы әлеуметтік ны­сандар мен өнеркәсіптік кәсіп­орындар қауіпсіз режимге көші­ріліп, тұрақты электр жүйесімен қам­­тамасыз етілуде. Электрлендіру жұ­мыстары қазірде Махамбет-2, Алматы ауылдарында аяқталып, тап­сы­рылған. Сондай-ақ Ганюшкино елді мекенінен ұзындығы 205 шақы­рымды құрайтын «Ганюшкино-Асан» әуе желісін жүргізу, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты 11 елдімекендегі ескірген электр желісін ауыстыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзір­лену үстінде.
Халықтың басты мәселесі – баспана жайына келсек, өткен жылы жалпы көлемі 624, 1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылға қарағанда 11,7 процентке артық. Атыраудағы ескі үйлердің орнына алматылық екі құрылыс ком­паниясы тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін облыстық әкімдікпен келісімшарт жасасқан. Жалпы облыс орталығында ғана емес, аймақтың жеті ауданында тұрғызылып жатқан көпқабатты үйлер жергілікті тұрғын­дардың тұрмыстық жағдайын жақсар­тып, аудан орталықтарының шаһар­дағыдай сәулетті келбетке ие болуына әсер ететіні сөзсіз. Ал көлік инфрақұрылымын дамытуға 41,6 млрд теңге бөлініп, жөнделген авто­жолдардың ұзақтығы 371,6 шақы­рымды құрады.
Өңірде халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін газбен қамту жұмыстары да қарқынды жүруде. Қазір Құрманғазы ауданы Азғыр аймағындағы 10 елді мекенде ұзындығы 365 шақырым магистральді және ауыларалық газқұбыры құры­лысы жүріп жатыр. Бүгінде оның 53 шақырымы салынды. Сонымен қатар осы елді мекендерде ұзындығы 67,6 км ауыл ішіндегі газқұбыры желісінің құрылысын бастау жоспарланды. Құ­рылыс 2019 аяқталады. Қазір ай­мақ­тағы тағы 13 шағын елді мекенді газбен қамтудың жобалау-сметалық құ­жаттамасы дайындалуда. Құрылыс-монтаждау жұ­мыстары жобалар дайындалып біт­кен соң биыл басталуы тиіс. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін Атырау облысы халқының 99,7% пайызы газбен қамтамасыз етіледі.
Соңғы жылдары аймақта өзекті болып отырған халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін таба бастады. «Ауыз су», «Ақбұлақ» бағдарламалары аясын­да тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайызға жетті.
Халыққа есеп беру жиынында облыс әкімі Н.Ноғаев экономикалық- әлеуметтік саламен қоса, рухани жаңғыру, мәдени бағыттағы жұмыстар жайын да әңгімеледі. Осы орайда аймақтағы Сарайшық музейінде қазіргі заманғы сапар орталығы салынатыны, Махамбет ауданындағы Сарайшық селосындағы мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтық сапар орталығының құрылысы басталатыны айтылды. Жобаға сәйкес бұл орталық туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасалған толық кешен болады. Визит орталық өзге елден келуші туристер және ішкі туризмнің дамуына септігін тигізіп, қасиетті Са­райшық қалашығына адамдардың назарын аударады. Биылғы жоспарда сондай-ақ Исатай-Махамбет алаңын қайта жаңғырту жұмысы бар. Ал Жангелдин-Құлманов көшелерінің қиы­лысында орналасатын биіктігі 91 метр тутұғыр облыс орталығының кез келген нүктесінен анық көрінетін болады. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес белгіленген аумаққа екі көлемді сәулет композициясы, үлкен және кіші субұрқақтар, бассейн, орындықтары бар перголалар орнатылады. Алаңның басты әшекейі көбікті субұрқақ қондырылған бассейні бар мәрмәр домбыра түріндегі сәулет композициясы болады деп жоспарланып отыр. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Атырау қала­сы­ның басты алаңы жарықтана, жасылдана түседі. Гүлзарлар, жасыл желектер мен көгалдар қала ажарын ай­шық­тайтын болады.
Осындай өрісті істер жағалауды абаттандыруға жалғасып, Каспий төңірегі қала тұрғындарының серуендеп, демалатын толыққанды ор­ны­на айналмақ. Келешекте теңіз жағалауында курорттық аймақ бой көтеріп, 500 орындық оқу-са­уық­тыру лагері орналасады. Аумақта қызметкерлер жатақханасы, әкімші­лік ғимарат, медициналық бөлімше, балалар орталығы, кинозал, жат­тығу залы, кітапхана мен балалар шығар­ма­шылығына арналған бір­неше үйірмелер орын тебеді. Лагерь құрылысы Атырау облысы халқына Каспий теңізінің жағалауына өр­кениетті түрде шығуға жол ашады. Лагерь құрылысы жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнес субъектілерін көбейтуге, сыртқы және ішкі ту­ризмді дамытуға жол ашады. Яғни, Елбасы тапсырмаларында ай­қын­далғандай мультипликативтік нә­тиже береді.
Еліміздің мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, энергетика вице-министрі Б.Ақшолақов, өзге де министрліктер өкілдері, зиялы қауым қатысқан өңірлік жиында тұрғындар өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салып, оларды шешуге өтініш білдірді. Нұрлан Асқарұлы барлық сауалдар зерделеніп, нақты жауап берілетінін, сондай-ақ күрделі мәселелер бойынша сауал иелерін өзі жеке қабылдайтынын айтты.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру