Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

«Астана» халықаралық қаржы орталығы: Артқан үміт, күткен нәтиже орасан

Биылғы жылғы еліміз өміріндегі айтулы оқиғаның бірі – «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастағандығы болды. Болашақ алпауыт қаржы қаласы Астанада орын тепкен орталық 1 қаңтардан ресми түрде іске кірісіп, әлем инвесторлары үшін есігін айқара ашты.

Еліміз дамуының жаңа сатысы – бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» ұлт жоспары­ның «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты бағы­тында Мемлекет басшысы «Астана ЭКСПО – 2017» инфра­­құ­ры­­лым­дары негізінде ар­найы мәр­тебесі бар «Астана» ха­лық­ара­лық қаржы орталығын құру міндетін алға қойған еді. Осы орайда Ұлт жоспарының 70, 71, 72-і қадамдарын іске асыру мақсатында «Астана» халық­аралық қаржы орталығы туралы» ҚР заңы қабылданды. Осылайша, ерекше мәртебеге ие халықаралық құқықтық қаржы орталығы өмірге жолдама алып, биылғы бірінші қаңтардан оның органдары ресми түрде іске кірісті.
Өз қызметі аясында Орталық Азия, Кавказ республикалары, Еуразиялық экономикалық одақ, Таяу Шығыс елдері, Батыс Қытай аумағы, Моңғолия мен Еуропа секілді орасан аумақты қамтитын «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының (АХҚО) басты мақ­саты – инвестициялық ахуалды оңтайландырып, елімізге шетелдік қаржы құралдарын тарту, Қазақстанда ғана емес, тұтас өңірде активтер мен капиталдарды басқару нарығын дамытуға ықпал ету. Осынау биік мақсат жолында қазіргі күні АХҚО жанынан құрылған Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет, АХҚО-ның тәуелсіз соты, Халықаралық төрелік орталығы, АХҚО биржасы және Expat Centre өз жұмысын бастады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағын­да Орталықты басқару жө­ніндегі кеңес – Қазақ­стан Рес­публикасының Президенті бас­­­қара­тын алқалы орган тұрақты жұ­мыс істейтін болады. Орталық – мемлекеттік және басқа да органдардан толық тәуелсіз. Яғни Орталықтың аумағында және оның қатысушыларына тек «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы» туралы заңның және оның органдары актілерінің норма­лары ғана қолданылады. Орта­лық органдарының актілері Англия және Уэльс құқығының қағидат­тары мен нормаларына және әлемнің жетекші қаржы орталықтары өлшемдеріне, оның ішінде бірінші кезекте Дубай халық­аралық қаржы орталығының нор­мативтік құжаттарына негіз­деледі.
АХҚО-ның «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрме кешені аумағында, яғни астананың жаңа ауданынан орын тебуі – халықаралық қаржылық хабқа айналу мақсатында құрылып отырған орталық үшін маңызды ерекшелік.

Басты міндетінің бірі – жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілік бол­ған­дықтан «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру барысында әлемдік озық тәжірибелер еске­ріле отырып, оған қатысушылар қызметі үшін қолайлы әрі тартымды жағдайларды қамтамасыз ететін шаралар қарастырылуда. Осыған байланысты орталықтың нақты бел­гіленген шекарасы шегінде ерекше құқықтық режім жұмыс істейді. Ір­гелі қаржылық құрылым аумағында сот төрелігін еліміздің сот жүйесінен оқшауланған, ағылшындық құқық не­гізінде 1 қаңтардан жұмысын бас­та­ған АХҚО тәуелсіз соты жүзеге асы­рады. «Астана» халықаралық қар­жы орталығы әкімшілігі» АҚ заң департаментінің директоры Нұржан Құспаевтың айтуынша, дүниежүзінде негізгі келісім-шарттар ағылшын заңына негізделгендіктен, инвесторлар­мен жұмыс істеу жеңіл болады. Ол инвесторларға қандай қауіп-қатер барын алдын-ала болжайды. Қандай да бір мәселе мен даулы жағдай туындап жатса, салдарын анықтап, шешу жолдарын көрсетеді. Сондықтан шетелдіктер үшін де түсі­нікті инфрақұрылымда жұмыс істеу қолайлы.
Қазіргі таңда дүниежүзінде екі негізгі құқықтық жүйе бар. Оның бірі – конституция мен заңдардың бап­та­рына сүйенетін роман-герман­дық, екіншісі – ағылшын-саксон­дық құқықтық жүйе. «Астана» халықара­лық қаржы орталығының ағылшын-саксондық жүйені таңдауы бекер емес. Табиғаты қазақтың билер сотына келетін ағылшын құқық қағидатының артықшылығы көп. Инвесторлардың қаржысын негізінен аталған жүйемен жұмыс істейтін қаржы институттарына сеніп құятыны сондықтан болса керек. Ағылшын заңы барлық халықаралық қаржы орталықтарында, Дубай, Гонконг, Лондон, Нью-Йорк­те қолданылады.
АХҚО сотының төрағасы қызме­тіне Ұлыбританияда ғана емес, барша әлемге танымал, беделді заңгер, Англия, Уэльс, Катар, Гонконг сот жүйелері бойынша үлкен тәжірибе жи­нақтаған лорд Гарри Кеннет Вульф тағайындалды. Сондай-ақ сот құра­мында әлемге танымал 9 судья бар. Солардың бірі, қаржылық құқық­ты жан-жақты меңгерген жоғары санатты заң кеңесшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт осыдан бір жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, Орталықтың сот жүйесінің базасын жасақтады.
«Астана» халықаралық қаржы орта­лығының ресми тілі – ағылшын тілі және бұл ТМД елдері арасында ағыл­шындық құқық қағидатымен жұ­мыс істейтін тұңғыш қаржы институты болып отыр.
Қаржы орталығының басым бағыт­тарының бірі – жекешелендіру арқы­лы қаржы тарту. Осыған орай, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Самұрық-Қазына» қоры арасында арнайы келісімге қол қойылды. Аталған құжатқа сәйкес, қор құрамындағы компаниялар IPO-ға шығарылады. Бұл жұмыс қаржы орталығының негі­зінде атқарылады. Биржаға «Эйр Астана» мен «Қазатомөнеркәсіп» компаниялары бірінші болып шығады. АХҚО басшылығы Шанхай қор биржасымен және Nasdaq Inc. компаниясымен қаржы орталығын одан әрі қалыптастыру және дамыту мақсатында келісімдер жасады. Оған сәйкес, Nasdaq пен Шанxай биржалары «Астана» қаржы орталығының стратегиялық әріптестері болады. «Осылайша, биржа, қаржы қызмет­терін реттеуші, арбитраж орталығы мен қаржы соты «Астана» орталығының басты органдары болады. Орталық нақты алты бағытқа басымдық береді. Олар – капитал нарықтарын дамыту, мемлекеттік активтерді басқару, жаңа қаржы теxнологияларын дамыту, же­ке адамдардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру мен цифрландыруды дамыту», – деп атап көрсетті Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.
«Астана» қаржы орталығының бә­секеге қабілеттілігін арттыру мақса­тында инвестициялық компаниялар үшін ерекше тартымды жағдайлар жа­сал­ған. Атап айтқанда, салықтық, валю­талық, визалық, сондай-ақ шет­елдік жұмыс күшін тартудың оңтайлы режімі қарастырылған. Орталық ор­гандарының, қатысушыла­ры­­ның жә­не олардың шетелдік жұмыс­кер­лері­нің қатысуымен туындайтын дау­лар­ды қарау мен шешу халықаралық төрелік орталығының құзыреті болып табылады.
Таяуда АХҚО Seedstars және MOST бизнес-инкубаторымен бір­ле­сіп, Fintech Stars халықара­лық ак­се­лера­циялық бағдарламасын іске қос­қандығын хабарлады қаржы орта­лы­ғының баспасөз қызметі. Иннова­ция­лық шешімдерді жинақтау және әлемдік финтех компанияларының өзара әрекеттесуіне арналған платформа жасау мақсатын көздейтін бұл бағдарламаға әлемдегі ең үздік он стартап-команда қатысатын болады. «Стартап жобалармен жұмыс істеуде зор тәжірибеге ие SeedStars секілді әлемдегі үздік компаниямен бірлесіп, елімізде акселерациялық бағдар­ла­ма­ны іске қосу бізге қаржылық тех­но­логиялардың экожүйесін дамыту бағытында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі», – дейді «АХҚО әкімшілігі» АҚ цифрлық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева.
Бағдарлама аясында 10 стартап-жобаны қаржыландыруға жол ашылады, ал кәсіпкерлер өз саласындағы ең үздік сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Олар бизнес-үдерісті қалай дұрыс жүзеге асыру және бәсекелік нарықта қалай жұмыс істеу керектігін үйренеді. Бағдарламаның білім беру бөлігі тиімді әрі сәтті стартаптарды дамытудың басты кілті болып саналады.
Сәуірдің 23-інде іске қосылатын бағдарлама 4 шілдеде аяқталады. Seedstars компаниясының өкілі Игорь Овчаренко атап өткендей, бағдарлама аяқталғаннан кейін стартаптар табыс­ты болуы, жедел дамуы мен өсуіне байланысты Seedstars Investor Club-тан, MOST бизнес-жебеушілер қа­уым­­дастығы мен серіктестерден 350 мың АҚШ доллары мөлшерінде ин­вестицияларға ие бола алады.
Қаржылық қызметтер көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші ор­талық қалыптастыру мақсатында құ­рылған АХҚО-ның басты міндеті – қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвести­циялар тартуға жәрдемдесу, еліміздің бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамыту. Осы орайда өрелі мақсат жо­лындағы тағы бір маңызды шара қаңтардың соңғы аптасында Давоста өткен дәстүрлі Дүниежүзілік эконо­микалық форум аясында әлемдік қо­ғамдастыққа «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері таныстырылуы болды. АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының делегациясы форум аясында АХҚО Тhomson Reuters халықаралық агент­ті­гімен бірлесіп, «Those who dare win: exploring new frontiers» («Жеңіс­ке жетуден қорықпау: жаңа белес­терді бағындыру») атты тақырып­та панельдік жиын өткізді. Жиын­ның ашылуында сессияның қатысу­шылары мен қонақтары үшін арнайы жазылған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейне­жол­дауы тыңдалды. Елбасы өз сө­зін­де тәуелсіздік жылдарындағы Қа­­зақ­станның экономикалық дамуы­ның негізгі кезеңдерін атап өтіп, әлеуетті инвесторларды Астанада шіл­де айында өтетін АХҚО-ның ха­­лық­аралық тұсаукесер рәсіміне ша­қырды. Жаһандық бизнес алпауыттары, же­текші инвесторлар қа­тысқан дамушы нарықтардың инвес­тициялық тар­тымдылығын тал­қы­лауға арналған жиын барысында халықаралық бизнес ортаның өкіл­деріне АХҚО-ның мүмкіндіктері ке­ңінен таныстырылды. Форум мін­бе­­рінен сөз алған АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов бизнес өкіл­дерін дамушы нарықтарға баса назар аударуға, жаңа мүмкіндіктерді зерт­теуге және жұмыс жасап жатқан қаржылық жүйелерге жаңа серпін беруге көмектесуге шақырды. «Өз кезе­гінде, АХҚО ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады және бүкіл Еуразия кеңістігіндегі жол­бас­шы бола алады», – деп атап өтті.
Форум аясында АХҚО өкілдері қаржылық технологияларға арналған Caspian Week секциясына қатысты, қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан және әлеуетті серіктестермен бірқатар іскерлік кездесулер өткізді. Давоста «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Waves блокчейн-платформасы ынтымақтастық және стра­те­гиялық серіктестік туралы мемо­рандумға қол қойды. Серіктестік мақ­саты – жаңа блокчейн-платформаны қолдана отырып, қаржылық техно­логияларға арналған озық экожүйені қалыптастыру, деп хабарлады АХҚО баспасөз қызметі.
АХҚО-ның цифр­лық технологиялар жөніндегі директоры Әсел Жиенбаева атап өткендей, «Астана» халық­аралық қаржы ор­талығы Waves платформасымен жұ­мыс жасай отырып, қазақстан­дық стартаптарға өз жобаларын жаңа тех­но­логиялық деңгейде дамыту­ға мүмкіндік береді. Осылайша бұл бас­тама елімізде блокчейн-технология­лардың танымалдығын арттыруға үлес қоспақ. Саладағы жедел дамып отыр­ған көшбасшы компаниялармен серіктестік орнату АХҚО үшін блокчейн технологиясы элементтерін пайдаланып, қаржылық қызметтер индустриясы үшін жаңа, тың шешімдер әзірлеуде құзыреттілік пен кәсіби мамандар даярлауда зор басымдықтар береді.
Жоғарыда аталып өткен шаралар Үкімет пен Ұлттық банктің «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту жөніндегі ұзақмерзімді кезеңге арналған бірлескен іс-қи­мыл жоспары аясында атқарылып жатқан үлкен шаруаның бір парасы ғана. Бірлескен іс-қимыл жоспары шетелдік инвесторлар тарапынан сенімді артты­руға, халықаралық деңгейдегі қаржы операцияларына араласуға, еліміздің экономикасын одан әрі өркендетуге бағытталған. Оны жүзеге асыру барысында жыл сайынғы тікелей нәтиже 2025 жылға дейін көмірсутегін есеп­темегендегі жалпы ішкі өнімнің 1%-дық өсіміне жетеді (бұл Дубай халықаралық қаржы орталығы құрыл­ған­нан бергі алғаш­қы 10 жылдағы нәти­же­сіне жақын) немесе 2015-2025 жылдар кезеңінде ЖІӨ-нің жиынтық өсімінің шамамен $13,4 млрд көлеміндегі соманы құрайды. АХҚО-дан болатын қосымша әсерге қазақстандық капитал нарығына шет­елдік тікелей инвестициялардың ке­луі, экономика­лық тұрғыдан тиімді жаңа жобаларды іске асыру және еңбек өнімділігінің өсуі есебінен жалпы ішкі өнімнің жыл сайын орташа алғанда 1%-ға жылдам өсуі есебінен қол жеткізіледі. ЖІӨ-ге тікелей және жанама әсер етуді, сондай-ақ Орта­лықтың өңірлік өктемдігін ескере отырып, оның қызметі нәтижесіндегі қорытынды жиынтық әсер 2015-2025 жылдар аралығындағы кезеңде шамамен 40 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін.
Иә, «Астана» халықаралық қаржы орталығына артқан үміт, күткен нә­тиже орасан. Ол алып Еуразия құр­лы­ғында, оның ішінде ЕАЭО мүше мемлекеттердің, Орталық Азия мен Иран, Қытай елдерінің қаржы хабына айналуы тиіс. Орталықтың даму стратегиясын кезең-кезеңімен жүйелі жүзеге асыру болашақта Астананың әлемдегі 20 үздік қаржы орталығы қатарынан көрінуіне жол ашады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру