Валюта бағамы: $ 360.71 411.53 5.38 ¥ 52.62

Самұрық-Қазына: Жаңа өсімді қалыптастыру жолында

Әлемде өзіндік орнын тапқан көрнекті елдердің қатарына қосылу мақсатына өнімділікті арттыру, экономикаға инвестициялар көлемін ұлғайту міндеттерін лайықты жүзеге асыру арқылы қол жетері хақ. Соған сай өсімнің, индустриалды-инновациялық дамудың негізгі қозғалтқышы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына экономиканы жандандырып, бәсекеге қабілеттілікті көтеру бағытында түбегейлі өзгерістер қажет болды.

Ел Президенті басымдық беріп отырғандай, ұлттық ауқымдағы стра­тегиялық міндеттерді жүзеге асыру тиімділігі жоғары табысты жобалармен, өнімділікпен тікелей байланысты.

Бұл тұрғыда негізгі күш-жігер ұлттың әл-ауқатын көтеруге қызмет ететін тұғырлы компаниялардың құнын арттыруға арналуы керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың жуырдағы АҚШ-қа сапары аясында «Самұрық-Қазынаға» қарасты қоржындық компания­лардың америкалық ірі компаниялармен жасаған стратегиялық келі­сім­дері тың әрі озық әріптестікке бетбұрыс ретінде көрініс берді. Осы іссапардың аясында «Самұрық-Қа­зына» АҚ Компаниялар тобының өкілдері 7 құжатқа қол қойып, зәкірлі келісімдер өнеркәсіптік интернет және өнеркәсіптік деректер талдау, технологияларды «Predix» негізінде қолдану, Airbus NEO үлгісіндегі әуе кемелерінің қозғалтқыштарына тех­ни­калық қызмет көрсету, маневр­лік тепловоздарды сатып алу, катализаторларды шығаратын бірлескен кәсіпорын құру, магистральді жолаушылар тепловоздарына сервистік қызмет көрсету, жүктер тасымалын ұйымдастыру бойынша көлік-логистика саласындағы қызметті дамыту секілді салмақты салаларды қам­тығаны тегін емес.
Өркениетті елдердегідей қызмет­тік міндеттемелерді реттей отырып, ортақ экономикалық өсімді қамтамасыз ету трансформациялау идеясын іске асыру арқылы мүм­кін болмақ. Осыны терең түсін­ген «Самұрық-Қазына» қоры құры­лымы берік, жүйеленген әрі нақты бөліктерге бөлінген бағдарлама компа­ния­ларды бәсекеге қабілетті ете түсетін жүйе екеніне нық сенім білдіруде. Бұл бағытта барлық ұйымдар мен коммерциялық компаниялар менеджерлердің сапасы, процестердің сапасы және технологиялар арқылы дамуға ден қояды. Бүкіл бизнес осы аталған үш бағытқа негізделеді. Ол бойынша жол картасы да жасалып, «Самұрық-Қазына» компаниялардың басшылығындағы 1600 қызметкерден халықаралық дәре­жедегі бәсекеге қабілеттілікті күтеді. Әлбетте, бұл үшін ірі компанияларда еңбек еткен мамандар шақырылып, жергілікті кадрлар кәсіби, корпоративтік тұрғыда тәрбиеленуде. Лауазымдар бойынша жұмыс жүргізіліп, олардың дәрежесіне тиісті талаптар қою да – жұмыстың маңызды бір қыры. Қазіргі таңда процестердің бір бөлігін оңтайландыруға және басқарудың сапалық үлгісін қалыптастыруға жол ашқан Қордың трансформация­сы аяқталды. Корпоративтік орта­лықтың қызметі қайта құрылып, бас­қарушы құрам қайта жасақталды. Енді алда еншілес компаниялардың жұмысын оңтайландыру міндеті тұр.
Ұзақмерзімді трансформация жобасы арқасында қордың қоржындық компанияларының бизнес қызметін сапалы түрде жақсартуға және оларды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берілді. Еншілес компаниялардың қыз­мет бағыттары клиенттің талаптарына сай болып, бәсекеге қабілеттілік бизнестің цифрландырылуы жағына белсенді түрде өзгере бастады. «Самұрық-Қазына» өкілдері алға тартып отырғандай, Қордың еншілес компанияларындағы корпоративтік мәдениеттің өзгеруіне баса назар аударылуы қажет. Адами фактор, сана-сезім, өзара мәдени қарым-қатынас қаржылық көрсеткіштерден анағұрлым жоғары тұрса, қаржылық нәтиже де тұрақты болады.
Қазіргі уақытта «Самұрық-Қа­зы­на» Компаниялар тобында трансформация бойынша корпоративтік және өндірістік процестерді жетіл­діруге бағытталған 130 жоба жүзеге асу үстінде. Жобалар мерзімі өз­герістер ауқымына байланысты болады. Ал соңғы уақытта аңғарыла бастаған трансформациялаудың экономика­лық тиімділігі шығындарды қысқарту және компания кірістілігін арттырудан түзеліп, нақты сандарда кө­рініс тауып жатыр. Мысалы, Қор құрылымы мен еншілес компанияларын трансформациялаудың нәти­жесінде 61 миллиард теңге үнем­делген. «Самұрық-Қазына» АҚ биз­несті трансформациялау бағдарла­ма­сының экономикалық әсері өткен жылдың қорытындысы бойынша мәлімделген жоспардан екі есе асады.
«Самұрық-Қазына» АҚ Компа­ния­лар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіретіні мәлім.
Трансформация бағдарламасы аясында бизнес-үдерістерді оңтайлан­дыруды, қызмет көрсету саласын жаңа технологиялар арқылы авто­мат­тандыруды және адами ресурсты сапалы өзгертуді қолға алған ком­паниялардың бірі – «Қазпошта». Заманауи тұрғыда жаңару үшін «Қаз­пошта» өз қызметіне озық технологияларды енгізді. Компания сәлем­демелерді беру үшін 130 почтоматты және 47 супермаркетті ашты, агенттік бизнесті іске қосты. Бүгінде «Қазпошта» бөлімшелері арқылы 1000-нан астам несие рәсімделген. Поштаның көлемі де қарқынды түрде артып келеді. Республика бойынша күніне 30 мыңнан астам сәлемдеме жеткізіледі. «Қазпошта» көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында қызметкерлерге ұқыпты өндірістің қағидаларын меңгертіп, сұрыптау барысын автоматтандырды. Оның есебінен сұрыптау орталығының өт­кізу қабілеті 30%-ке ұлғайтылды. Сұрып­тау кезіндегі қателіктер 99% жойылып, Қазақстан бойынша жет­кізудің орташа мерзімі 11-ден 6 күнге дейін қысқарды.
«Қазақстан темір жолына» келсек, ұлттық компания трансформация бағдарламасы аясында транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында коммер­циялық қызметтің тиімділігін, көр­сетілетін қызметтер мен процестер сапасын арттыру жұмысын қолға алды. Қазірдің өзінде айтарлықтай жағымды нәтижелер аз емес. 2016 жылы Дүниежүзілік банктің логистика тиімділігі бойынша индексінде Қазақстанның 11 орынға көтеріліп, ТМД елдерінен үздік нәтижеге же­туінің, яғни 160 мемлекеттің арасында 77-ші орынға ие болуының өзі көңіл қуантарлық жетістік. Соңғы жылдары транзиттен түскен кіріс көлемі компанияның жүк бағы­тын­дағы қызметінен түсетін кірістер құрылымында 30%-ке жетіп отыр. Әлемдік өндірушілер мен логис­тикалық компаниялардың транс­қазақ­стандық бағдарларға сенімі жыл санап артуда. Қытай – Еуропа – Қытай стратегиялық бағытындағы транзит 2015 жылы 47 мың контей­нерді құраса, 2016 жылы 105 мың, 2017 жылы 200 мың контейнерге жетті. Бұл 2011 жылдың көрсеткішімен салыс­тырғанда 200 есе көп.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ үлесі – 51% болатын «Транстелеком» компаниясы да бизнесті трансформациялаудың тағы бір табысты мысалы болып отыр. Ол магистральді желілері ең ұзын – 16 мың шақырымнан асатын байланыс операторы. Компания­ның магистральді желілері еліміз­дің 14 облысын қамтығандықтан, ол «Цифрлық Қазақстан» үкіметтік бағ­дар­­ламасын «Ауылға интернет» бойынша жүзеге асырады. «Транс­­­телеком» АҚ өзінің бизне­сін трансформациялау аясында биз­несті әр­тарап­тандыру және ИТ-қызмет­тердің бағытын дамыту шеші­мін қабылдады. Нәтижесінде транс­фор­мация барысында ИТ-шешімдер бойынша ұсынылатын кірістер 3,5 есеге, 21-ден 75 млрд теңгеге дейін артқан. Компания 15 жылдың ішінде тұңғыш рет өзінің акционерлеріне 1 млрд теңгеден артық дивиденд төлегенін атап өткен жөн. Бұрын компания негізгі кірісті құрылтайшы компаниядан алса, енді үшінші ұйымдардан түсетін кірістің үлесі 57%-ті құрап отыр. Бұл көрсеткіштер ИТ-компа­ния және бәсекеге қабілетті бизнес бағытындағы әртараптандыру табысты екендігін көрсетеді.
Қазіргі уақытта трансформациялаудан «Самұрық-Қазына» то­бы­ның: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ секілді басқа да көшбасшы компаниялары да өтіп жатыр. Сәйкесінше, компаниялардың барлық бизнес-процестері қайта қаралып, құры­лымдары оңтайландырылмақ. Сөй­тіп, ірі ұлттық компаниялар қызмет­тің кіршіксіз тиімділігін паш ететін жаһандық баламалармен бәсеке­лес­тік мақсатына бет алады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру