Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Жолдауды және жаңа жүйені түсіндірді

Жақында облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов Орал қалалық әкімдігінің үлкен залында облыс және қала активімен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.

Бұдан бұрын Саян Қылышұлы Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарында болып, еңбек ұжымдары­мен кездесті. Шыңғырлау ауданы­ның орта­лы­ғында «Нұр Отан» партия­сының қоғамдық қабылдауына түрлі сұрақ­тарымен келген тұрғындарды қабыл­дады. Сонымен қатар Орал қа­ласын­дағы «Smart Uralsk» тұр­ғын­дарға қызмет көрсету және қалалық әкімдіктің «Ашық әкім­дік» орталықтарының жұмыс­тары­мен танысты.
– Мемлекеттік басқарудың тиім­ді­лігі мен нәтижелілігін көтеру мәсе­лелері – өзекті әрі басым ба­ғыт­тардың бірі. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, басқару аппаратының тиімді жұмы­сы тұрғындардың өмір сапасын жақ­сартуға және деңгейін көтеруге, әлеу­меттік-экономикалық мәселелерді ше­­шуге қауқарлы. Бұл жерде мемле­кет­тік құрылымдардың жұмыс тиім­ді­лігін арттыратын ақ­параттық техно­ло­гиялардың әсері ай­тарлықтай. Орал қаласындағы «Smart Uralsk» тұр­ғын­дарға қызмет көр­сету және қалалық әкімдіктің «Ашық әкімдік» орталықтарының жұмыстары өте тиімді, халық пен билік арасындағы қарым-қатынастың ашықтығының көрі­нісі деуге болады. «Smart Uralsk» орта­лығында әдеттегі халыққа қыз­мет көрсету орталықтарындағы көрсе­тілетін мемлекеттік қызметтер­ден бас­қа құқық қорғау, көші-қон саласына және кәсіпкерлікті ашу, дамыту мәселелеріне қатысты қыз­мет­тер көрсетіледі. Мемлекеттік құрылым­дардың ақпараттық жүйелерінің кі­рі­гуі жекелеген мемлекеттік қыз­мет­терді кешенді түрде «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетуге көшке­нін көрдік, – деді Саян Ахметжанов.
Облыс және қала активімен кездесуде С.Ахметжанов Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан хал­қына Жолдауының негізгі басым­дық­тарын түсіндірді. Оның айтуынша, биыл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы алты қадамды және «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» 1-бағыты бойынша мемлекеттік қызметкерлерге еңбек ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Жаңа жүйе қанатқақты режімде екі өңірде – Астана қаласының әкім­дігі­нде және Маңғыстау облыстарында қолға алынған. Бұл жүйе фак­торлық-балдық жүйеге негіз­делген. Мемлекеттік қызметкер не­гізгі лауа­зымдық еңбекақысынан бө­лек бонустар алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни пайдалы еңбек етсе, жала­қысынан бөлек қосымша ақша алады. Сонда мемлекеттік қызметкердің өнімді еңбек еткені арнайы бекі­тілген шкала арқылы бағаланады. 2020 жылы еліміздегі барлық мемқыз­меткерлердің жалақысын көтеру жос­парланған.
Саян Ахметжанов жиынға қатысу­шы­лардың мемлекеттік қызметті же­тілдіру, мәртебесін көтеруге байланысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұ­рақтарына жауап берді.

Гүлбар Дыбысқали


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру