Валюта бағамы: $ 336.39 390.28 5.36 ¥ 52.42

Мемлекеттік аудит міндеттері

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУкафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты тарихи құжатын іске асыру жөніндегі жалпы­ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес бұдан бес жыл бұрын елімізде мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасы бекітілді. Жоғарыда аталған Тұжырымдаманы іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 93-қадамы шеңберінде Мем­­ле­кет басшысы Қазақстан Республикасының «Мем­лекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына 2015 жылғы 12 қарашада қол қойды.
Мемлекеттік аудиттің мақсаты экономиканы немесе оның жекелеген салаларын дамытудағы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор нысандарының қызметін бағалау, тексеру негізінде бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор нысандарының актив­терін басқарудың және пайдаланудың тиімді­лігін арттыру болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік қаржылық бақылау аудит объектілері жасаған заң бұзушылықтарды жоюға және ден қою шараларын қолдануға бағытталады. Заңда озық әлемдік тәжірибе ескерілді, сондай-ақ онда Лима декларациясы мен қаржылық бақылау органдары халықаралық стандарттарының талаптарын қолдану көзделген. Бірыңғай деректер базасын құру, аудит және бақылау актілерінің нәтижелерін өзара тану, өкілеттіктерінің аражігін ажырату, тәуекелдерді басқару жүйесінің бірыңғай тәсілдері мен қағидаттары тұтастай алғанда мемлекеттік аудит органдардың арасында қосарланып атқаруды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік аудит рәсімдерін қолданумен бірге мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есебі жетілдіріліп отыр. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қаржылық есептілік жасайтын кәсіп­­орындардың ақпарат беруіне, сондай-ақ оның заңнама талаптарына сәйкестігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі. Осы ақпаратты дәлелді себепсіз бермегені үшін 1259 жария мүдделі ұйым жауапқа тартылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске заңнама талаптарына сәйкес келмейтін модульдер бойынша емтихан өткізгені үшін бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау жөніндегі ұйымдардың жа­уап­кершілігі бөлігінде өзгерістер енгізілді. Есепке алу және аудит стандарттарын қолданудың түйінді мәселелерін анықтау, сондай-ақ заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында Дүниежүзілік экономикалық форумның сауалнамасына ұқсас ұлттық сауалнама әзірленіп, енгізілді. Сауалнама нәтижелері жыл сайын Қаржы министрлігі сайтында орналастырылады. Респонденттермен кері байланысу мүмкіндігі бар, заңнаманы жетілдіру жөнінде неғұрлым тиімді жұмыс беретін Қаржылық есептілік депозитарийі жүйесінде қосымша сауалнама жасалды. «Аудит пен есеп стандарттарының кемелдігі» әлеуетті рес­понденттерінің арасында түсіндіру жұмыстары, оның ішінде дөңгелек үстелдер, www.1ccc.kz мекенжайы бойынша бірінші әлеуметтік желіде онлайн-дәрістер жүргізілді, салық төлеушілерге арналған конференциялар өткізілді, Ұлттық кәсіпкерлік па­латасының ресми сайтында тиісті ақпараттық материалдар, есепке алу және аудит стандарттарын қолдану жөніндегі түсіндірмелер жарияланды. Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша корпоративтік есептілікті жақсарту жөнінде ұсынымдар алынды. Бағалау ЮНКТАД шеңберінде әзірленген және Бірікен Ұлттар Ұйымының есепке алу мен есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі сарапшылардың үкіметаралық жұмыс тобы қолдануға ұсынған әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Бағалау нәтижелері бойынша ЮНКТАД ұсыныстары көрсетіледі. Бағалау нәтижелері бойынша қалыптастырылған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру корпоративтік есептілік инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етеді, елдегі іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар Қазақстан 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге БҰҰ-ның есепке алу мен есептіліктің халықаралық стандарттары жөніндегі сарапшылардың жұмыс тобының құрамына сайланды. БҰҰ-ға ресми қатысушының мәртебесі Қазақстанға барлық сессиялар мен консалтингтік топтарға басым тәртіппен қа­тысуға, сондай-ақ ЮНКТАД-пен және бюджетте қаражат болған кезде қаржылық қолдаудың жекелеген жағдайларында Қазақстандағы корпоративтік есептіліктің инфра­құрылымын бағалау жөніндегі жоба бойынша виртуалды пікірталастар ұйымдас­тыруға құқық береді.
Мүдделі ұйымдар мен мекемелер бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызмет мәселелері бойынша кеңесшілік органмен, сондай-ақ кәсіби қоғам­дастықпен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы аудиторлық қызмет туралы келісім жобасын әзірлеу үстінде. Бұл ретте аудиторлық қызмет саласында ұлттық заңнаманы үйлестіру 2022 жылға дейінгі кезеңге жоспарланып отыр. Аудиторлық қызмет сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын талаптар жетілдірілді. Аудиторлық қызметке лицензия алу кезінде әкімшілік кедергілерді қысқарту үшін «Ау­диторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты оңтайландырылды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру