Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

«Кублей» еті Иранға кетті

Ақ Жайық өңіріндегі екінші кәсіпорын Иранға ет жөнелтуді қолға алған. Жақында Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС-да өндірілген 40 тонна қой етінің кезекті партиясы экспортқа шығарылды.

Ет өңдеуші кәсіпорында күніне 700 бас ұсақ малдың және 505 ірі қараның еті өңделеді. Онда күні бүгінге 200 тоннадан астам мұздатылған қой еті Иранға экспортталған. Жыл соңына дейін ирандық компанияларға ет экспорттау жөнінде келісім бар. Сондай-ақ Ираннан басқа Ресейге, Қытайға ет шығару әлеуетін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Өндіріс орнының қуаты жылына 10 мың тонна қой мен сиыр етін өндіруге жетеді. Аталмыш серіктестіктің техникалық директоры Рахим Нағметовтің айтуынша, сыртқа шығарылатын еттің сапасы халықаралық талаптарға сай болуы шарт.
Өңірде жыл санап мал басы өсіп келеді.Өткен жылы өңірден 1736 тонна ірі қара мал еті, 505 тонна қой еті экспортталды. Ет экспорттау жұмыстары биыл да қарқынды. Маманның айтуынша, елімізде мал етін экспорттаудан Ақ Жайық өңірі көш бастап тұр.
– Жыл басынан бері 347 тонна ірі қара малдың, 32 тонна қой еті экспортталды. Жалпы мал еті Ресейге, Арменияға, Белоруссияға, Иранға шығарылды. Биыл ірі қара мал етін 2420 тонна, қой етін 180 тонна экспорттау жоспарланды. Облыс тұрғындары жергілікті сиыр мен жылқы, қой етінің түрлерімен қамтамасыз етілген. Құс етінің негізгі бөлігі сырттан тасымалданады. Өткен жыл соңында «Жайық құс» ЖШС-де жылына 6 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын іске қосты. Бұл кәсіпорында 2017 жылдың қараша-желтоқсан айларында 200 тоннадан астам еті өндірілді. Осы құс фабрикасының іске қосылуына байланысты құс еті импортының көлемі азаяды деп күтілуде, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллин.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру