Валюта бағамы: $ 327.42 383.51 5.29 ¥ 51.26

Қош бол, Пхенчхан, армысың Пекин!

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласының Олимпиада стадионында ХХІІІ Қысқы олимпиаданың жабылу салтанаты өтті. Спорттық шараға 3000-ға жуық спортшы қатысып, жабылу салтанатында Олимпиада алауы сөндірілді. Жабылу рәсімінде марафондық сайыста, яғни 30 шақырымда топжарған әйелдерді және 50 шақырымда классикалық шаңғы сайысында жүлдегер атанған спортшылар марапатталды.

Пхенчханда Олимпиада туы төмен түсіріліп, қала мэрі Олимпия туын ХОК президентіне қайтарып берді. Өз кезегінде Томас Бах оны 2022 жылғы қысқы Олимпиада астанасы – Қытайдың Бейжің қаласының мэріне ұстатты. Ал соңы­нан халықаралық Олимпиада комитетінің пре­зиденті Томас Бах Пхенчхан қысқы Олимпия ойындары жабық деп жариялады. Сөйтіп тағы бір Олимпия ойындары тарих қойнауына енді.
Олимпиада ойындарының бейресми жалпыкомандалық есебінде бірін­ші орында 39 медаль (14 алтын, 14 күміс және 11 қола) жинап алған Норвегия құрамасы орналасты. Екінші орынды Германия еншіледі. Олардың қоржынында да 14 алтын бар. Алайда күміс жүлдесінің аз болуына байланыс­ты немістер екінші орынға жайғасты. Ал Канада (11 алтын, 8 күміс, 10 қола) құрамасы үшінші орыннан табылды. Сонымен қатар алғашқы ондыққа АҚШ, Нидерланды, Швейия, Оңтүстік Корея (алаң қожайындары), Швейцария, Франция, Австрия мемлекеттері ен­ді. Ал Қазақстан жалпыкомандалық есеп­те 28-орын алды. Құрама қоржы­нын­дағы жалғыз қола жүлдені фрис­тайлдың могул түрінен жарысқа қа­тысқан Юлия Галышева иеленді.
Қысқы Олимпиада аяқтала салысымен қазақстандық спортшылардың қайсысы мемлекеттік сыйақы алатыны белгілі болды. Бұл тізімге Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері, фристайлшы Юлия Галышева мен 6-орын алған шорт-тректен ерлер эстафета командасы ілінеді. Ю.Галышева мемлекеттен 75 мың доллар алады. Ал шорт-тректен ерлер эстафета командасына (Абзал Әжғалиев, Нұрберген Жұма­ғазиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамұха­нов) жалпы 20 мың доллар беріледі.
Бұдан бөлек, спортшылардың бап­керлері де сыйақы алады. Қорыта келгенде биыл Қазақстан олимпиадашыларға 185 мың доллар сыйақы береді.
Енді келесі Қысқы олимпиада 2022 жылы Қытай астанасы Пекинде өтеді. Естеріңізде болса, Пекин 2008 жылы XXIX Жазғы олимпиаданы өткізген болатын. Осылайша, 3000 жылдық тарихы бар бұл қала Жазғы және Қысқы олимпиаданы өткізген алғашқы қала атанды. Ең бастысы келесі олимпиадада спортшыларымыз сәтті өнер көрсетеді деп үміттенеміз.

Салтанат Қажыкен


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру