Валюта бағамы: $ 356.54 419.43 5.42 ¥ 51.86

Қар суына қарсы тұра аламыз ба?

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста су тасқыны кезеңіне дайындық жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар жиында «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі мәселелері қаралып, Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндама мақұлданды.

Көктем иісі сезіле бастағаннан елді мекендерде жылдағыдай су басу қаупі күшейеді. Биыл да еріген қар суы бірқатар өңірлердің 160 елді мекеніне қауіп төндіруде. Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында еліміздің ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлімдегендей, қауіп-қатерге қарсы нақты жұмыстар жүргізілгенімен, өңірлер көктемгі су тасқынына толықтай дайын деп айтуға келмейді. Мәселен, су қоймаларының барлығы бірдей тасқын суды қабылдауға дайын емес. Су кодексіне сәйкес су шаруашылығы ұйымдары судың зиянды әсерінен елді мекендерді, өнеркәсіптік нысандарды, ауыл шаруашылығы жерлерін қорғауды жоспарлап, ескерту шараларын жүргізуі тиіс. Министрдің дерегінше, Ақтөбе облысында гидротехникалық құрылғылар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген болса, Ақмола облысында алдын алу шаралары республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық құрылғыларда ғана жоспарланған. Ал коммуналдық меншіктегі 68 нысанға қатысты еш жоспар жоқ. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да орын алуда. Коммуналдық меншіктегі 17 гидротехникалық құрылғыны қорғау шаралары ұйымдастырылмаған. Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы Самарқанд пен Ынтымақ су қоймаларында жинақталған судың көлемі өткен жылғы көрсеткіштен асып түседі. Қар күрт еріп, су қарқынды келе бастаған жағдайда суды апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал бұл өзеннің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекенді су астында қалдыру қаупін тудырады. Сондай-ақ елді мекендерді даланың еріген қар суынан қорғауда да мәселелер бар.
Қазгидрометтің болжамды мәліметтері бойынша, жалпы елімізде қар көлемі нормадан төмен. Алайда, су тасқыны қаупі жердің көктемгі ылғалдану деңгейінің жоғары болуымен күрделеніп отыр. Қазіргі уақытта жер тоңының қалыңдығы 60 сантиметрден 1,5 метрге дейін жетеді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен біршама жоғары. Бірақ, қардың жиналуы да жалғасып жатыр.
Оның дерегінше, ең күрделі жағдай мұздың еріп, Сырдария өзені суының деңгейінің артуына байланысты Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында болуы ықимал. Оған қоса Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да су тасқынының орын алу қаупі бар.
Министрдің дерегінше, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 3,5 млн тонна текше метр қар шығарған. 8,5 мың тонна жанармай, 125 мың тонна қажетті материалдар бар. Әкімдіктер төтенше жағдайлар болған жағдайға 24,7 млрд теңге дайындап отыр.
Су тасқынына қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде энергетика министрі Қ.Бозымбаев, инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев, сондай-ақ облыстардың әкімдері баяндады.
Республикадағы жолдардың су тасқыны кезеңіне әзірлігі туралы баяндаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ведомстволық бағынысты ұйымдарда ағымдағы жылғы Су тасқыны кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарлары бекітілгенін және Су тасқынына қарсы комиссияның жұмысы ұйымдасты­рылғанын жеткізді.

Жалпы, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1 284 автожол көпірі, 14 686 су өткізу құбыры бар. «Қазіргі уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызмет ұйым­дастырылды және автомобиль жолдарына күзет қойылып, ұзақтығы 316 шақырымдық 476 қауіпті учаске, 942 құбыр және 101 көпір бақылауға алынды. Бекітілген жоспарға сәйкес, су тасқыны кезеңінде жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін құм, қиыршық тас, цемент, су өткізу құбырлары, ыдыс-қаптар, жанар-жағармай сынды құрылыс материалдары мен конструкциялар, өзге де техникалар дайындалды», деді министр. Іс-шараларды орындау кезінде өңірлердің ауа райы мен климаттық жағдайы, сондай-ақ өткен жылғы көктемдегі мұз еру және су тасқыны кезеңіндегі оқиғалар ескерілді.
Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазірде «Қазгидромет» қызметінің күшейтілгенін айтты. Өткен жылы әсіресе жергілікті атқарушы органдардың тарапынан «Қазгидромет» қызметіне сын өте көп болған еді. Содан кейін қосымша құрал-жабдық сатып алуға ақша бөлініпті. Сонымен бірге қазіргі уақытта «Қазгидромет» болжау жүйесіне өзгертулер енгізген. Мәселен, бұған дейін гидрологиялық болжам үш ай бұрын жасалып келген. Ал 1 наурыздан бастап синоптиктер 7 күн бұрын болжам жасап отыратын болады. «Оның дәлдігі 90 пайыздан асып түседі және әрбір үш күн сайын түзетіліп отырады. Яғни, барлық мемлекеттік органдар орын алатын климаттық және басқа да өзгерістер жайында ақпараттарды үлкен дәлдікпен алады. Сондықтан ақпарат толыққанды болады деп ойлаймын. Жалпы, «Қазгидрометті» жабдықтау 5 жылға арналған бағдарлама әрі оны жалғастыру қажет», деді ол.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өңір әкімдерін көктемгі су тасқыны қаупіне барынша жауап­кер­­шілікпен қарауға шақырып, су тасқыны кезеңіне уақытылы дайындықты қамтамасыз ету бойынша міндеттердің орындалуына қатысты нақты тапсырмалар берді. Бұл ретте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жол картасын жалпы үйлестіруді және іске асыруды, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке тасқын су мен еріген қар суын жинау және бөлістіру бойынша жоспардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырылды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының жаңа су қоймаларын салу бойынша тапсырмаларын орындау, сондай-ақ су тасқыны қаупін жою бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Бұдан өзге, Б.Сағынтаев су басу қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша облыс әкімдеріне жүктелген зор жауапкершілік туралы еске салды.
Жиында қозғалған келесі тақырып – «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов айтып берді. Оның айтуынша, елоданың 20-жылдығын мерекелеуге арналған «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми таныстыру 5 шілдеде өтеді.
Қазіргі уақытта барлық қажетті инфрақұрылым мен АХҚО органдары құрылған. АХҚО нормативтік-құқықтық және реттеуші базасында жалпы қолданудың 30 актісі, қаржы қызметтерін реттеу бойынша 17 акт жасалды және содан кейін АХҚО органдары қабылдады. Жалпы, АХҚО қызметінің заңнамалық базасы 50-ге жуық актіден тұрады. Қазіргі таңда АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті Қытай мемлекеттік даму банкін қоса алғанда 10 компанияны АХҚО қатысушысы ретінде тіркеді.
Қ.Келімбетовтің айтуынша, АХҚО әлеуетті инвесторлардың арасында белсенді қызығушылық тудырып отыр. Орталық тікелей, сондай-ақ шетелдік қоржындық инвестицияларды тарту үшін барлық қажетті шарттарды ұсынатын жағымды хұкіметі бар заманауи жоғары технологиялы инфрақұрылым ретінде қалыптасқан.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев АХҚО еліміз үшін өте маңызды жоба және оның негізгі мақсаттары инвестициялар тарту және инвестициялық қызметті ынталандыру үшін сәйкес жағдайлар жасау болып табылатынын атап өтіп, министрліктерге барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Сондай-ақ отырыста Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндама мақұлданды. Жобаны таныстырған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова құжат еліміздің мемлекеттік қызметінің даму кезеңдерін, жүйенің ағымдағы жағдайын талдауды, халықаралық сарапшыларды бағалауды, саланы әрі қарай жетілдіру жөніндегі мәселелерді қамтитынын атап өтті.
Премьер-министр Үкімет Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманы мақұлдайтынын атап өтіп, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне 1 наурызға дейін Премьер-министрдің Кеңсесіне есеп беруді тапсырды. Кейін ол Президент Әкімшілігіне жіберіледі.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру